4 Сәуір 2013, 03:41
Бәйкен Әшімұлы Әшімов (1917 жылы туған), мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері. ФЗО мектебін, ауыл шаруашылығы техникумын, Ленинград қолданбалы зоология институтын және СОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін бітірген. 1941-1942 жылдары Айыртау ауданындағы орта мектепте мұғалім болды. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1945-1961 жылдары Айыртау және Зеренді аудандарында, Көкшетау облыстық партия комитетінде басшы қызметтер атқарды. 1961-1970 жылдары Қарағанды, содан кейін Талдықорған облыстарын басқарды. 1970 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып тағайындалды, бұл қызметте он төрт жыл жұмыс істеген ол тың және тыңайған жерлерді игеруге, Қазақстанның ауыл экономикасын көтеруге сүбелі үлес қосты. 1984-1985 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы болды. 1985 жылдан дербес зейнеткер. Б.Әшімов төрт Ленин, бірінші дәрежелі екі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және медальдармен, сондай-ақ Моңғолия мен Польшаның ордендерімен марапатталған.
Сафуан Шаймерденов (1922-2007), Қазақстанның Халық жазушысы. 1943-1976 жылдары Қазақстанның баспасөз органдары мен шығармашылық ұйымдарында жұмыс істеді. Солтүстік Қазақстан облыстық "Ленин туы" газетінің әдеби қызметкері, "Лениншіл жас" газетінің Қарағанды облысы бойынша тілшісі, "Жұлдыз" журналының бөлім меңгерушісі, редакторының орынбасары, "Қазақ әдебиеті" газеті редакторының орынбасары, "Мәдениет және тұрмыс" журналы проза секциясының меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық алқасының бас редакторы болды.
1976 жылдан С.Шаймерденов шығармашылық жұмыста болды. 1953 жылы оның алғашқы "Болашаққа жол" романы, кейіннен ол "Инеш" атауымен орыс тілінде шықты. Одан кейін "Мезгіл" повесі, балаларға арналған "Жанар мен Данар", "Таныс көрші" кітаптары, "Қарғаш" повестер мен әңгімелер жинағы жарық көрді. С.Шаймерденовтің "Ағалардың алақаны" мен "Әдеби толқындар" шығармалары Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Оның "Дөкей келе жатыр", "Марғау үні" және басқа да пьесалары бірқатар республикалық және облыстық театрлардың сахналарында табыспен көрсетілшуде. Үнді әдебиетінің классигі Р.Тагордың "Бөліну" романын және Л.Н.Толстойдың "Альберт" повесін қазақ тіліне аударды. Петропавл қаласының құрметті азаматы, "Құрмет белгісі" және "Отан" ордендерімен, медальдармен марапатталған.