11 Сәуір 2013, 04:59
Әбдісалан Нұрмаханов, қазақтан шыққан гүрзі жұдырық иесі және Тәуелсіздіктің таңы атқанда бапкерлігімен қазақ боксшыларын әлем назарына іліктірген өр тұлға. 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында Әбдісаланның шәкірттері бір алтын, бір күміс, екі қола медальды жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте Куба, Болгария құрамаларынан кейін үшінші орынды жеңіп алды. Қазақ боксы бұрын-соңды мұндай биікке жетіп көрмеген еді.
– Шолпан жеңешем ұл туды. Сүйінші!..
– Момын Нұрмаханға үбірлі-шүбірлі баланы құдай берді ғой. Үйелмелі-сүйелмелі өсіп келеді, түге. Алды қолғанаттыққа жарап қалды. Бұл бишараның да қолы етегіне жеткені де енді, – деп жанашыр ағайын әңгіме етіп жатты.
«Ақсарыдағы» ауылда шілдехана дүркіреп өтті. Содан бір апта ауғасын жұдырықтай нәрестенің құлағына етжеңді шал «Әбдісалан, Әбдісалан» деп үш рет сыбырлады. Емшек еміп, тойып жатқан бала қолын ербең-ербең еткізіп қала берді...
Белгілі жазушы Қалдарбек Найманбаевтың қазақтан шыққан қос алып –Әбілсейіт Айханов пен Әбдісалан Нұрмаханов турасында жазған «Даңқ тұғырында» атты кітабынан үзінді. Қолын ербеңдеткен емшектегі баланың кім екенін біліп отырған боларсыз. Ол – қазақ боксының алғашқы қарлығаштарының бірі, бокстан Қазақстанның 10 дүркін чемпионы (1957 – 1967), КСРО чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (1957–1962 ж.ж.), КСРО халықтары спартакиадасының екі мәрте қола жүлдегері (1959–1967), Азия-Африка ойындарының жеңімпазы (1963 ж) атанған, жер тарпыған бура текті, шымболат, сүйегіне біткен қайраты мол, гүрзі жұдырықты, қазақтан шыққан аса ауыр салмақтағы тұңғыш боксшы Әбдісалан Нұрмаханов болатын.
Әбдісаланның әйгілі боксшы болғандығын жұрт жадынан шығара бастағандай. Тіпті, оның тек атақты спортшы ғана емес, білікті бапкер, ғылымға еңбегі сіңген ғалым екендігінен жұрттың хабары бар ма?! Сол қазақтың күдіре ұлы бақилық болмағанда, биыл 75 жасқа толар еді.
Әсілі, Әбдісалан алғанынан бергені көп, халық қошеметіне мәңгілік бөленетін шоқтығы биік тұғырлы тұлғалардың бірі болуы тиіс. Бірақ, қазақ халқының көзі тірісінде бағалай алмай, қадірін өлгеннен кейін түсінген асықтай бір ұлы бар болса, сол – Әбдісалан Кәрімұлы. Неге дейсіз ғой? Себебі, бұла іске бет қойған спортшы емес, бапкер Әбдісаланның есіл еңбегін ел есіне де алмады. Бұл өз заманындағы үлкен қателіктердің бірі. Әбдісаланның ерлігіне халық дер кезінде бағасын бермесе де, кейін тұлға ретінде таныды.
Авторы: Жандос Байділда.