12 Сәуір 2013, 03:54
Өткен жылдарда облыстың білім беру саласындағы жағдай тек тұрақтанып қана қойған жоқ, оның одан әрі дамуының барлық алғышарттары жасалды. Осы оң үрдіс білім беру ұйымдарын қаржыландырудың анағұрлым өсуімен түсіндіріледі, егер ол 2004 жылы 7,9 миллиард тенге құраса, 2005 жылы – 10,5 миллиард, ал 2006 жылы -13,5 миллиард теңгеге жетті. Сөйтіп 2005 жылғы бекітілген көлемнен 1,3 есе өсті.
Құрылыс пен күрделі жөндеу, қайта жаңарту есебінен жыл сайын жаңа және жаңартылған мектептер қатарға қосылуда. Мысалы, 2004 жылы Ақжар ауданының Талшық селосында жалпы үлгідегі мектеп-интернаты ғимаратына қайта жаңарту жүргізілді, 2005 жылы Қызылжар ауданының Бескөл селосында 360 орындық орта мектептің және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы 160 орындық Березов орта мектебінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. 2006 жылы Уәлиханов ауданының Жас қайрат селосында 80 орындық қазақ тілінде оқытатын орта мектеп, Тимирязев ауданының Мичурино селосында 180 орындық мектеп іске қосылды. Туберкулез инфекциясы бар балаларға арналған Мамлют мектеп-интернатының жатын кешені 150 орынға кеңейтілді, сол сияқты асхана ғимараты, жаңа оқу шеберханалары салынды. Петропавл қаласында бұрыннан бар ғимаратқа қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу арқылы облыстық қазақ-түрік лицей-интернаты ашылды, "Айгөлек" балалар бақшасында бассейн салынды.
Тимирязев ауданының Тимирязево селосында 400 орындық қазақ тілінде оқытылатын мектеп-интернат, Петропавл қаласында 1100 орындық қазақ орта мектебі, Жамбыл ауданының Пресновка селосында 400 орындық қазақ тілінде оқытатын орта мектебі, Аққайың ауданының Полтавка селосында 180 орындық орта мектеп құрылыстары жалғасуда. 2006 жылы Айыртау ауданының Қарасай батыр ауылында 132 орындық мектеп құрылысы басталды.
2007 жылы жергілікті бюджет есебінен Есіл ауданының Ақтас ауылында қазақ тілінде оқытатын 90 орындық, Қызылжар ауданының Кондратовка селосында 180 орындық, М.Жұмабаев ауданының Хлеборобное селосында 90 орындық мектеп құрылыстарын жүргізу қарастырылуда.
Мектеп жанындағы интернаттар ашылуда: 2004 жылы олардың жүйесі алтыға, 2005 жылы — 11-ге, ал 2006 жылы 20 бірлікке өсті. Олардың жалпы саны 59-ға жетті. Мектеп ғимараттарына күрделі жөндеулер жүргізілуде: 2004 жылы – 100 мектеп, 2005 жылы — 118, ал 2006 жылы жалпы сомасы 301 миллион теңгеге 80 білім беру нысаны жөнделді.