"Бұл күндері Түркі халықтары кие тұтатын жерлеріне барып, Көк тәңірінің, Жер ананың, ата-баба аруағының құрметіне арнайы құрбандықтар шалатын болған. Бұл - қараңғылықты жарықтың, жамандықты жақсылықтың жеңген күні.
Түркі халқы ежелгі өркениеттің ошағына от жағып тұтатқан халықтардың бірі. Көшпелілер жабайы ел болған жоқ. Бұл далада ұлы мәдениет болған. Оны Сақ қорғанынан табылып жатқан жәдігерлер дәлелдейді. Ата-бабамыз өзін ғана емес, тіпті аттарын да алтынмен аптаған. Оны неше түрлі оюмен әрлеген. Сондай керемет аристократиялық, салтанатты тірлік құрған елді жабайыларға жатқыза алмасақ керек.
Кешегі совет үкіметі Наурыз мерекесіне тыйым салып, тойлатқызбай тастады. Бұның ең басты себебі - Наурыз мерекесі бүкіл Түрік халқын бірлікке тұтастыққа шақыратын мереке еді.
Бірақ Халықтың ата-бабасынан келе жатқан дәстүрі қанша қысым жасағанмен, өшпейді екен, жоғалмайды екен. Кешегі тәуелсіздік алған күні сол қалпында қайтадан келді.
Бұл - біз үшін Жаңа жыл. Бүгіннен бастап күн мен түн теңеліп, жылдың алғашқы күні басталады. Ал жаңа жылда әр адам жақсылық тілейді. Мен де еліме жақсылық тілеймін. Рухы биік, ұлағатты ел болғанын тілеймін.
Халық басшысы болмағандықтан азбайды, әділеттілік болмаған жерде азады, Халық кедейліктен азбайды, адамдары адамдық құндылықтан, кісілік парасаттылықтан айырылып қалған кезде азады. Осы жаңа жылда халқымыз қазақы қалпына келіп, әлемдегі өркениетті, мәдениетті ел болса екен деп тілеймін", - дейді Алашқа ақжарма тілегін жолдаған Қойшығара Салғараұлы.