11 Сәуір 2013, 05:05
Тәуелсіздікке бет бұрған алғашқы жылдары спорт түгілі, экономикалық қысастықтан есін жинай алмай жатқан халықтың арасынан шын таланттылардың көзін ашқан Әбдісалан Нұрмахановтың мүсінін алтыннан тұрғызудың орнына, өгей ұлдай сыртқа тепті. Бапкердің Атланта Олимпиадасында жеткізген жетістігі, тіпті алпысқа толған мерейлі тойы да ескерусіз қалды.
Талантты бұғап ұстау мүмкін емес. Әбдісалан, ең бастысы, осыны дәлелдеді. Орыстар әлемде Абрамовқа тең келер ешкім жоқ деген кезде, оның аптығын басатын спортшы қазақтың арасынан шығады дегенге ешкім сенбеген. Бірақ, Абрамовпен екі мәрте кездескен Әбдісалан Нұрмаханов бірінде тәжірибесі жетпегенмен, бірінде әділетсіздіктің құрбаны болды. Осындай әділетсіздіктің кесірі Әбдісаланның әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысуда Абрамовтың көлеңкесінде қалып қойып, көп жүлдеден қағылуына әкеліп соқты. Бұл туралы жазушы Асқар Алтай былай деп жазады. «Кеңес Одағының боксшылар құрамасының екінші сапында жүрді. Екінші сап... екінші сапта үлкен мән, терең астар бар. Мұнда, негізінен ұлты орыс емес спорт саңлақтары жүретін. Олар әртүрлі халықаралық жарыстарға қатысушы еді, бірақ Әлем, Еуропа, Олимпиада секілді нағыз дүбірлі додаларға жіберіле бермейтін. Аса мықты болмаса да, сол 50-60-жылдары Одақ намысын негізінен орыс ұлтынан шыққандар қорғайтын. Ал, екінші саптағылар шебер, мықты болса да қағылып қала беретін», – дейді. Расында да, егер Әбілсейіт Айханов пен Әбдісалан Нұрмаханов орыс болып туғанда, бүгінгідей атақпен шектеліп қалмас еді. Осы тұрғыда, Әбілсейіт Айханов пен Әбдісалан Нұрмахановтың тағдыры өте ұқсас екендігін ұғуға болады. Жалпы, Одақтың сапында жүріп алдыңғы қатарлы спортшы болудың өзі жетістік дейтін болсақ, Октябрь Жарылқапов, Әлжан Жармұхамедов, Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіров, Әбдісалан Нұрмаханов, Әбілсейіт Айханов, Серік Қонақбаев сынды Тәуелсіздікке дейінгі тарландарымызды есімізден әсте шығаруға болмас. Өйткені, аты аталған спортшылар даңқты спортшы ретінде ғана емес, қазақ спортына жол салушылар болып есептеледі.
Жақында «Білім» баспасының директоры Жарылқасын Нұсқабайұлының қолға алуымен Октябрь Жарылқапов, Әбдісалан Нұрмаханов және Бекзат Саттарханов туралы «Қазақ спортының саңлақтары» атты кітап жарық көрді. Үшеуі де Түркістанның түлектері. Аққан жұлдыздай жарқ ете қалған Бекзаттың шаршы алаңдағы қимылы әлі күнге шейін ел есінде.
Авторы: Жандос Байділда.