11 Сәуір 2013, 04:18
Кеңес Одағы тұсында қазақстандық зілтеміршілердің ішінде есімі мәшһүр болған талай сайыпқырандар болды. Ел ауыр атлетикасының даңқын күллі жаһанға әйгілеп, мерейімізді тасытқан сондай саңлақтардың арасында Анатолий Храпатыйдың бедел-абыройы өзгелерден оқшауланып тұрады. Өйткені, дүниежүзілік бәсекелерде даңқты жерлесіміздің алмаған асуы, бағындырмаған белесі жоқ.
Қазақ ауыр атлетикасына сара жол салушылардың бірі ретінде артынан ерген талай ізбасар зілтеміршіге ақылшы аға бола білген марқұм Анатолий Храпатый 1963 жылдың 20 қазан күні Ақмола (бұрынғы Целиноград) облысының Атбасар қаласында дүние есігін ашқан. Алматыдағы Қазақ дене шынықтыру институтын (жаттықтырушы) тәмамдаған. КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері.
Анатолий Храпатыйдың үлкен спорттағы жеңіп алған медальдарының санынан жаңылуымыз ғажап емес. Жарайды делік, жүлделердің санын емес, сапасын айтқанда атағы алысқа ұзаған отандасымыздың абыройы зіл тартып, тұлғасы ірілене түседі. Храпатыйдың әлем біріншіліктерінде (1985-1990 жылдар аралығы) 90 келіге дейінгі салмақта бес мәрте жеңіс тұғырынан көрініп, медальді уыстап алған сәттері сөзімізге айқын дәлел болса керек. Бұнымен қоса 1993 және 1995 жылғы әлем біріншіліктеріндегі олжалаған қола медалі де аз табыс емес. Қазақстандық ауыр атлеттің жеңісті жолы Еуропа чемпионаттарында да жалғасты. Атап айтар болсақ, Анатолий Храпатый 1986, 1987, 1988, 1989, 1990 жылдары 90 келіге дейінгі салмақта кәрі құрлық біріншілігінде ешкімге дес берген жоқ. Жеңіске «тоймайтын» Храпатый КСРО чемпионаты мен КСРО-ның жазғы Спартакиадасында да (екі жарыс та 1983, 1986 жылдары өтті) алтыннан алқа тағынды.
1988 жылғы Сеул Олимпиадасында Анатолий Храпатыйдың жұлдызы ерекше жарқырады. Өйткені, ол осы жылы спорттық ғұмырындағы ең үлкен шыңын бағындырып, Олимпиада ойындарының чемпионы атанды. Сеулде 90 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған жерлесіміз жұлқа көтеруде 187,5 келіні, ал серпе көтеруде 225 келіні төбесінде ойнатып, қоссайыс нәтижесінде 412,5 ұпай жинады. Еліміз егемендігін алып, тәуелсіздік алған тұста да Храпатый ел қоржынына қомақты жүлде салып, Олимпиада ойындарының көрігін қыздырды. Мысалы, 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында тәжірибелі зілтемірші 99 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, Қазақстан құрамасына күміс медальді тарту етті. Бұдан бөлек 1994 жылғы (91 келіге дейінгі салмақта) және 1998 жылғы (105 келіге дейінгі салмақта) Азия ойындарында да күміспен күптелді.
Қашан көрсең де жүзінен мейірімі төгіліп, ақжарқын күлкісімен өз айналасын нұр-шуаққа бөлеп жүретін даңқты ауыр атлет 2008 жылы тамыздың 11-і күні жол апатына ұшырап, қайтпас сапарға аттанды. Ол өмірінің соңғы жылдары жас шәкірттерді ауыр атлетикаға баулып, ҚР Қарулы Күштерінде спорттық нұсқаушы ретінде адал қызмет етті.
Дереккөзі: «Sport» газеті