17 Сәуір 2013, 04:46
Соңғы 7 жылда Солтүстік Қазақстан облысынан «Болашақ» бағдарламасымен шетелде 128 адам білім алған, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіровтің төрағалығымен өңірде «Болашақ» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланған жиын өтті», деп көрсетілген хабарламада.
Бұл - білім саласындағы маңызды мемлекеттік бағдарламаның бірі. 20 жыл ішінде «Болашақ» бойынша шет мемлекеттерге 9,5 мыңнан астам қазақстандық аттанды. Олардың жартысы бүгінде оқуларын тәмамдап, елге оралған. Ал Солтүстік Қазақстан облысынан соңғы жеті жылда «Болашақ» аясында шетелге 128 стипендиат аттанды. Жастармен қатар мемлекеттік қызметшілердің де бұл бағдарламаның қатысушылары атануға мүмкіндігі бар.
Облыс әкімі Самат Ескендіров «Болашақ» бойынша білім алатын солтүстікқазақстандықтардың үлесін арттыру қажеттігін атап өтті. Әсіресе, түсіндіру жұмыстарын мықтап қолға алу қажет. Осы мақсатты жүзеге асыру барысында алдағы уақытта жастар үшін «болашақ» түлектерімен кездесу өткізу жоспарланып отыр.