8 Сәуір 2013, 09:34
Ақын-импровизатор Баймұратов Нұрлыбек 1887 жылы Павлодар облысы Май ауданында туған.
Нұрлыбек ақын Қазақстан халық ақындары ішіндегі өзіндік орны, өлең өрнегі, суреттеу мәнері бар әр дауысты, суырып салма төкпелігімен аты бүкіл Қазақстанға танымал болған аса дарынды ірі тұлға.
Жасынан жалшылықта жүрген кедей Баймұрат егін кәсібімен айналасып, күн көрісті ойлаған. Ақынның арғы тегі мен ұрым бұтағын тарата айтар болсақ, қазіргі Павлодар облысының Май ауданына қарасты Бозарал-Жалаңаш деген Ертіс бойындағы шағын қазақ ауылдарын мекендеген орта жүздің белді руы Найман ішінде Кенжалы бұтағынан тараған.
Ескіше де, жаңаша да сауатын ашқан Н.Баймұратовтың өлеңдері 1924 жылдан бастап жарияланып тұрды. Абай, Әріп, Әсет шығармаларынан тәлім алды. Ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, насихаттаумен шұғылданды. Иса (1922), Нартай (1939), Маясар (1943), Төлеу (1944), т.б. ақындармен айтысты.
Ұлы Отан соғысының қаһарманы Төлеген Тоқтаровқа арналған «Ер Төлеген» (1945), азамат соғысын суреттеген «Қанды жорық» (1962) дастандары жеке кітап болып басылды. Шығармаларының жинағы 1957 жылы жарық көрді.
Ақынға 1939 жылы Қаз ССР-нің Еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы берілді. СССР Жазушылар Одағы мүшелігіне қабылданды. Қазақ ССР-ң Жоғары Кеңесі Құрмет грамотасымен марапатталған.
Ақын Мұқсихан Заитов 1928 жылы 25 маусымда Май ауданының Бестау ауылында туған. Мұқсихан ескінің жұрнағындай, айтыс дәстүрі қайта жаңарғанда, 1985 жылы домбырасын қолына алып, облыстық ақындар сайысына белсене араласты. Ақтоғайлық ақын Қимадиден Нығмановпен айтысқа шығып, Алматыдағы ақындар айтысына облыс атынан қатысқан.
Мұқсихан Заитов жыл дүлдүлі, халық ақыны Нұрлыбек Баймұратовты, Нұрғали Байқұрмановты, Нұрмұхамбет Самақаевты, Рақымхожа Зұбайргенді, Әждар Бакинді, Темірбек Бақинді тындап өсті. Әнге өлең жазған.
Өмір тауқыметін ерте көрген Мұқсихан еңбекке ерте араласты. Он бес жасында туған ауылында мұғалім болды. Бала оқытты, өзі де оқыды. Алматыдағы ҚазПИ-ді сырттай оқып бітірді. Қолына қаламды да ерте алды. Көркемөнерпаздар ұйымына қатысты. Қазақстанның оқу-ағарту ісінің үздігі атанды. Ақын егделенген шағында газетке келді, қазіргі «Сарыарқа самалының» меншікті тілшісі қызметін атқарып, Май, Ақсу аудандарында танымал болды.
1974 жылы Алматы баспаларының біріне «Аңсаған арман» дастанын басуға тапсырды. Өлеңдері туған жер, ана, бала тақырыбына арналған. Сын-сықақты да жазған. Жаңылтпаштар, өтірік өлеңдер, мысалдар, жұмбақтары да бар. Мұқсиханның біраз өлеңдері «Менің атым-Алма», «Шұғыла», «Жыр шашуы» жинақтарына енді.
Источник: акимат Павлодарской области