1 Сәуір 2013, 09:57
2010 жылғы маусым «Шахтер» үшін онша сәтті болмады. Команда сол кездегі жаңа жүйе (6+6) бойынша өткен чемпионат қорытындысында еліміздің ең мықты алты ұжымының ең соңында қалып қойды. Сондай-ақ, қарағандылықтар 2009–2010 жылдары қатарынан екі рет Қазақстан Кубогы жолындағы жарыстың финалында өнер көрсетті.
2011 жылғы маусым «Шахтер» командасы үшін аса табысты жыл болды. Чемпионат алдында клубтың басшылығы мен жаттықтырушылар қосыны түгелге дерлік ауысты. Команда сапындағы ойыншылар құрамы да сексен пайызға жуық жаңарды. «Шахтердің" жаңа басшысы Ерден Балтабайұлы Халилиннің келуімен клубтағы кейбір орын алған кемшіліктер түзеліп, қаржы-материалдық және техникалық жағдай жақсара түсті. Бас бапкер, ресейлік маман Виктор Кумыков команда сапына шеберлігі жоғары, тәжірибелері мол, аса сенімді ойыншыларды жинап, «Шахтерді» тұңғыш рет Қазақстанның чемпионы деген мәртебелі атаққа жеткізді. Бұл тарихи жеңістің Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі-де оның маңызын тіпті арттыра түседі. «Шахтер» чемпион болған 2011 жылғы маусымда мына футболшылар өнер көрсетті: қақпашылар Александр Григоренко, Александр Мокин, қорғаушылар, Евгений Тарасов, Алдин Джидич, Никола Василевич, Қайрат Отабаев, Игорь Солошенко, Андрей Порываев, Арсен Тюленев, Асхат Борантаев, жартылай қорғаушылар Ильнур Мангуткин, Жамбыл Көкеев, Мақсат Байжанов, Вадим Боровский, Гедиминас Вичюс, Григорий Дубков, Вячеслав Эрбес, Қанат Әлиев, шабуылшылар Андрей Финонченко (кап.), Ахат Жолшорин, Сергей Хижниченко, Серік Досманбетов, Миланко Рашкович. Чемпионат қызған кезде аталған футболшылардың кейбірін қорғаушылар Александр Киров, Иван Шевченко, жартылай қорғаушылар Ұлан Қонысбаев, Душан Петрионевич, шабуылшылар Виорел Фрунза, Тоқтар Жанғылышбай алмастырды. Бұл маусымда «Шахтердің" қосалқы құрамы да тамаша өнер көрсетіп, Ұлттық Футбол Лигасының кубогын жеңіп алды.
Сонымен қатар, «Шахтер» 2011 жылғы маусымда УЕФА Еуропа Лигасының іріктеу сынында сәтті өнер көрсетті. «Кеншілер» алғашқы ойында Словенияның «Копер» командасын екі матч қорытындысында (1:1, 2:1) жеңіп, өзінің тарихында тұңғыш рет жарыстың келесі кезеңіне жолдама алды. Бұл ойындарда біздің жақтан голдарды Жамбыл Көкеев пен Ұлан Қонысбаев (2) соқты. Екінші раундта біздің команда Ирландияның «Сент-Патрикс» командасымен күш сынасып, бірінші ойында 2:1 (бізден екі голды да босниялық легионер Василевич соқты) есебімен жеңсе, сырт алаңдағы тартысты өткен қарымта матчта 0:2 есебімен жеңілістің ащы дәмін татты.
Дереккөзі: «Шахтер» футбол клубы