3 Сәуір 2013, 23:42
Соғыс біткеннен кейін бейбіт еңбекке көшу оңай бола қойған жоқ. Себу алқаптарының 126 мың гектарын арамшөп басып қалды, машина-трактор паркі кеміп кетті. Шаруашылықтардың көпшілігі соғыстан кейінгі алғашқы жылдарда астық тапсыру жоспарларын жартылай ғана орындады. 1946 жылы 102 үжымшар мемлекетке астық тапсыра алмады. Мал шаруашылығындағы жағдай бұдан да нашар еді. Көптеген шаруашылықтарда арбаға сиыр жетілді. 1941 жылмен салыстырғанда облыста мал басы 26 пайызға кеміп кетті. Үкімет ұжымшарлар өндірісін дамытудың экономикалық тетіктерін табудың орнына қатаң әкімшілік шараларды қолданды. Сөйтіп, 1946 жылы астық тапсыруды бұзғаны үшін 231 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
1950 жылы ұжымшарлар өндірісін нығайту мақсатымен Министрлер Кеңесі мен ВКП(б) Орталық Комитетінің шағын ұжымшарларды ұлғайту туралы қаулысы қабылданды. Солтүстік Қазақстан облысында 426 ұжымшардың негізінде 230-ы құрылды. Алайда бұл шара тиімді болмады. 1952 жылы ұжымшарлардың несие қарызы 32 миллион сомға — 1951 жылғы кірістің 70 пайызына дейін жетті.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауарлық көлемін тың және тыңайған жерлерді игеру және жаңа сатып алу бағаларын енгізу есебінен арттыру көзделді. Алайда бұл маңызды шаруашылық міндет алдын ала ғылыми-зерттеу мен даярлықсыз шешілді. Адамдар мен ауыл шаруашылық техникалары жетіспеген жағдайда, парға көңіл бөлмегенде, топырақ өңдеудің ғылыми жүйесі болмағанда жөне бұрынғы себу әдістерінің өктемдігі кезінде тың көтеру жердің тозуына әкеліп соқтырды. Егістік алқаптарының көлемі артқанымен, бұрынғы Тың өлкесінде бірнеше жылдар бойы өнімділік болмашы ғана болды. 1955 жылы Солтүстік Қазақстан облысында егістік жер көлемі 500 мың гектарға артса да астықтың жалпы өнімі 172,8 тоннаға кеміді. Уақыт өте тың игерудің алғашқы жылдарындағы ағаттықтар түзетіліп отырды. Егіншіліктің топырақ қорғау жүйесі жасалып, кеңінен қолданыла бастады, ауыспалы егіс жүйесі, қар тоқтату қолданылды. Мұның өзі өнімділікке қол жеткізді. 1960 жылы 1940 жылмен салыстырғанда облыста астықтың жалпы өнімі алты есеге дерлік, 1970 жылы 7,4 есе, ал 1980 жылы 10 есе артты.
Әрине, тыңдағы шаруашылықтардың өндірістік табыстары солтүстікқазақстандықтардың әл-ауқатының артуына қол жеткізді. Астық шығымды болған 1956 жыл 19 кеңшардың оларды ұйымдастыруға кеткен шығындарын өтеуте мүмкіндік беріп, олар 26 миллион сом пайда тапты. 1957 жылы 99 ұжымшар мен 14 МТС-тің негізінде тағы да 16 кеңшар құрылды. Оларда 13,5 мың бас мал өсірілді. 1958 жылдың өзінде ғана облыста сиырлар саны 13 пайызға, сүт өндірісі 60 пайызға өсіп, мемлекетке сүт сату 65 пайызға артты.