4 Сәуір 2013, 03:46
Владимир Александрович Шаталов (1927 жылы туған), КСРО ғарышкер-ұшқышы, авиацияның генерал-лейтенанты, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, техника ғылымдарының кандидаты КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Петропавл қаласында туған. 1949 жылы Качинск авиация училишесін бітірген. 1969 жылдың қаңтарында "Союз-4" кораблімен алғаш рет ғарышқа ұшты. Сол жылғы қазан айында "Союз-8" кораблінің командирі ретінде үш корабль құрамында ғарышқа топтасып ұшуға қатысты. В.Шаталов "Союз-10" кораблімен және "Салют" орбитальдық станциясымен 1971 жылғы сәуірде үшінші рет ғарышқа ұшты. 1991 жылғы қыркүйекке дейін ғарышкерлер даярлау орталығының жетекшісі болды. Үш Ленин орденімен, КСРО-ның және шет елдердің ордендерімен, медальдарымен марапатталған. Вьетнам Социалистік Республикасының Еңбек ері. Петропавл қаласының құрметті азаматы. Ғарышкердің есімі облыс орталығындағы көшеге және орта мектепке берілген. Петропавл қаласының мәдениет және демалыс саябағында Батырдың мүсіні орнатылған.
Мақтай Рамазанұлы Сағдиев (1929 жылы туған), Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері. Талғар ауыл шаруашылығы техникумын, Н.Крупская атындағы Семей мемлекеттік мұғалімдер институтын және Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1954 жылдан Есіл аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, содан кейін Есіл ауданының Ильич атындағы МТС партбюро хатшысы болып істеген. 1961 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірген соң Есіл ауданындағы "Явленский" кеңшары партбюросының хатшысы, Сергеев ауданындағы "Афанасьевский" кеңшарының директоры болды. 1966 жылдан партия және кеңес жұмыстарында: Соколов және Жамбыл аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Торғай облатком төрағасының орынбасары болды. 1980 жылы Қазақ КСР балық шаруашылығы министрі болып тағайындалды, 1983-1985 жылдары Қостанай облаткомның төрағасы, 1985-1989 жылдары Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. 1989-1990 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы болды. 1991 жылдан Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы. Ол 10-шы және 11-ші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. "Парасат", Ленин, Октябрь революциясы, үш Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен марапатталған. "Шындық бар жерде сенім де бар" кітабының авторы.