11 Сәуір 2013, 04:29
Тарихта өз мамандығына деген сүйiспеншiлiктiң арқасында артына өшпес мұра қалдырған дарындар көп. Солардың қатарына Октябрь Жарылғаповты қосуға болады. Ол — қазақ спорты ғана емес, әлемдiк волейболдағы қайталанбас тұлғалардың бiрi, волейболдағы ерекше құбылыс. Октябрьдiң замандас досы әрi оның жетiстiктерi жайлы «Ақберен едiң, Октябрь» деген кiтап жазған зейнеткер, ардақты ардагер Оспан Досжанов даңқты волейболшының ешқашан асып-таспағанын, қарапайым болғанын айтады.
— Октябрьмен бала кезден бiрге өстiк. Көршi тұратынбыз. Ол жастайынан спортқа құмар едi. Анасы мен қарындастарының арқасүйерi де өзi болды. Алматыда да бiр оқу орнында оқыдық. Университетте волейболға қатысып, бiрден меңгерiп алды. Күндiз-түнi жаттығу залынан шықпайтын. Оның ойындарын радиодан естiп немесе көгiлдiр экраннан тамашалаған кезде «бiздiң жерлесiмiз, досымыз шықты» деп мақтанып жүретiнбiз. Ол шәкiрттерiн өз баласындай жақсы көрдi. Өте бiлiктi бапкер болды. Соның арқасында «Буревестник» командасы одақты былай қойғанда, Еуропаның өзiн мойындатты. Өкiнiшке қарай, қазақтың осындай ардақты азаматы БАҚ беттерiнде көп насихаттала бермейдi. Бiз Октябрьмен мақтануымыз керек, — дейдi Оспан ақсақал. Ал, КСРО-ның еңбек сiңiрген жаттықтырушысы Г.Паршин: «Октябрьдiң волейбол ойнаудағы шеберлiгiн көрiп, бiз ойнауды үйрендiк», — дейдi. Бiр байқайтынымыз, Октябрь жайлы естелiк айтқан замандастарының бiрде-бiрi спорт қайраткерi жайлы терiс пiкiр бiлдiрген емес. Бұл ардақты азаматтың кеңпейiлдi, жүрегi таза екенiн бiлдiрсе керек. Ол волейболды шексiз сүйдi. Қазақ жастарын спортқа баулып, олимпиада чемпионын шығаруды армандады. Қазақстан құрамасы мен «Буревестниктi» одаққа танымал еттi. Сол кездегi Мемлекет басшысы Д.Қонаевқа кiрiп, шәкiрттерiнiң баспаналы болуына жағдай жасады. Бiрақ жұртқа жақсылық жасауды ұмытпаған кең жүректi азаматтың қиыншылықта өмiр сүргенiн көпшiлiгiмiз бiле бермеймiз. Октябрь үш қыз бен бiр ұлдың әкесi. Одаққа танымал волейболшы бола тұра өзiнiң баспанасы болмады. Пәтерден-пәтерге көшiп жүрдi. Тiптi, отбасымен бiрге жертөледе тұрған кезi де болған. Сол қиын-қыстау кезеңде тұңғышы Нұржамал аурушаң болып өсiп, бала кезде жабысқан дерт салдарынан ерте қайтыс болды. Анасы Айнагүл мен жан жары Дилара да ел үшiн туған азаматтың жағдайын жасап, өз мақсатына жетуiне үлес қосты. Отбасыдағы терең сүйiспеншiлiк пен сыйластықтың арқасында Октябрь өзi сүйген волейбол спортын өркендету жолында аянбай еңбек еттi. 1969 жылы «Буревестник» чемпион атанғанда сексеннен асқан анасы Айнагүл баспазөзге хат жазып: «Бұл жеңiс елiмiздi дүр сiлкiндiрдi. Үлкен қуаныш пен тас езетiн қайғыны адамның жүрегi ғана көтере алады екен. Ол қыршын кеттi. Алайда, өлгендердiң де есте қалатын iсi болады екен. Ұлымның шәкiрттерiнiң үлкен жеңiсi менiң иығымдағы қайғыны жеңiлдеткендей болды. Олар чемпион атанғанда қатты қуандым. Ұлымның менiң ғана емес, бүкiл халықтың ұлы болғанын сезiндiм. Бақытты болыңдар, балаларым», —деп аналық лебiзiн бiлдiрген екен. Даңқты боксшы Ә.Нұрмахановты бокс үйiрмесiне апарған да Октябрь екенiн жұртшылық бiледi. Әбекең өз естелiгiнде: «Октябрь аға Қазақ Министрлер кеңесi жанындағы физкультура мен спорт жөнiндегi комитет төрағасының орынбасары қызметiн атқарды. Менмендiгi жоқ, өте кiшiпейiл едi. Небiр күрделi мәселелердi тез шешетiн. Оның алдына қарапайым спорт нұсқаушысынан бастап, жаттықтырушылар еш қымтырылмай кiрiп, жайраңдап көңiлдi шығатын», — деп жазған.