16 Сәуір 2013, 06:35
ҚР Білім және ғылым министрілігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен біріге отырып, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алған тәлімгерлердің елге оралуын қадағалайтын болады. Бұл туралы бүгін өткен үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлімдеді.
«Министрлік Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп «Шетелдегі студент» ақпараттық жүйесін енгізді. Енді бітірушілердің елге оралуы және жұмыс істеуі қатаң бақылауда болады»,-деп толықтырды Жұмағұлов.
Министрдің айтуына қарағанда, бүгінде «Болашақ» бағдарламасы стипендиясының иегерлері 33 әлем елдерінің 200 университеттерінде білім алуда.
Сондай-ақ Жұмағұлов түлектердің 20%-ы мемлекеттік секторда, 21%-ы - ұлттық компанияларда, 55%-ы - жекеменшік компанияларда, ал 4%-ының халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдарда еңбек ететінін айтты.
BAQ.KZ