8 Сәуір 2013, 09:27
Павлодар облысы, Лебяжі ауданы қазіргі Мерғалым ауылының құрметті азаматы болған Қаппасов Боранбай (Қорт Боранбай) 1907 жылы кедей отбасында туған. Білім беруге ата-анасының ешқандай мүмкіншілігі болмай, өздігінен білім алуға тура келді. Ертерек хат таныған. Қорт Боранбай алғашқы кездерде арабша жазуды меңгерсе, кейіннен латын мен орыстың кириллицасын да танып, өзін қызықтырған әдебиеттерді (қисса, хиқая-дастандар, ақындар айтысын және т.б.) оқи бастаған. Ал жазуда көбіне араб әрпін пайдаланған.
Жастайынан көркем сөзге, өлеңге әуес болған Қорт Боранбай қолына домбыра ұстап, өлең айтатын болды. Сол уақытта ақын ауыл шаруашылығының құрылысына белсене қатысып, жастарды еңбекке ұйымдастырды. 1928 жылы ауылдық кеңес председателі болып сайланады. Ал, кейіннен 1933 жылы Лебяжі ауданы «Сталин» колхозьна келіп, маман ретінде жаңа құрылып жатқан колхоз мүшесі болды.
1941 жылы Боранбай Қаппасов алғашқылардың бірі болып Ұлы Отан соғысына аттанды. Қиыр Шығыстағы Примор өлкесінің үшінші батальон жүз сексенінші атқыштар ротасында болған. Соғыста ауыр жараланып, төсек тартып қалады. Сол кездерде туған елін аңсап, сағынышқа толы талай өлеңдер жазады. 1945 жылы еліне қайта оралады.
Қорт Боранбай «ақын шебері болсам екен», - деген арман қуған адам емес еді. Бірақ, ол қазақ халқының ауыз әдебиетін, әсіресе, дастан-қиссаларын, ақындар айтысын қызығушылықпен тыңдап, жаттап жүрген. Ел жиналған жерлерде, той-думандарда өз өлеңдерін айтып, жұртты қуанышқа бөлеген.
Лебяжі ауданы Шалдай ауылында ақынның үнтаспаға жазылған біріңғай дүниелері сақталған. Атап айтқанда, «Қыз Жібек» қиссасы, «Шөже мен Кемпірбай айтысы», сонымен қатар, қазақ хандары туралы шығармаларды домбырамен әндетіп үнтаспаға жаздырған. Мысалы, Абылай хан, оның баласы Қасым хан, хан Кене, Наурызбай өмірлері жайлы әдемі, көркем тілде орындалған.
Ақын домбыраға салған Ақылбек Сабалаұлының «Сәтбек батыры», «Қойшының ертегісі» аталған Ер Ағыбай туралы дастанын, С.Торайғыровтың «Қамар сұлуын», «Мәлике қыз бен Ғабдіғалым», Рысжан мен Әсет, Үмбетәлі мен Нүрилә айтыстарын және т.б. шумақтарын айтып жүрген. Оның нақты қаншама шығармалары бар екені белгісіз. Дегенмен, сақталып қалған дүниелері мол екені сөзсіз.
Аса турашыл, өте еңбекқор ақын халық қазынасын сар алтындай сақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізген. 1991 жылы ақын Боранбай дүние салған.
Источник: акимат Павлодарской области