12 Сәуір 2013, 06:33
Алпысыншы жылдардың аяғына қарай «Қайраттың» капитаны ойын үстіндегі толассыз жарақаттардан азап шегіп, белдегі құяңы да бастыртпай сыр бере бастады. Ол әлі де ойнай алатын еді. Бірақ Сегізбаевтың намысы өзгеге ғана емес, өзіне де қатал: нашар ойнауға қақысы жоқ-тын. 29 жасқа толардан үш күн бұрын, 1970 жылдың 9 мамырында қазақтың ұлы футболшысы жасыл алаңға ойыншы ретінде соңғы рет шықты. Артында қызығы мен қиындығы мол, өмірінің мағынасына айналған 168 матч қалды. Тимур көзі булана қысқа қайырым қол бұлғап, Орталық стадионның мінбер астындағы орынжайларына кіріп кеткенде стадионның дүркірей қол соққан қошеметі әлі толастаған жоқ еді. Бакудің «Нефтчиімен» «Қайраттың» ойыны Тимурсыз жалғасып жатты. Өмір заңына әмір жүрмейтіні осы-ау.
Әйткенмен, футбол әлемінен оны ешқандай құдірет кетіре алмас еді. Бұл уақытта ол футболмен жаны егіз жаратылған бірден-бір қазақ болатын. Жетпісінші жылдардың басында Тимур Санжарұлы Қызылорданың «Автомобилист» командасын жаттықтырды. Одан соң Днепропетровскінің «Днепрі» мен донецкілік клубтастарын ұтқан Қарағанды «Шахтерінің» тізгінін ұстады. Ал, 1973 жылы өзінің «Қайратына» бапкер ретінде қайтып оралды. Бұл кезде Қазақстанның бас командасының жағдайы мәз емес-тін. Артем Фальян басқарған ол келер жылы, тіпті бірінші топқа түсіп қалды. «Қайратты» жоғарғы лигаға қайтару жөніндегі партиялық жауапты іс клубтың бұрынғы ойыншылары Тимур Сегізбаев пен Станислав Каминскийге тапсырылды. Екі дос бұл міндетті тастай қып орындап, 1977 жылы қайраттықтар олардың басшылығымен КСРО чемпионатының жоғарғы лига мықтыларының алғашқы сегіздігіне кірді.
Тимур Санжарұлы шеттетуді де көрді. Бірақ ұнжырғасын түсірмеді. Сол кездерде Оқу министрлігінің саясына кетіп, балаларды футболға баулыды. Одан соң өзі Йемен елінің құрамасын жаттықтырған үш жылын әрдайым мерейлене еске алады. Онда ол жергілікті футболды көтеріп қана қоймай, Аденде табиғи жасыл шөп өскен футбол алаңын жасап беріп кетті. Рафик Тимурды, яғни жолдас Тимурды йемендіктер жібергілері келмей, қимай қоштасқан-ды.
Елге оралған Тимур Санжарұлы тағы да мүшкіл халдегі туған командасын өз қолына алады. Сөйтіп, қайраттықтардың жаңа буыны: Евстафий Пехлеваниди, Вахид Масудов, Құрбан Бердыев, Евгений Яровенко, Фанас Салимовтармен бірге Қазақстан футболының жаңа тарихын жақсылап жасауға кіріседі. Соның арқасында команда 1987 жылы КСРО біріншілігінің жоғарғы тобында 7-ші орынды еншілейді. Бұл «Қайраттың» бүкіл тарихындағы ең жоғары жетістік екенін айтсақ, бапкер Сегізбаев бағындырған биіктер зорая түсері сөзсіз. Шәкірт футболшылардың жай ғана «Санжарыч» дегенінде ұстазға, футболдағы үлкен тұлғаға деген айрықша құрмет, шынайы сүйіспеншілік жататын.
Тәуелсіз Қазақстанның Футбол ассоциациясының президенті болған кезінде Тимур Сегізбаев футболдың барлық баспалдақ-сатыларынан өткен салиқалы қайраткер болатын. ФИФА Қазақстанды өзінің толыққұқықты мүшесі етіп қабылдаған кезде осынау мәртебелі халықаралық ұйымның президенті Жоа Авеланжға Отанымыздың туын тапсыру құрметі өзгеге емес, нақ Тимур Сегізбаевқа тиюінің өзі де үлкен нышанды аңғартса керек. 1994 жылдың маусымында Дүниежүзілік футбол федерациясының Чикагодағы 51-ші конгресінде болған осы тебіреністі оқиға сәтінде Тимур Санжарұлының көңілі босап, көзіне жас келіп қалған еді. Иә, бұл да тегін емес еді. Тәуелсіз туған елін әлемдік футбол қоғамдастығына Қазақстан футболының бейнесі дерлік тағдыршешті тұлға, қазақ футболының аңызы алып кірді. Қазақ футболының мерейі. Тимур Сегізбаев.
Дереккөзі: Қоғанбек Аманжол, «Егемен Қазақстан»