Тимур және "Қайрат"

12 Сәуір 2013, 06:32

  Алпысыншы жылдардағы «Қайратты» Тимурсыз көзге елестету мүмкін емес-тін. Кеше ғана қатарға қосылған ұяңдау бозбала командадағы беделді ойыншы­лар­дың біріне айналды, жігіттерді же­ңіске бастап отырды. Жан­күйерлер оны пір тұтты. Барша халықтың сүйіктісі болды. Жанкүйерлердің Тимурды жақсы көретіндігі сонша, Орталық стадионда диктор команда құрамын жария еткенде «Тимур» есімі аталған сәтте стадион дүркіреп кетеді де, «Сегізбаев» деген фамилиясы әруақыт естілмей қалар еді. Командалар сапқа тұрған дәстүрлі рәсімдерде гүл шоқтары­ның көбі Тимурға берілетін. Бірақ ол атаққа астамсып, даңққа дан­дайсып кетпеді, талантына бас июшілердің көптігі оның басын айналдырмады. Ол әрқашан қара­па­йым­дылығы мен сыпайылығын, өзіне тән мәдениетін сақтады. Дәл осы ретте Тимурды ұлы Пелемен салыстыруға болар еді. Әредікте «Қайраттың» капи­таны өз әріптес­теріне барлық жағдайда, былайша айтқанда, үйде де, түзде де, ойын алаңында және оның сыртында да үлгі бола білді. Футболшы Сегізбаевтың ойын өрнегінің мықты жағы аса қуатты соққысы және ысылған шебер машығы болатын. Ол допты тепкенде қақпашыны ұшырып жібереді екен, оң аяғымен тебуге тыйым салыныпты деген аңыздар да пайда болған. Ал, ақиқаты сол, Тимур 50 метр қашықтықтан соншалықты әдемі әрі дәл пастар беріп, 30 метр жерден керемет голдар соғып отырған. Өзімен бірге ойнаған ардагер куәгерлердің айтуынша, сондай ғажап голдардың бірін атақты Анзор Кавазашвили қорғап тұрған Мәскеу «Торпедасының» қақпасы­на біздің Тимур 1963 жылы енгізген екен. 40 метр жерден жойқын күшпен соғылған доп атылған оқтай зырқырап келіп торды бүлк еткізгенде, стадион шаттықтан тең­селіп кетті дейді. Сегізбаевтың жасыл алаңдағы хас шеберлігі, жой­қын соққысы, дегдар әрі әдемі ойы­ны кез келген футбол сим­фо­ния­сының фрагменті болғандай. Гол салуға құштар шабуылшы ешқашан дөрекілікке жол бермеген екен. Ол Кеңес Одағының ең сырдесте һәм сырбаз ойыншысы, футбол зиялысы саналған. Десе де бір жолы алаңнан қуылыпты. Ал, оның өзіндік сыры бар. 1967 жылдың қыркүйегі. Киев. Жергілікті «Динамо» сайыпқырандары «Қайраттың» қақпасына қайтару­сыз үш гол салып, одан әрі өң­меңдей түскен. Допқа таласқан бір сәтте Йозеф Сабо қолын артқа тастаған болып қасақана Леонид Остроушконың бетінен салып жіберіп, сақинасымен жаралап тас­тайды. Тимур шыдай алмай: «Йозеф, мұның не? Ұят қайда?» десе, анау өркөкіректеніп, дөрекі жауап қайырады. Сәлден кейін Тимурмен доп таласында қақтығысып қал­ғанда, енді өзінің бет-аузына темір жұдырық сарт етті. Ызаға булық­қан жігіттердің ұстасқан жері осы екен. Төреші Бочорадзе өз көзіне өзі сенбейді. «Тимур, сенбісің? Неге?» дей береді. Тимур қолын бір сіл­теп, алаң сыртына бет алғанда, төреші қызыл карточканы әрең суырады. Өз қателігін түсінген Сабо артынан қуып жетіп, құшақтап кешірім сұрайды. Екеуі де ойын­нан шеттетіледі. Иә, сыпайы Тимур қажет болғанда қиянатқа төзбей, өзінің де, өзгенің де ар-намысын қорғай алатын еді. Нағыз капитан солай болуы керек қой. Дереккөзі: Қоғанбек Аманжол, «Егемен Қазақстан»

 

Алпысыншы жылдардағы «Қайратты» Тимурсыз көзге елестету мүмкін емес-тін. Кеше ғана қатарға қосылған ұяңдау бозбала командадағы беделді ойыншы­лар­дың біріне айналды, жігіттерді же­ңіске бастап отырды. Жан­күйерлер оны пір тұтты. Барша халықтың сүйіктісі болды. Жанкүйерлердің Тимурды жақсы көретіндігі сонша, Орталық стадионда диктор команда құрамын жария еткенде «Тимур» есімі аталған сәтте стадион дүркіреп кетеді де, «Сегізбаев» деген фамилиясы әруақыт естілмей қалар еді. Командалар сапқа тұрған дәстүрлі рәсімдерде гүл шоқтары­ның көбі Тимурға берілетін. Бірақ ол атаққа астамсып, даңққа дан­дайсып кетпеді, талантына бас июшілердің көптігі оның басын айналдырмады. Ол әрқашан қара­па­йым­дылығы мен сыпайылығын, өзіне тән мәдениетін сақтады. Дәл осы ретте Тимурды ұлы Пелемен салыстыруға болар еді. Әредікте «Қайраттың» капи­таны өз әріптес­теріне барлық жағдайда, былайша айтқанда, үйде де, түзде де, ойын алаңында және оның сыртында да үлгі бола білді.

Футболшы Сегізбаевтың ойын өрнегінің мықты жағы аса қуатты соққысы және ысылған шебер машығы болатын. Ол допты тепкенде қақпашыны ұшырып жібереді екен, оң аяғымен тебуге тыйым салыныпты деген аңыздар да пайда болған. Ал, ақиқаты сол, Тимур 50 метр қашықтықтан соншалықты әдемі әрі дәл пастар беріп, 30 метр жерден керемет голдар соғып отырған. Өзімен бірге ойнаған ардагер куәгерлердің айтуынша, сондай ғажап голдардың бірін атақты Анзор Кавазашвили қорғап тұрған Мәскеу «Торпедасының» қақпасы­на біздің Тимур 1963 жылы енгізген екен. 40 метр жерден жойқын күшпен соғылған доп атылған оқтай зырқырап келіп торды бүлк еткізгенде, стадион шаттықтан тең­селіп кетті дейді. Сегізбаевтың жасыл алаңдағы хас шеберлігі, жой­қын соққысы, дегдар әрі әдемі ойы­ны кез келген футбол сим­фо­ния­сының фрагменті болғандай.

Гол салуға құштар шабуылшы ешқашан дөрекілікке жол бермеген екен. Ол Кеңес Одағының ең сырдесте һәм сырбаз ойыншысы, футбол зиялысы саналған. Десе де бір жолы алаңнан қуылыпты. Ал, оның өзіндік сыры бар. 1967 жылдың қыркүйегі. Киев. Жергілікті «Динамо» сайыпқырандары «Қайраттың» қақпасына қайтару­сыз үш гол салып, одан әрі өң­меңдей түскен. Допқа таласқан бір сәтте Йозеф Сабо қолын артқа тастаған болып қасақана Леонид Остроушконың бетінен салып жіберіп, сақинасымен жаралап тас­тайды. Тимур шыдай алмай: «Йозеф, мұның не? Ұят қайда?» десе, анау өркөкіректеніп, дөрекі жауап қайырады. Сәлден кейін Тимурмен доп таласында қақтығысып қал­ғанда, енді өзінің бет-аузына темір жұдырық сарт етті. Ызаға булық­қан жігіттердің ұстасқан жері осы екен. Төреші Бочорадзе өз көзіне өзі сенбейді. «Тимур, сенбісің? Неге?» дей береді. Тимур қолын бір сіл­теп, алаң сыртына бет алғанда, төреші қызыл карточканы әрең суырады. Өз қателігін түсінген Сабо артынан қуып жетіп, құшақтап кешірім сұрайды. Екеуі де ойын­нан шеттетіледі. Иә, сыпайы Тимур қажет болғанда қиянатқа төзбей, өзінің де, өзгенің де ар-намысын қорғай алатын еді. Нағыз капитан солай болуы керек қой.

Дереккөзі: Қоғанбек Аманжол, «Егемен Қазақстан»

Бөлісу: