Сан қырлы талант иесі Жүсіпбек Аймауытовтың артында қалған шығармашылық мұрасы аса бай. Оның ішінде көптеген өлеңдер, «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» хикаяты мен «Әнші» секілді бірқатар көркем әңгімелері, «Рәбиға», «Мансапқорлар», «Қанапия мен Шәрбану», «Ел қорғаны», «Шернияз» пьесалары, «Нұр күйі» поэмасы, сондай-ақ бірсыпыра сын мақалалар мен аудармалары бар. Газет беттерінде жарияланған публицистикалық мақалаларының өзі бір төбе.
Жүсіпбек шығармашылығы әуел баста өлең жазудан басталады. Өзінің деректері бойынша ол тұңғыш өлеңін 13 жасында жазған. Оның ақындық жүрегінен туған «Жазушыларға», «Неғып отыр?», «Ах-ха-ха-хау», «Ұран», «Еңбекшілер ұраны» секілді өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасында ақын бұрынғы өмірдің келеңсіз жақтары мен өз дәуірінің көріністерін ақындық сезімталдықпен жырлайды. Ол құбылыстарды жанды да нанымды суреттер арқылы көрсетуге ұмтылады. Мәселен, «Көшу» өлеңінде қазақ ауылындағы көш суреттері, көштің сән-салтанаты көрінсе, «Ұршық» өлеңіндегі ұршық иірген кемпірдің монологы арқылы қарапайым өмір көрінісі бейнеленеді. «Нұр күйі» поэмасы 1929 жылы Қызылордада жеке кітап болып басылады. Онда адамның көңіл күйі, қуанышы мен мұңы жырланады. Поэма жастарды өмірді сүюге, қиындыққа қарсы тұра білуге шақырады.
Жүсіпбек Аймауытовтың әдеби мұрасының ең салмақты саласы - прозалық шығармалар. Кішігірім әңгімелерден бастап жазушы қаламынан «Қартқожа», «Ақбілек» романдары туды.
Жүсіпбек Аймауытов кезінде аудармашы ретінде де танылды. Ол аударған А.С. Пушкиннің, Н.В. Гогольдің, А. Дюманың, Дж.Лондонның, Г. Мопассанның, В. Шекспирдің, К. Берковичтің, С. Чуйковтың шығармалары жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ аударма өнерінің өрісін қаншалықты кеңейтсе, жазушының әлем әдебиетінің көрнекті туындыларын қазақ тіліне аударудағы тамаша аудармашылық талантын да соншалықты айқын танытты.
Ж.Аймауытов - көп жыл ұмыт болып, туған халқымен кеш табысқан қайраткер, сондықтан да оның есімі кейінгі толық ұрпақ үшін аса қымбат. Бүгінде Баянауылдағы бір шаруашылық, орта мектеп оның есімімен аталуы - жазушыға көрсетілген құрмет белгісі. Павлодар облыстық қазақ драма театрының Жүсіпбек Аймауытов есімімен аталуы да өте құптарлық.
Дереккөзі: Павлодар облысы әкімдігі