4 Сәуір 2013, 03:52
Шәміл Тауфықұлы Шақшақбаев (1948-2005), спортшы, педагог. Қазақстандағы тұңғыш тірек-қозғалыс мүшелерінің функциялары зақымданған мүгедек балаларға арналған инклюзивтік оқытумен арнаулы тәжірибе мектебінің (1999 жылдан істейді) негізін қалаушы және директоры. С.М. Киров атындағы зауытта дене тәрбиесі ұжымы кеңесінің төрағасы болып жүргенде (1975-1980 жылдар) конькишілерді даярлау жөніндегі орталық базаны құрды. Жаттықтырушы ретінде қысқы олимпиадалық ойындарға коньки спортынан екі қатысушыны даярлады. Тәжірибе мектебінде 1989 жылғы БҰҰ Конвенциясына сәйкес мүгедек балалардын құқығын жүзеге асырды. Жақын және алыс шет елдердегі әріптестерімен жұмыс тәжірибесін бөлісті. 2002 жылы АҚШ мемлекеттік департаментінің шақыруы бойынша 5 штатта және 45 ұйымда болып, ауру балаларды сауықтыру әдістемесін насихаттады. Ол туралы жазылған биографиялық повесть ("Жеңімпаз", 2002) ТМД және алыс шет елдерде кеңінен тарады. "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл" мерекелік медалімен (2002), "Қазақстан Республикасының құрметті білім қызметкері" (2003) кеуде белгісімен марапатталған.
Александр Николаевич Винокуров (1973 жылы туған), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданындағы Бескөл селосында туған. Велосипед спортында зор жетістіктерге қол жеткізді. 1994 жылы Хиросимадағы жазғы Азия ойындарында командалық жарыста чемпион және топтық жарыста күміс жүлдегер болды. 1996 жылы Атлантадағы (АҚШ) жазғы олимпиадалық ойындарға қатысты. 1998 жылы "Валенсия туры" мен "Дофин Либерий" жарыстарының жеңімпазы. 1999 жылы тас жолдағы әлем кубогын үш рет жеңіп алды. 2000 жылы Сиднейдегі (Австралия) жазғы олимпиадалық ойындардың топтық жарыстағы күміс жүлдегері, "Германия турының " жеңімпазы. 2002 жылы "Париж-Ницца" веложарысын жеңіп алды, Пусанадағы жазғы Азия ойындарында топтық жарыста екінші келді. 2003 жылы "Амстел Голд" жарысында әлем кубогының жеңімпазы, "Швейцария туры" мен "Париж-Ницца" жарыстарында бірінші, "Тур де Франс" жарыстарында үшінші орынды иеленді. 2004 жылы бөлек мәре алумен жеке жарыста әлем чемпионы атанды, Афинадағы (Грекия) жазғы олимпиадалық ойындарда жеке жарыста алтыншы келді. 2005 жылы "Льяж-Бостон-Льяж" жарысының жеңімпазы, "До фин Либерин" мен "Тур де Франс" жарыстарында бесінші болды. "Тур де Франстың екі кезеңінде жеңіске жетті, "Винокуров достарын шақырады" (Астана) халықаралық критериум жарыста жеңіске жетті. 2006 жылы "Вуэльта-Кастилия" және "Вуэльта" (Испания) жарыстарында жеңімпаз атанды, "Вуэльтаның үш кезеңінде алдына жан салмады. Полицияның майоры шені бар. Қазір қазақстандық "Астана" кәсіпқой велошабандоздар командасының жетекшісі. Облыс әкімінің ұсынысымен А.Винокуровты 2006 жылы Мемлекет басшысы "Барыс" орденімен марапаттады. Облыстық мәслихаттың шешімімен 2006 жылы оған "Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы" атағы берілді.