12 Сәуір 2013, 06:30
Одан Горький атындағы саябақтағы «Спартак» стадионында мектеп оқушылары арасында жиі-жиі ұйымдастырылатын матчтар. Міне, нақ осы додаларда Тимурды кәсіпқой футбол маманы Георгий Козелько байқайды. Маңдайына жазылған болар, сол жылдарда Алматыда жер аударылып жүрген кеңес футболының сайыпқыраны Николай Старостинмен де кездесіп, әңгімесін тыңдап, ғажап әсерге бөленудің сәті түседі. Мұны да кездейсоқ деудің реті келмес. 1957 жылы Тимур Қазақстан құрамасының сапында КСРО мектеп оқушыларының спартакиадасына қатысу үшін Ригаға аттанды. Сонда Москвада бірер күн аялдағанда футболға құлай беріліп, бетін біржола бұрғызған бір оқиға болды. 16 жасар бозбала өткен жылы ғана салынған ғажайып «Лужники» стадионында жүз мың жанкүйердің жаныққан айқай-атойымен бұрқ-сарқ қайнаған футбол аламанын таңданып, тебірене тамашалады, футбол құдіретіндей елестеген атышулы Эдуард Стрельцовтың жойқын шабуылдары мен өзгеше ойынын көрді. Сірә, Валентин Ивановтың «Огонек» журналында: «Стрельцов сотталып кетіп, бірнеше алтын жылды зая жіберіп алмағанда футбол королі кім болатыны екіталай еді» деп жазуы тегін де емес шығар. «Үлкен футбол осы екен ғой» деп ойлады Тимур. Жан дүниесінде жаңа бір жанартау оянғандай толқыды. Сөйтіп, үлкен футболда өзінің де бағын сынауға бекінді.
Бақ сынағаны сол, бұл кезде ол Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының белді ойыншыларының қатарында-тын. Жақында ғана Фрунзе қаласында Қырғызстан астанасының құрамасын алматылық өрендер 5:0 етіп ойсырата жеңгендерінде 2 голды өзі соққанына іштей мерейленіп жүрген жайы бар еді. Ал енді Стрельцовтың тау құлатардай екпінін көргеннен кейін Ригадағы оқушылар спартакиадасында Тимурдың шабуыл ұйымдастыру таланты мен доп соққыш мергендік қасиеті жарқырап ашылды. Осы жолы ол армян құрамасымен болған ойында болмасты болдырған керемет жасап, жұртты таң қалдырды. Футбол мамандарына еріксіз бас шайқатқан ол не ғаламат десеңіз, айтайық. Бірінші таймнан кейін қазақстандықтар қарсыластарына 0:5 болып ұтылып, салдары суға кетіп тұрған. Ал, екінші таймның 45 минуты өткенде таблодағы есеп 5:5 болып өзгерді. Бес допты да Сегізбаев соққан болатын. Әлбетте, бұл жай қазақ футболының болашағына немқұрайды қарай алмайтын адамдардың назарына ілінбей қалмады.
Тимур Санжарұлының жадында жатталып қалған тағы бір ұмытылмас жағдай мынадай. Қазақ физкультура институтының екінші курсында оқып жүрген кезі. Бірде оны институт ректоры Хамза Мұхамеджанов шақырды кабинетіне. Қасында «Қайрат» командасының бапкерлері отыр екен.
Дереккөзі: Қоғанбек Аманжол, «Егемен Қазақстан»