28 Наурыз 2013, 10:38
1931 жылы ауданда МТС ашылып колхоз құрылысы басталды. 1939 жылдары ауданда 245 колхоз, 1 өндірістік артель, 1 МТС болған. Негізінен мақта өсіріп, егін шаруашылығымен айналысқан. Соғыс жылдары, одан кейін Сунақата, Тайпақкөл, Келінтөбе каналдары қазылып, егіс көлемі ұлғайған. Төменарықтық А.Д.Романов, талаптық Ә.Әбутәліпов Кеңес Одағының Батыры атанса, жылқышылар К.Тағаев, Н.Ержанов, С.Құрымбеков, С.Сұлтанмұратов, күрішшілер Ә.Еламанов, Ә.Исаев, И.Цой, шопан Қ.Омаровтарға Еңбек Ері атағы берілген.
1957-1961 жылдары аудан колхоздары 4 совхозға біріктірілген. Талап, Бірлік, Красная Звезда, Төменарық, 1965 жылдан Түгіскен массиві игеріле бастап, жаңадан күріш совхоздары (Задарья, Келінтөбе, ХХІІІ, ХХІV партия съезі атындағы, Түгіскен, Өзгент) ашылып, суармалы егіс шаруашылығы дамыды. Шопандарымыз Ш.Абжалов, О.Бидашовтар, күрішші Ә.Әбиев Еңбек Ері атанды. Дихан Әлиасқар Сұлтанов Еңбек Даңқы орденінің толық иегері болды.
Аудан қазір әкімшілік-территориялық жағынан 2 кент, 24 ауылдық округтерге бөлінген.
Аудан көлемінде Жиделі, Бесарық, Ақүйік өзендері негізінде Жиделі су қоймасы 1985 жылы салынса, Ақүйік су тоспасы 1989 жылы салынған. Бесарық су қоймасы 1977 жылы салынған. Сыйымдылығы 17 млн текше метрге дейін.
Жаңақорғанда негізі 1918 жылы қаланған, кезінде Одаққа белгілі Жаңақорған санаторийі жұмыс істейді. Мұнда кезінде бір мезгілде 300-350 адам емделіп демалады. Бүгінде санаторий жанынан қосымша минералды су шыққан. Ол ыдысқа құйылып, халық қажетіне асырылуда.
Аудан орталығында Жеңістің 50 жылдығына байланысты «Жеңіс» кешені салынған. Онда елге оралмаған 2240 жауынгердің есімі жазылып, арнайы үлкен ескерткіш орнатылған.
Ауданда зиялы қауымды құрайтын ағарту саласының тарихы да әріде жатыр. Сонау 1904 жылдан бастау алған 2 жылдық қазақ-орыс мектебі Омартөре Жанғалин мен Байнияз Хангельдиннің ұйымдастыруымен кейін жалғасын тауып, елдің сауатын ашуда бірқатар еңбек сіңірген.
Бүкіл бір ғасырды қамтыған ағарту саласы уақыт көшіне ілесіп өсу кезеңдерін бастан өткерген. Оның дәлелі 1938 жылы Жаңақорған өңірінде 12 бастауыш, 2 орта мектепте 2038 оқушы қамтылса, 1949 жылы 2 орта, 10 жетіжылдық, 8 бастауыш мектепке ұлғайған. Ал, 1958 жылы 5 орта, 10 жетіжылдық, 9 бастауыш, 1967 жылы 7 орта, 15 сегізжылдық, 8 бастауыш, 1975 жылы 17 орта, 15 сегізжылдық, 7 бастауыш, 1986 жылы 22 орта, 12 сегізжылдық, 6 бастауыш мектеп болса, бүгінгі таңда 42 мектепке өскен. Оның 35-і орта, 7-і негізгі мектеп.
Аудандық білім саласына 1935 жылдан бүгінге дейін 19 азамат басшылық жасаған. Танымал ұстаз-мұғалімдер аз болмаған. Соның ішінде қос Ленин ордені Н.Ильялетдинов, Ленин ордені Қ.Жұматаев, ұзақ жыл білім бөлімін басқарған М.Ибрагимов, А.Асанов, Ж.Жәнібеков, соғыс ардагерлері Ә.Әшірбеков, М.Досжанов, КСРО халыққа білім беру ісінің үздіктері З.Шермағанбетов, Т.Шаметов, Б.Әбжалелов, Ж.Үпенов, В.М.Дудина, Н.Сыдықов, Ө.Увайдаев, тағы да басқа ондаған, жүздеген ұстаздардың есімдерін үлкен мақтанышпен атауға болады. Өнерде орны бөлек Б.Байкенжеев, Б.Мұхамеджанов, Б.Айсынов, Н.Жаманбаевтардың оқушыларға эстетикалық тәлім-тәрбие берудегі еңбектері ерекше.
Дереккөзі: Жаңақорған ауданы әкімдігінің аппараты