23 Наурыз 2013, 12:56
– Киіз үйдің қаңқасын жай ағаштардан жасай алмайсың. Жасауға болады. Бірақ өте қымбатқа түседі. Сондықтан иілуге оңай, өзегі жоқ сәмбі талдан жасаймыз. Ол Қызылордада ғана аздап өседі. Бақанасқа егіп ек, өспеді. Сондықтан Қарақалпақстанға тапсырыс беріп, ағашын дайындатып аламыз да, Алматыда толық киіз үй жасаймыз, -дейді компания жетекшісі.
Алты қанат киіз үйден 24 қанат киіз үйге дейін жасайтындарын айтқан Алтынай:
- Бұл бизнес 2007-2008 жылдары жақсы жүрді. Себебі жеке кәсіпкерлермен қатар қала, аудан әкімдіктері де тапсырыс беретін. Жеке кәсіпкерлер қымызхана, дәмхана ашуға пайдаланса, әкімдіктер наурыз мерекесіне тігу үшін алды. Ал кейінгі жылдары Қытайдан темір үйлер келіп, біздің өнім өтпей қалды, - дейді ол.
ҚАЗАҚСТАНДА ҮЙ АҒАШЫН ЖАСАУ ҚЫМБАТ
Бұған дейін Моңғолиядан киіз үй әкеліп сатумен айналысқан Ербол есімді жігіттің айтуынша, «киіз үйдің ағашын Қазақстанда жасағаннан гөрі сырттан дайын күйінде алып келген тиімді».
Киіз үйдің сүйегі. Сурет Алтынай Мырзахметқызының жеке мұрағатынан алынды.
– Бұдан бірнеше жыл бұрын Моңғолиядан Қазақстанға 30-40 киіз үй әкеліп саттық. Негізінен тапсырыс берген әкімдік адамдары болды. Ол жақта 90 басты (алты қанат) үйді 2000 долларға алуға болады. Бұлар - пайдаланылған үйлер. Ал жаңалары сәл қымбаттау болады. Ал Қазақстанда жасалған мұндай көлемдегі үй кем дегенде 15 мың доллар тұрады, - дейді Ербол.
Ерболдың айтуынша, Қазақстанда жасалатын сегіз қанатты үй мен Монғолия қазақтарының алты қанаты үйінің көлемі бірдей.
Ал киіз үй жасайтын қазақстандық компанияның жетекшісі Алтынай Мырзахметқызы:
– Ең арзаны - 64 бас алты қанат қара үй. Бағасы - 370 мың теңге. Үй ішіндегі жасау-жабдықтардың және тапсырыс берушінің қалтасына байланысты үй құны бұдан әрі өсе береді, - дейді.
ҚАҢҚАСЫ ҚАЛҒАН КОМБИНАТ
СССР тұсында, 1961 жылы малшыларды киіз үймен қамтамасыз ететін Үштөбе киіз үй комбинаты құрылған еді.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін жұмыс істеп келген бұл кәсіпорын киіз үйдің қаңқасын әртүрлі ағаштан қиып жасайтын.
Бұл кәсіпорын туралы деректерде «Алғашында есік дайындайтын, киіз басатын және механикалық үш учаске жұмыс істеді. 1967 жылы үкіметтің қаулысымен жылына 15 мың қазақ үй жасауға мүмкіндік беретін жаңа өндірістік технология іске қосылды. Тәуелсіздік алғаннан кейін «Шаңырақ» АҚ болып қайта құрылды» деп жазылған.
Бұрынғы киіз үй фабрикасының ғимараты. Алматы облысы, Үштөбе, 14 шілде 2011 жыл.
Үштөбеге хабарласқанымызда, Ерғали есімді тұрғын «Кәсіпорын жұмысын мүлдем тоқтатқан. Қазір есік-терезесіз жоқ, аңғал-саңғал ғимараты ғана тұр» деді.
Үштөбе киіз үй комбинатының бұрынғы тұтынушылары негізінен шопандар болғаны белгілі.
Бүгінгі киіз үй жасаушылар «Қазіргі тапсырыс берушілер - қымызхана, дәмхана иелері» дейді.
Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Тоғызбұлақ ауылының тұрғыны Қайсар Әбілқайыров та «ағаш үйге қарағанда қаңқасы темірден жасалған киіз үйдің артықшылықтары мол» екенін айтты.
- Біз - малдағы адамдармыз. Бұрындары жайлауға шыққанда ағаш киіз үй тігетінбіз. Екі жыл бұрын уық-керегесі темір үйді Қытайдан келгендерден 70 мың теңгеге сатып алдым. Қазір соны пайдаланып жүрмін. Бұл үй, ең біріншіден, жылдам тігіледі, жылдам жиналады. Екіншіден, жиып қойғанда көп орын қажет емес және жеңіл. Үшіншіден, бастырықтары мықты болса, желге де төзімді, - дейді ол.
ҚАЗАҚ КИІЗ ҮЙІ ЕКІГЕ БӨЛІНЕДІ
- Киіз үй бітімі жағынан қыпшақ киіз үйі және моңғол немесе қалмақ киіз үйі деп ғылыми тұрғыдан екіге бөлінеді. Қыпшақ киіз үйлері биік, еңселі, ал моңғол киіз үйлері жатаған келеді, - дейді этнограф Досымбек Қатран.
Василий Верещагиннің "Шу өзені жағасындағы киіз үй" суреті. Сурет 1869-1870 жылдары салынған. (Көрнекі сурет)
Этнографтың айтуынша, қазақ үйлерінің өзі табиғи факторға байланысты оңтүстік-батыстық үлгі және шығыстық үлгі болып бөлінеді.
– Оңтүстік-батыс өңірлерінде киіз үйлердің қары үлкен, биік келеді. Осы үйлердің «шимбай» деген де атауы бар. Олар қарақалпақтарға тән. Бұлар - желге төзімсіздеу және ыстық климатқа бейімделген, жылу сақтауды онша қажет етпейтін үйлер. Ал екінші түрі – уық қары аласа, жатаған, табиғаттың әртүрлі факторларына төзімді келетін шығыстық үйлер, - дейді Досымбек Қатран.