Қырғыздар құрамасына ауысуы

11 Сәуір 2013, 04:12

  Айдынның спорттық ғұмыры тек сәтті қырынан ғана танылды десек, қатты қателескен болар едік. Спортшының бабы келіскенмен, бағы жанбай, жеңіске деген құлшынысы зор болса да, жеңілістің ащы дәмі үнемі алдынан кезігетінін білді. Ұлттық құрамадағы орнын сақтап тұру да оңайға соққан жоқ. Ғасырлар тоғысында Австралияның Сидней қаласында алауы тұтанған Олимпиада ойындарында жүлде алған тұңғыш қазақ дзюдошысы Айдын Смағұлов білікті бапкер Бақытбек Мұстафиннің төл шәкірті.  Сидней Олимпиадасының қарсаңындағы жарыстарда Айдын өзінің мықтылығын түбегейлі дәлелдей алмады. 1999 жылы Қарағандыда өткен Қазақстан чемпионатында сәтсіздікке ұшырады. Содан кейін «Олимпиадаға барсам» деген асқақ арманымен қош айтысуға тура келді. Негізі ол жауапты жарыстар қарсаңында тым көп салмақ қуатын. Кейде тіпті 10-12 келіден арылуға тура келеді. Соның салдарынан Олимпиада қарсаңындағы жауапты жарыстарда кеңінен көсіле алмады. Олимпиадаға қатысу мүмкіндігінен айырылған спортшының көңіл-күйі жайсыз күндердің бірінде Қырғызстанның танымал бапкері Тұратбек Құлыбаев тосын ұсыныс жасады. Бір қызығы, айыр қалпақты ағаны Айдын Қазақстанның ішкі жарыстарында жиі көретін. «Ол кісі бұл жерде не істеп жүр екен?» деген ой да келген. Қырғыздар арасынан намыс туын биік ұстайтын білекті балуандар табылмағаннан соң Тұратбек аға Қазақстанға келіп, өзіне шәкірт қарайластырып жүр екен. Бішкекте өткен Орталық Азия ойындарында ол кісінің Айдынға және 73 келі салмақта күресетін Сағдат Садықовқа көзі түсіпті. Қазақстанның ұлттық құрама командасына екеуінің де іліге алмағанын білгеннен кейін «Бізге кел» деген ұсыныс айтты. Алғашында Айдын мен Сағдат біраз абыржып қалды. «Өз – елім, өзімнің – Отаным тұрғанда, өзгенің намысын жыртқаным қалай болар екен?» деген ой да келді. Содан ағаларымен ақылдасты. Олар: «Ұлттық құрамаға алмағаны үшін сен кінәлі емессің. Қырғыздар қиылып сұрап тұрса, тартынудың реті жоқ. Біле білсең, жат елге кетіп бара жатқан жоқсың. Іргеміздегі қырғыздар – өз ағайындарымыз. Қазақтың бір азаматы бауырлас мемлекеттің даңқын шығарып жатса, несі айып. Есіңде болсын, спорттық ғұмыр қысқа. Оның үстіне, Олимпиада ойындары күнде өтіп жатқан жоқ. Енді төрт жылдан кейін ғаламдық жарысқа бару-бармауың белгісіз. Сол себепті мүмкіндігіңді қалт жіберме», – деп кесімді сөздерін айтты. Бұл шешімге біздің бапкерлер де, басқалары да қарсы болмады. Сөйтіп, Сағдат екеуі 2000 жылы Сиднейде алауы тұтанған Олимпиада ойындарында Қырғызстанның туы астында өнер көрсетті. Дереккөзі: "Аламан" ұлттық спорт порталы  

 

Айдынның спорттық ғұмыры тек сәтті қырынан ғана танылды десек, қатты қателескен болар едік. Спортшының бабы келіскенмен, бағы жанбай, жеңіске деген құлшынысы зор болса да, жеңілістің ащы дәмі үнемі алдынан кезігетінін білді. Ұлттық құрамадағы орнын сақтап тұру да оңайға соққан жоқ.

Ғасырлар тоғысында Австралияның Сидней қаласында алауы тұтанған Олимпиада ойындарында жүлде алған тұңғыш қазақ дзюдошысы Айдын Смағұлов білікті бапкер Бақытбек Мұстафиннің төл шәкірті. 

Сидней Олимпиадасының қарсаңындағы жарыстарда Айдын өзінің мықтылығын түбегейлі дәлелдей алмады. 1999 жылы Қарағандыда өткен Қазақстан чемпионатында сәтсіздікке ұшырады. Содан кейін «Олимпиадаға барсам» деген асқақ арманымен қош айтысуға тура келді. Негізі ол жауапты жарыстар қарсаңында тым көп салмақ қуатын. Кейде тіпті 10-12 келіден арылуға тура келеді. Соның салдарынан Олимпиада қарсаңындағы жауапты жарыстарда кеңінен көсіле алмады.

Олимпиадаға қатысу мүмкіндігінен айырылған спортшының көңіл-күйі жайсыз күндердің бірінде Қырғызстанның танымал бапкері Тұратбек Құлыбаев тосын ұсыныс жасады. Бір қызығы, айыр қалпақты ағаны Айдын Қазақстанның ішкі жарыстарында жиі көретін. «Ол кісі бұл жерде не істеп жүр екен?» деген ой да келген. Қырғыздар арасынан намыс туын биік ұстайтын білекті балуандар табылмағаннан соң Тұратбек аға Қазақстанға келіп, өзіне шәкірт қарайластырып жүр екен. Бішкекте өткен Орталық Азия ойындарында ол кісінің Айдынға және 73 келі салмақта күресетін Сағдат Садықовқа көзі түсіпті. Қазақстанның ұлттық құрама командасына екеуінің де іліге алмағанын білгеннен кейін «Бізге кел» деген ұсыныс айтты. Алғашында Айдын мен Сағдат біраз абыржып қалды. «Өз – елім, өзімнің – Отаным тұрғанда, өзгенің намысын жыртқаным қалай болар екен?» деген ой да келді. Содан ағаларымен ақылдасты. Олар: «Ұлттық құрамаға алмағаны үшін сен кінәлі емессің. Қырғыздар қиылып сұрап тұрса, тартынудың реті жоқ. Біле білсең, жат елге кетіп бара жатқан жоқсың. Іргеміздегі қырғыздар – өз ағайындарымыз. Қазақтың бір азаматы бауырлас мемлекеттің даңқын шығарып жатса, несі айып. Есіңде болсын, спорттық ғұмыр қысқа. Оның үстіне, Олимпиада ойындары күнде өтіп жатқан жоқ. Енді төрт жылдан кейін ғаламдық жарысқа бару-бармауың белгісіз. Сол себепті мүмкіндігіңді қалт жіберме», – деп кесімді сөздерін айтты. Бұл шешімге біздің бапкерлер де, басқалары да қарсы болмады. Сөйтіп, Сағдат екеуі 2000 жылы Сиднейде алауы тұтанған Олимпиада ойындарында Қырғызстанның туы астында өнер көрсетті.

Дереккөзі: "Аламан" ұлттық спорт порталы

 

Бөлісу: