Ғұсман Қосанов

10 Сәуір 2013, 04:37

  Ғұсман Қосановтың есімі қазақ спортының шежіресінде ерекше ардақталып, айрықша құрметтеледі. Өйткені, ол – Олимпиада ойындарының медалiн мойнына таққан тұңғыш қазақ! Ғұсман Қосановтың есімі сонысымен қымбат, сонысымен қадірлі. Қазақтың даңқты желаяғы 1935 жылдың 25 мамырында Семей облысы, Бесқарағай ауданының Изатолла ауылында дүниеге келген. Орта мектептi тәмамдаған соң, Семей қаласындағы №13 темiр жол училищесiне оқуға түседі. Кейіннен Кишиневтегi (Молдова) дене тәрбиесi техникумын, Алматы дене тәрбиесi институтын бiтiрген. Ғұсман Қосанов 1960 жылғы Рим Олимпиадасында Кеңес Одағының құрамасында бақ сынап, Л.Бартенев, Ю.Коновалов және Э.Озолин сынды желаяқтармен бірге 4х100 метрлiк эстафеталық бәйгеде (КСРО құрамасының нәтижесi – 40,1 секунд) күміс жүлдегер атанған.  Халқымыздың мақтан тұтар желаяғы Италия астанасында өткен Олимпиадада 100 метрлік қашықтықта да жарыс алаңына шыққан болатын. Ол бұл сында 10,7 секунд нәтижесімен жалпы есепте 6-орынға табан тіреді. Ғұсман Қосанов 1964 жылғы Токио Олимпиадасына да қатысты. Жапон жеріндегі аламанда Ғұсман ағамыз 100 метрді 10,9 секундта қиып өтіп, жалпы көрсеткіште 6-шы орыннан көрінді. Ал, эстафеталық жарыста Э.Озолин, Б.Зубов, Б.Савчукпен бiрге бесiншi орынға тұрақтады. Қазақ ұлтының атын жер-жаһанға мәшһүр еткен Қосановтың басқа атақтары да бір басына жетіп артылады. Мәселен, ол – Еуропа чемпионы, КСРО чемпионатының күмiс жүлдегерi, Қазақстанның бiрнеше дүркiн чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасының жеңiмпазы. Тіпті, жеңiл атлетикадан қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш спорт шеберi де осы Ғұсман ағамыз. Ғұсман Қосанов спорттық ғұмыры аяқталған соң жас шәкірттерді тәрбиелеп, бапкерлікке ден қойды. Жеңiл атлетика бойынша республикалық жоғары спорттық шеберлiк мектебiнiң директоры қызметiн абыройлы атқарды. Ол 1993 жылы өмiрден озды. Бүгінгі таңда жеңіл атлетикадан Ғұсман Қосанов атындағы ірі халықаралық мемориал тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бір атап өтерлігі, бұл турнирде Олимпиада ойындарының жолдамалары сарапқа салынады. Сөз реті келгенде айта кетейік, еліміздің жеңіл атлетикасының арғы-бергі тарихына көз салып қарасақ, Олимпиада ойындарында Ғұсман Қосановтың жетістігіне иек артқан бірде-бір қазақ спортшысы әлі күнге дейін шыққан жоқ. Бұл – болашақ қазақ желаяқтарын дайындайтын бапкерлердің жұмысына үлкен сын болуы тиіс! Дереккөз: «SPORT» газеті  

 

Ғұсман Қосановтың есімі қазақ спортының шежіресінде ерекше ардақталып, айрықша құрметтеледі. Өйткені, ол – Олимпиада ойындарының медалiн мойнына таққан тұңғыш қазақ! Ғұсман Қосановтың есімі сонысымен қымбат, сонысымен қадірлі.

Қазақтың даңқты желаяғы 1935 жылдың 25 мамырында Семей облысы, Бесқарағай ауданының Изатолла ауылында дүниеге келген. Орта мектептi тәмамдаған соң, Семей қаласындағы №13 темiр жол училищесiне оқуға түседі. Кейіннен Кишиневтегi (Молдова) дене тәрбиесi техникумын, Алматы дене тәрбиесi институтын бiтiрген.

Ғұсман Қосанов 1960 жылғы Рим Олимпиадасында Кеңес Одағының құрамасында бақ сынап, Л.Бартенев, Ю.Коновалов және Э.Озолин сынды желаяқтармен бірге 4х100 метрлiк эстафеталық бәйгеде (КСРО құрамасының нәтижесi – 40,1 секунд) күміс жүлдегер атанған.  Халқымыздың мақтан тұтар желаяғы Италия астанасында өткен Олимпиадада 100 метрлік қашықтықта да жарыс алаңына шыққан болатын. Ол бұл сында 10,7 секунд нәтижесімен жалпы есепте 6-орынға табан тіреді.

Ғұсман Қосанов 1964 жылғы Токио Олимпиадасына да қатысты. Жапон жеріндегі аламанда Ғұсман ағамыз 100 метрді 10,9 секундта қиып өтіп, жалпы көрсеткіште 6-шы орыннан көрінді. Ал, эстафеталық жарыста Э.Озолин, Б.Зубов, Б.Савчукпен бiрге бесiншi орынға тұрақтады.

Қазақ ұлтының атын жер-жаһанға мәшһүр еткен Қосановтың басқа атақтары да бір басына жетіп артылады. Мәселен, ол – Еуропа чемпионы, КСРО чемпионатының күмiс жүлдегерi, Қазақстанның бiрнеше дүркiн чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасының жеңiмпазы. Тіпті, жеңiл атлетикадан қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш спорт шеберi де осы Ғұсман ағамыз.

Ғұсман Қосанов спорттық ғұмыры аяқталған соң жас шәкірттерді тәрбиелеп, бапкерлікке ден қойды. Жеңiл атлетика бойынша республикалық жоғары спорттық шеберлiк мектебiнiң директоры қызметiн абыройлы атқарды.

Ол 1993 жылы өмiрден озды. Бүгінгі таңда жеңіл атлетикадан Ғұсман Қосанов атындағы ірі халықаралық мемориал тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бір атап өтерлігі, бұл турнирде Олимпиада ойындарының жолдамалары сарапқа салынады.

Сөз реті келгенде айта кетейік, еліміздің жеңіл атлетикасының арғы-бергі тарихына көз салып қарасақ, Олимпиада ойындарында Ғұсман Қосановтың жетістігіне иек артқан бірде-бір қазақ спортшысы әлі күнге дейін шыққан жоқ. Бұл – болашақ қазақ желаяқтарын дайындайтын бапкерлердің жұмысына үлкен сын болуы тиіс!

Дереккөз: «SPORT» газеті

 

Бөлісу: