28 Наурыз 2013, 09:35
Кез келген қоғамның әлеуметтік өмірінің индикаторы мен экономикалық әлеуетінің өлшемі халықты жұмыспен қамту болып табылады. Еліміздің қарқынды дамып келе жатқан аймағы ретінде Астанада да бұл мәселеге айырықша мән беріледі. Сондықтан ол үнемі қала әкімінің жеке бақылауына алынған.
Бүгінгі күні Астанада жұмыссыз азаматтардың саны 23 мыңнан астам немесе қаланың жалпы еңбекке қабілетті халқының 5,7%-ын құрайды. Көші-қонның жоғарылығына қарамастан, бұл республикадағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі болып табылады. Қала әкімшілігінің белсенді қолданып келе жатқан іс-шараларының арқасында бұл көрсеткіш 4 жылдан бері тұрақты сақталып келеді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Аида Балаева қалалық мәслихаттың он төртінші сессиясында сөйлеген сөзінде мәлім етті.
Оның айтуынша, 2009 жылдан күні бүгінге дейін Астанада 60 мыңнан астам жұмыс орны ашылса, бұл жыл сайын 15 мың адам жұмыспен қамтылады деген сөз. Мәселен, өткен жылы экономиканың түрлі саласында қалада 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Олардың көпшілігі - 10 982 орын шағын және орта бизнес саласында. Салыстыру үшін мына фактілерді келтіруге болады. Жыл сайын тұрақты тұру үшін елордаға 40 мыңға тарта адам көшіп келеді. Олардың төрттен бірі, яғни, 10 мыңға тарта азамат еңбекке қабілетті болып табылады. Сондықтан әрбір келген адамның тұрақты түрде өсіп отырған еңбек нарығынан өзіне жұмыс табу мүмкіндіктері де арта түседі.
Астанада 2013 жылдың басынан бері 2 314 жаңа жұмыс орны ашылды. бұл жұмыс орындарының 60%-ы шағын және орта бизнеске тиесілі. Аида Балаеваның айтуынша, жаңа жұмыс орындары негізінен астананы дамыту жөніндегі әртүрлі жобаларды іске асыру есебінен құрылып отыр.
Алайда, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру кезінде бірқатар қиындықтар туындайды. Ресми деректерге сүйенсек, 2012 жылы Жұмыспен қамту басқармасына 12 639 адам хабарласқан.
Жалпы, есепке алу-тіркеу жұмыстарында қиындықтардың туындауына байланысты, тіркелмеген жұмыссыздардың нақты санын анықтау мүмкін болмай отыр. Қалада шамамен 11 мыңға тарта жұмыссыз бар. Алайда, астанадағы халық санының қарқынды артуын есепке алсақ, жұмыссыздардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Қалыптасқан жағдайдың бірнеше себептері бар. Солардың бірі – адамдардың өзін-өзі жұмыспен қамтуы; жақындарының мойынында үнемі масыл болып отыру, сондай-ақ, атқаратын жұмыстарының маусымдығы. Мұның субъективті себептері азаматтардың біліктілігінің сәйкеспеуі немесе кәсібінің еңбек нарығында сұранысының жоқтығы болып табылады. Тіпті кейбіреулердің мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламасы туралы хабарсыздығын да жоққа шығаруға болмайды.
astana.kz