18 Сәуір 2013, 04:30
Қазір Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің серпінді дамып келе жатқан өңірлері қатарына кіреді және Қазақстанның экономикасында маңызды орын алады. Соңғы жылдар ішінде жалпы өңірлік өнім өсуде. 2006 жылы облыстық бюджеттің өзіндік кірісі 13,5 миллиард теңгеге дейін ұлғайды, 2005 жылмен салыстырғанда өсім 21,6 пайыз болды. Білім, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау, тұрғын үй және табиғат қорғау шаралары сияқты басым бағыттарға жұмсалған облысты дамыту бюджетінің көлемі бойынша 2006 жылдың қорытындысында өңіріміз республикада ең жоғары рейтингтік балл алды.
Облыста 2005-2006 жылдары барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық индикаторлардың тұрақты өсу үрдісінің жасалғанына, тұрақталғанына шын мәнінде мақтануға болады. Тұрғындардың өмір сүру деңгейі өсті, отбасына молшылық келе бастады. 2006 жылғы қаңтарда орташа айлық еңбекақы 19,1 мың теңге болса, ол жыл аяғында 28 мың теңгеге жетті. Облыста 13,5 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Осындай оң өзгерістердің нәтижесінде тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйлері көтеріле бастады.
Солтүстік Қазақстан еліміздегі ең ірі ішкі және сыртқы нарыққа бидай жөнелтуші болып табылады және республикамыздағы астықтың төрттен бірі біздін өңірде өсіріледі. Осы дақылдың өндірісі аймақтың экономикалық сипатын айқындайды, осында инвестицияның негізгі көлемінің келуін ынталандырады, көбіне көп бюджеттік жағдайға және елдің инфрақұрылымдық кешенінің дамуына ықпал етеді.
Соңғы үш жылда аграрлық сектордың машина-трактор паркін жаңарту мақсатында облыстағы аграршы компаниялар сомасы 31,1 миллиард теңге тұратын Батыстың осы заманғы 3830 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Облыста ТМД елдеріндегі алғашқы биоэтанол өндірісі жөніндегі кәсіпорын – осы заманғы биотехнологиялық орталық салынды. Әңгіме астық өндірісінен осы заманғы және әлемдік нарықта сұранысқа ие өнім шығаруға дейін кластерлік дамудың жарқын үлгісі болып табылатын "Биохим" кешені хақында өрбіп отыр.
Өткен кезең ішінде агроөнеркәсіп өндірісінің тұрақты өсімі байқалды. Мәжілістердің бірінде өңір басшысы Тайыр Мансұров қатысушыларды хабардар еткеніндей, облыста 2004 жылы үш миллион тоннадан астам, 2005 жылы төрт, ал 2006 жылы 5,2 миллион тонна астық жиналды. Соңғы кездері кейбір жергілікті шаруашылықтарда гектар берекелігі 23 центнерден асты. Ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру ауқымы кеңейіп келеді. 2006 жылы баламалы дақылдар жүз мың гектардан астам алқапқа себілді, оның 85 мың гектары - рентабельді және әлемдік нарықта әрқашан сұранысқа ие рапс. Бірнеше жылдан бері облыста өндірістің агроөнеркәсіп секторына ғылым жетістіктерін енгізу жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында шаруашылықтарды ірілендіру жөнінде жұмыстар жүргізілуде.