18 Сәуір 2013, 05:08
Лев Николаевичтің этнологиялық ізденісі мұнымен шектелмейді. Ол 1959-1964 жылдар аралығында жазғы демалыс айларында археологиялық экспедиция ұйымдастырып, Еділ, Каспий, Қаратеңіз жағалауларынан Хазарияның (VІІІ-X ғғ.) сорабын іздейді. Нәтижесінде аса мол айғақ-деректер жинақтап, ол материалдарды археолог, географ, этнолог ретінде саралап, Шығыс Еуропа тарихын қайта зерделеуге мұрындық боларлық “Хазарияның ашылуы” (“Открытие Хазарии”) атты тамаша кітабын 1966 жылы жарыққа шығарады. Лев Николаевичтің бұл еңбегі этнос, табиғат, қоғамның әлеуметтік өмірі мен космос арасындағы байланыстардың нәтижесін одан әрі тереңдетуге, зерделеуге дес береді. Мұның өзі, түптеп келгенде этногенездің тұғыры болып табылатын пассионарлық идеясының дүниеге келуіне себепші болады.
Этногенез бен биосфера арасындағы біте қайнасқан заңдылықтарды одан әрі орнықтыра дәлелдеу үшін Лев Николаевич енді табиғи қоршаған ортаның этнос тағдырына әсер-ықпалын ашып көрсетуге бел буады. Жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін өзінің этнологиялық тұжырымдарына тұғыр етуге бекінеді. Сөйтіп, 1974 жылы география бойынша “Этногенез және Жердің биосферасы” деген тақырыпта екінші докторлық диссертациясын қорғайды.
ЖАК (ВАК) Лев Николаевичтің докторлық диссертациясын бекітпейді. Себебін “выше, чем докторская работа, а потому и не докторская” деп тұжырымдайды. Бұл еңбек арада 15 жыл өткенде (1989) жарық көрді.
Лев Николаевичтің ғылыми ізденістерінің шыңы болып табылатын “Этногенез және Жердің биосферасы” (“Этногенез и биосфера Земли”) атты еңбегінде халықтардың қалай жаралып, қалай сейілетініне, сондай-ақ оған табиғат пен космостың аса тегеурінді әсер-ықпалына бүкіләлемдік ауқымда тарихи шолу жасайды. Тарихи шолуын айғақ-дәлел ретінде көлденең тарта отырып, этнология туралы бұрынғы көзқарастардан түбегейлі айырмашылығы бар ой-тұжырымдар қорытады. Бұлардың бәрі автордың тарихи деректерге, нақтылы теорияларға, табиғат пен биосфера заңдылықтарына, географияға жүйріктігімен дәлелденіп, мейлінше оралымды тіл-стилімен оқырманын тәнті етеді.
Рас, тың теорияның қашанда жолы ауыр. Әсіресе, өзіне дейінгі орныққан тұжырымдармен беттесу қиынның қиыны. Ал Лев Николаевичтің ой-тұжырымдары сол кездегі социдеологияның сойылын соққан этнографтардың, қоғамтанушылардың, ұлт және ұлт-азаттық күрес теориясымен айналысатын марқасқалардың (корифейлердің) ой-тұжырымдарына мүлде кереғар болатын. Ол кезде партияның шамшыл идеологиясын ұстанғандар кез келген кереғарлықты қарсылық деп есептейтін. Дәл солай болды да. Кешікпей-ақ, Лев Николаевичке “антимарксист”, “географиялық детерменист”, “мистикалық биологист”, “буржуазиялық солипсист”, “бихевиорист”, “шолақ ойлы анархист”, “нәсілшіл” деп келетін сан-сапалақ айып тағылып, 1976-1989 жылдар аралығында жариялану құқынан айырылады. Абақтыда өткерген азапты 13 жылдан гөрі, азаттықта жүріп тілін тістегендей күй кешкен 13 жыл Лев Николаевич үшін ауырлау соғады. Тәннің тұтқындалуы емес, жанның тұтқындалуы ақыры әйгілі ғалымды алып тынады. Лев Николаевич Гумилев 1992 жылы 80 жасында дүние салды. Никольск қорымындағы Александр-Невский лаврасынан топырақ бұйырды.
Лев Николаевичтің соңында ұлан-ғайыр мұра қалды. Сол мол мұрадан алғаш рет қарпып алып жариялаған еңбектерінің өзі 15 том. Әрине, мәселе санда емес. Лев Николаевич еңбегіндегі тосын да тың ойлардың, мейлі, оң болар немесе теріс болар, әлі де талай ұрпаққа ден қойдырып, әлі де талай-талай ғылыми ізденістерге тұғыр болатыны хақ. Өйткені, Лев Николаевич Гумилев бар болмысын, барша ғұмырын ғылыми шындықты іздеуге арнаған жан. Басқасын былай қойғанда, оның ғажайып эрудициясы мен логикасы тарихқа іңкәр әркім үшін тамаша тағылым болатынына күмән жоқ.
Лев Николаевич еңбектерінде тың ойлар, тапқыр тұжырымдар, тосын идеялар аста-төк мол. Оның бәрін тәптіштеп қайталау мейлінше көп уақыт алар еді, бәлкім олай ету қажет те болмас. Сондықтан, әйгілі ғалымның еңбектеріндегі ең бір жоталы-жоталы деген идеялар мен ой-тұжырымдарға қысқаша тоқталып өткен жөн.
Ақселеу Сейдімбек, "Гумилев"