18 Сәуір 2013, 03:28
1928 жылы жергілікті гимнастшылар өнер көрсетті. Онда жеңіл атлетикадан бірінші рет әйелдер арасында жарыс өткізілді. Сол кезде спортты дамытуда Петропавл циркі маңызды рөл аткарды. Оның құрметті қонақтары ретінде әлемге әйгілі спортшылар Поддубный, Заикин және Қажымұқан жиі болды. "Спартак" стадионында 1928 жылдың жазында I Бүкілқазақстандық спартакиада өтті. Оған республиканың 450 таңдаулы спортшылары қатысты. Жарыстың бағдарламасына жеңіл атлетика, футбол, баскетбол, городки, қазақша күрес енді. Көптеген спорттық сайыстарда қала өкілдері жүлделі орындарды еншіледі.
Отызыншы жылдардың басында ГТО кешенінің енгізілуі Солтүстік Қазақстанда спорттың дамуына жаңа қозғау туғызды. Спортшылардың қатары айтарлықтай көбейіп, әсіресе ауылдардағы спорттық ұжымдардың санын арттырды. Ұлы Отан соғысы қарсаңында әскери-қолданбалы спорт түрлері басымдықпен дамыды. Спорт қоғамдары ГТО, ПВХО, оқ ату бағдарламалары бойынша жұмысты күшейтті. Әскерилендірілген жорықтар, кросс, жүзу жарыстарын өткізу жиіленді. Жастар Отанды қорғауға дайындалды.
Соғыстан кейінгі жылдары дене тәрбиесі ұйымдарының қызметі бейбіт өмірдің талаптарына сәйкес қайта құрылды. Дене тәрбиесі мекемелерінің, қоғамдар мен клубтардың саны артты оларға қатысушылардың қатары өсті. Әсіресе, 70-80 жылдары спорт ғимараттарының құрылысы қарқынды жүргізілді. Осы кезеңде облыс орталығында қазіргі заманғы стадиондар, спорт залдары, жүзу бассейні, спорт сарайлары, қала сыртындағы спорт базалары салынды, спорт мектептері ашылды. Аудан орталықтарында спорт ареналары пайда болды, ал барлық орта мектептерде дерлік футбол алаңы ұйымдастырылды. Білікті педагог-жаттықтырушылар даярлайтын педагогика институтында спорт бөлімі құрылды. Олимпиадалық резерв мектебінің есігі айқара ашылды. Мұның бәрі облыс спортшыларының арасынан жаңа чемпиондар мен жүлдегерлердің шығуына, дене тәрбиесі қозғалысын одан әрі дамытуға мүмкіндік берді.
Елде экономиканың құлдырауы, әсіресе нарықтық қатынастың қалыптасу кезеңі облыста спорттың дамуына да кері әсер етті. Қаржыландырылмаудың салдарынан көптеген спорт ғимараттары жабылды, басқалары өздерінің қызмет аясын айтарлықтай қысқартты. Тек 90-шы жылдары Республиканың мемлекеттік егемендік алуы және экономикалық реформаны батыл жүзеге асыру спорттық нысандарды қайта жандандыра бастады. Бірақ бұл үлкен жұмыстың басы ғана еді — облыс спорт ұйымдарының қызметіндегі жан-жақты көзге еленер айтулы өзгерістер өз бастауын 2004-2005 жылдардан алады.