Жоғарғы Кеңес

8 Қараша 2012, 11:54

Соңғы редакциялау: 18 қазан 2012 ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕС – 1) бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында (КСРО) болған жоғары мемлекеттік билік органы (1936 – 88); 2) бұрынғы КСРО Халық депутаттары съезінің тұрақты жұмыс істеген органы (1988 – 93); 3) КСРО құрамына кірген одақтас республикаларда, оның ішінде Қазақстанда да болған жоғары мемл. билік органы (1937 – 93); 4) бұрынғы Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасында (РКФСР) Халық депутаттары съезінің тұрақты жұмыс істеген заң шығарушы, өкім жүргізуші және бақылаушы органы (1990 – 93); 5) қазіргі кезде Ресей Федерациясының құрамына енетін бірқатар республикалардағы заң шығарушы органның (парламенттің) атауы. КСРО Жоғарғы Кеңесі ресми түрде КСРО-дағы мемл. биліктің ең жоғары әрі бірден бір заң шығарушы органы болып саналды. Алайда, ол іс жүзінде Кеңес Одағы Коммунистік партиясының (КОКП) басшылығы қабылдаған шешімдерді құқықтық тұрғыдан қайталап, заңды құжатқа айналдырып отырды. КСРО Ж. К-сі депутаттары жалпыға бірдей тең және төте сайлау негізінде, жасырын дауыс беру жолымен төрт жыл мерзімге сайланды. Одақтық заңдар, мемл., шаруашылық және әлеум.-мәдени құрылыстың аса маңызды мәселелері бойынша шешімдер осы Ж. К. қабылдаған ресми құжаттар түрінде күшіне енді. КСРО Конституциясы бойынша Ж. К-тің құзырына, сондай-ақ, КСРО құрамына жаңа республикалар қабылдау, одақтас республикалар арасындағы шекараларға жасалған өзгертулерді бекіту және одақтас республикалардың құрамындағы жаңа автон. республикалар мен автон. облыстардың құрылымдарын бекіту жатқызылды. КСРО Ж. К-і тең құқылы екі палатадан – Одақ Кеңесі мен Ұлттар Кеңесінен құралды. Одақ Кеңесі КСРО-ның барлық тұрғындарының жалпы мүдделерін, Ұлттар Кеңесі КСРО халықтарының ұлттық ерекшеліктеріне байланысты мүдделерін білдірді. КСРО Конституциясы бойынша, Одақ Кеңесіне 300 мың адамнан 1 депутат, Ұлттар Кеңесіне әр одақтас республикадан 32, автон. республикадан 11, автон. облыстан 5, ұлттық округтен 1 депутаттан сайланды. 23 жасқа толған, сайлау құқығын жоғалтпаған КСРО-ның әрбір азаматы Ж. К-ке депутат болып сайлана алды. Екі палата тең құқықты болды: олар тең дәрежеде заң шығарушылық бастама құқығына ие болды; палаталардың сессиялары бір мезгілде басталып, бір мезгілде аяқталды. Палаталар арасында алауыздықтар туған жағдайда мәселені палаталардың өздері теңбе-теңдік негізде құратын келісім комиссиясы қарады. Ал комиссия келісімді шешімге келе алмағанда немесе оның шешімі палаталардың бірін қанағаттандырмаған жағдайда мәселе палаталарда екінші рет қаралатын болды, олар да келісімді шешім таппаған ретте КСРО Ж. К-нің Төралқасы Ж. К-ті таратып, жаңа сайлау тағайындауға тиісті еді. КСРО Ж. К-і КСРО заңдарын шығару жөнінде айрықша құқықты пайдаланды. Ол заң шығарушылық қызметті екі түрде: тікелей заңдар қабылдау жолымен және сессиялар аралығында шығарылған заңнамаға өзгертулер енгізген КСРО Ж. К-і Төралқасының жарлықтарын бекіту жолымен жүзеге асырды. Заңдарға палаталар бойынша бөлек-бөлек дауыс берілді. Әр палатада жай көпшілік дауыс берілген жағдайда заң қабылданды деп есептелді. Конституцияға өзгертулер енгізу үшін әр палатада басым көпшілік дауыс (кемінде 2/3 дауыс) берілуі талап етілді. Сондай-ақ Конституция бойынша Ж. К-ке КСРО Ж. К-інің Төралқасын сайлау, КСРО үкіметін – КСРО Мин. Кеңесін құру, КСРО Жоғ. сотын сайлау, КСРО Бас прокурорын тағайындау жүктелді. Олар ресми түрде Ж. К. алдында жауапты болды және оған есеп беріп тұрды. КСРО Ж. К-і сессияларында депутаттар КСРО Ж. К-і Төралқасының сессиялар аралығында шығарылған жарлықтары туралы баяндамаларын, КСРО Мин. Кеңесінің баяндамаларын, т.б. тыңдады. Сондай-ақ КСРО үкіметіне немесе оның жекелеген мүшелеріне палаталардың тұрақты комиссиялары арқылы депутаттардың сұрау салуы жолымен де бақылау жасалды. КСРО Ж. К-і қажет деп тапқан жағдайда кез келген мәселе бойынша тергеу және тексеру комиссияларын тағайындай алатын еді. Ж. К. сессиялары жылына кемінде 2 рет шақырылды. Ж. К. Төралқасы өз қалауы немесе одақтас республикалардың бірінің талап етуі бойынша кезектен тыс (төтенше) сессия шақыра алды. Жаңа сайланған Ж. К-тің 1-ші сессиясында депутаттардың қатарынан КСРО Ж. К-інің Төралқасы сайланды, ал әр палата – палатаның отырыстарын басқару үшін төрағалар және оның 4 орынбасарын сайлады, палаталардың бірлескен және бөлек мәжілістерінің тәртіптемелерін бекітті. КСРО-дағы жоғары мемл. билік органдарының міндеттерін жүзеге асыруда палаталардың көмекші органдары – КСРО Ж. К-інің тұрақты комиссиялары маңызды буын болды. Әр палата 10 тұрақты комиссия құрды. Олар: мандат комиссиясы, заң шығарушылық ұсыныстар комиссиясы, жоспар-бюджет комиссиясы, сыртқы істер жөніндегі комиссия, сондай-ақ бірқатар салалық комиссиялар – мемл. басқару салалары немесе салалар топтары жөніндегі комиссиялар. Одақтас және автон. республикаларда Ж.К. бір палаталы болды, олар тиісті республика конституциясында белгіленген өкілдік нормалары шегінде сайланды. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі (1937 – 91) Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасындағы (Қазақ КСР-і) мемл. биліктің бір палаталы ең жоғары органы болды. Қазақстан КСРО құрамындағы одақтас республика болып құрылғанға дейінгі алғашқы кезеңде (1920 ж. қазан – 1936 ж. желтоқсан) республикада мемл. биліктің заң шығарушы, өкім жүргізуші және бақылаушы органы міндетін Қазақ Автономиялық Социалистік Республикасының (Қазақ АКСР-і) Орталық Атқару Комитеті (ОАК) [1925 ж. cәуір айына дейін Қырғыз (Қазақ) АКСР ОАК-і] атқарды. Қазақ КСР Ж. К. республиканың қарауына жатқызылған барлық мәселелерді шешуге құқылы болды, әрі оған республика аумағында жоғары заң шығарушы орган ретінде заң шығарудың бүкіл өкілдік билігі жүктелді. Оның құзырына Қазақ КСР Конституциясын, шаруашылық құрылыстағы, экон., әлеум.-мәдени өмірдегі алуан түрлі мәселелер бойынша заң қабылдау және өзгерту, сондай-ақ құқықтық-нормативтік сипаты бар заңи құжаттарды, үкімет құрамына және Конституцияға өзгерістер енгізетін барлық жарлықтарды ресми түрде бекіту өкілеттігі берілді. Ж. К. Қазақ КСР-нің экон. және әлеум. дамуы жөніндегі мемл. жоспарларын, мемл. бюджетін және олардың атқарылуы туралы есептерді бекітті. Казақ КСР Мин. Кеңесінің төрағасы, оның бірінші орынбасары, орынбасарлары, министрлер және Қазақ КСР мемл. к-ттерінің төрағалары құрамында Қазақ КСР Үкіметін құрды. Кезектен тыс сессиялар Ж. К. Төралқасының бастамасымен немесе депутаттардың кем дегенде үштен бір бөлігінің ұсынысымен шақырылды. Ж. К. сессиясы оның мәжілістері, ал олардың аралығында Ж. К. тұрақты комиссиялары мен өзге де комиссияларының мәжілістері түрінде өткізіліп тұрды. Әрбір жаңадан сайланған Ж. К. өзінің бірінші сессиясында тұрақты жұмыс істейтін, өзінің бүкіл қызметінде Ж. К-ке есеп беріп тұратын және оның сессиялары аралығындағы кезеңде Қазақ КСР жоғары мемл. билік құзырын жүзеге асыратын органы – Ж. К-тің Төралқасын сайлап отырды. Қазақ КСР Ж. К-і мемл. билік түрлерінің бірі саналатын сот жұмысы саласында да толық билікке ие болды. Ол сот төрелігін жүзеге асыру тәртібін, сот органдары жүйесін, оларды сайлау тәртібін, өкілеттігін, қылмыстық және тәртіптік жауапкершілігін белгіледі, сот ісін жүргізу қызметіне бақылау жасады. Ол Ж. К. Төралқасының Төрағасын, орынбасарын, хатшысын, мүшелерін және үкімет мүшелерін, Жоғ. сот мүшелері мен халық заседательдерін өз міндеттерін орындаудан мерзімінен бұрын босатуға өкілетті болды. Қазақ КСР Ж. К-інің 1-сайлауы 1938 ж. 24 маусымда, ең соңғы 12-сайлауы 1990 ж. өткізілді. Қазақ КСР-інің осы соңғы сайланған Ж. К-і Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін баянды еткен аса маңызды тарихи заңнамалық құжаттар қабылдады. Атап айтқанда: 1990 ж. сәуірде “Қазақ КСР Президенті қызметін белгілеу туралы” Заң қабылдап, Қазақстанда Президенттік басқаруды енгізді, бұл мәртебелі қызметке Н.Ә. Назарбаев сайланды; осы жылғы 25 қазанда “Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы” Декларацияны, 1991 ж. 10 желтоқсанда Қазақ КСР-інің атауын Қазақстан Республикасы (Қазақстан) деп қайта атау туралы Заңды, 16 желтоқсанда “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңын қабылдады; 1992 ж. маусымда егеменді тәуелсіз республиканың жаңа мемл. рәміздерін – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гербі мен Мемлекеттік Туын, желтоқсанда Мемлекеттік Әнұранын бекітті; 1993 ж. 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын (Негізгі заңын) қабылдады. Бұл Конституция өтпелі кезеңдегі жағдайды сипаттайтын құжат қызметін атқарып, елде жүргізіліп жатқан реформалар мен әлеум.-экон., саяси міндеттерді шешуге бағытталды және екі жыл бойы Негізгі заң ретіндегі тарихи қызметін орындап шықты. Алайда, КСРО ыдырап, тәуелсіз мемлекеттілікті жүзеге асыра бастаған кезде қалыптасқан саяси, әлеум.-экон. жағдайда Қазақстандағы бұрынғы халық депутаттарының кеңестері түріндегі өкілетті органдар жүйесі республиканы дағдарыстан алып шығуға дәрменсіз болды. Ескі өкілетті билік жүйесімен және олардың заң шығарушылық әдістерімен нарықтық экономикаға бет алған жаңа қоғам орнату мүмкін емес еді. Кеңестік дәуірде сайланған соңғы Ж. К. елде қалыптасқан осындай жағдайда өз отырыстарын өткізуге қажетті депутаттар санын жинай алмайтыны айқын болғандықтан өзін-өзі таратуға мәжбүр болды. Сөйтіп, 1993 ж. 13 желтоқсанда Ж.К-тің Төрағасы оның таратылғанын ресми түрде жария етті. Республиканың жаңа Ж. К-і сайланғанға дейін биліктің барлық тұтқасы Президенттің қолына уақытша көшті. Президент өз өкілеттігін пайдалана отырып, 1993 ж. 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасындағы сайлау жөніндегі жаңа кодекс туралы Жарлыққа қол қойды. Жаңа кодекс бойынша Қазақстан Республикасының Ж. К-і 117 депутаттан тұрды. Оның 42-сі Президент ұсынған тізім бойынша сайланады. Қоғамдық бірлестіктердің депутаттыққа өз кандитаттарын ұсынуына мүмкіндік беретін баптар енгізілді, сондай-ақ азаматтың өзін-өзі ұсынуына мүмкіндік туды. Қазақстан Республикасының Ж. К-ін және жергілікті заң шығарушы органдар – мәслихаттарды жаңа кодекс бойынша сайлау 1994 ж. 7 наурызда өтті. Сөйтіп, республикада алғаш рет көп партиялылық негізде заңдар қабылдауға қабілетті Ж.К. сайланды. Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысымен 1995 ж. 30 тамызда өткен респ. референдумда елдің жаңа Конституциясы қабылданды. Осы Конституция бойынша 1996 ж. қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында жоғары заң шығарушылық өкілеттігін жүзеге асыратын қос палаталы (Сенат пен Мәжіліс) жоғары өкілетті билік органы – Қазақстан Республикасының Парламенті жұмыс істей бастады. Қазақ АКСР ОАК-нің төрағалары болып С.Меңдешев (1920 ж. сәуір – 1925 ж. сәуір), Ж.Мыңбаев (1925 ж. сәуір – 1927 ж. сәуір), Е.Ерназаров (1927 ж. сәуір – 1935 ж. қаңтар), Ұ.Құлымбетов (1935 ж. қаңтар – 1937 ж. қазан), Н.Өмірзақов (1937 ж. қазан – 1938 ж. шілде); Қазақ КСР Ж. К-сі Төралқасының төрағалары болып Ә.Қазақбаев (1938 ж. шілде – 1947 ж. наурыз), Д.Керімбаев (1947 ж. наурыз – 1954 наурыз), Н.Оңдасынов (1954 ж. наурыз – 1955 ж. наурыз), Ж.Тәшенов (1955 ж. наурыз – 1960 ж. қаңтар), Р.Кәріпжанов (1960 ж. қаңтар – 1965 ж. сәуір), С.Ниязбеков (1965 ж. сәуір – 1978 ж. желтоқсан), И.Әбдікәрімов (1978 ж. желтоқсан – 1979 ж. желтоқсан), С.Мұқашев (1985 ж. наурыз – 1988 ж. ақпан), З.Камалиденов (1988 ж. ақпан – желтоқсан), М.Р. Сағдиев (1989 ж. наурыз – 1990 ж. ақпан), Н.Ә. Назарбаев (1990 ж. ақпан – 1990 ж. сәуір), Е.Асанбаев (1990 ж. сәуір – 1991 ж. қазан); Қазақстан Республикасы Ж. К-сінің төрағалары болып С.Әбділдин (1991 ж. желтоқсан – 1993 ж. желтоқсан), Ә.Кекілбаев (1994 ж. наурыз – 1995 ж. қаңтар) жұмыс істеді. С. Рахымжанұлы Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 4-том

Соңғы редакциялау:

18 қазан 2012

ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕС – 1) бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында (КСРО) болған жоғары мемлекеттік билік органы (1936 – 88); 2) бұрынғы КСРО Халық депутаттары съезінің тұрақты жұмыс істеген органы (1988 – 93); 3) КСРО құрамына кірген одақтас республикаларда, оның ішінде Қазақстанда да болған жоғары мемл. билік органы (1937 – 93); 4) бұрынғы Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасында (РКФСР) Халық депутаттары съезінің тұрақты жұмыс істеген заң шығарушы, өкім жүргізуші және бақылаушы органы (1990 – 93); 5) қазіргі кезде Ресей Федерациясының құрамына енетін бірқатар республикалардағы заң шығарушы органның (парламенттің) атауы. КСРО Жоғарғы Кеңесі ресми түрде КСРО-дағы мемл. биліктің ең жоғары әрі бірден бір заң шығарушы органы болып саналды. Алайда, ол іс жүзінде Кеңес Одағы Коммунистік партиясының (КОКП) басшылығы қабылдаған шешімдерді құқықтық тұрғыдан қайталап, заңды құжатқа айналдырып отырды. КСРО Ж. К-сі депутаттары жалпыға бірдей тең және төте сайлау негізінде, жасырын дауыс беру жолымен төрт жыл мерзімге сайланды. Одақтық заңдар, мемл., шаруашылық және әлеум.-мәдени құрылыстың аса маңызды мәселелері бойынша шешімдер осы Ж. К. қабылдаған ресми құжаттар түрінде күшіне енді. КСРО Конституциясы бойынша Ж. К-тің құзырына, сондай-ақ, КСРО құрамына жаңа республикалар қабылдау, одақтас республикалар арасындағы шекараларға жасалған өзгертулерді бекіту және одақтас республикалардың құрамындағы жаңа автон. республикалар мен автон. облыстардың құрылымдарын бекіту жатқызылды. КСРО Ж. К-і тең құқылы екі палатадан – Одақ Кеңесі мен Ұлттар Кеңесінен құралды. Одақ Кеңесі КСРО-ның барлық тұрғындарының жалпы мүдделерін, Ұлттар Кеңесі КСРО халықтарының ұлттық ерекшеліктеріне байланысты мүдделерін білдірді. КСРО Конституциясы бойынша, Одақ Кеңесіне 300 мың адамнан 1 депутат, Ұлттар Кеңесіне әр одақтас республикадан 32, автон. республикадан 11, автон. облыстан 5, ұлттық округтен 1 депутаттан сайланды. 23 жасқа толған, сайлау құқығын жоғалтпаған КСРО-ның әрбір азаматы Ж. К-ке депутат болып сайлана алды. Екі палата тең құқықты болды: олар тең дәрежеде заң шығарушылық бастама құқығына ие болды; палаталардың сессиялары бір мезгілде басталып, бір мезгілде аяқталды. Палаталар арасында алауыздықтар туған жағдайда мәселені палаталардың өздері теңбе-теңдік негізде құратын келісім комиссиясы қарады. Ал комиссия келісімді шешімге келе алмағанда немесе оның шешімі палаталардың бірін қанағаттандырмаған жағдайда мәселе палаталарда екінші рет қаралатын болды, олар да келісімді шешім таппаған ретте КСРО Ж. К-нің Төралқасы Ж. К-ті таратып, жаңа сайлау тағайындауға тиісті еді. КСРО Ж. К-і КСРО заңдарын шығару жөнінде айрықша құқықты пайдаланды. Ол заң шығарушылық қызметті екі түрде: тікелей заңдар қабылдау жолымен және сессиялар аралығында шығарылған заңнамаға өзгертулер енгізген КСРО Ж. К-і Төралқасының жарлықтарын бекіту жолымен жүзеге асырды. Заңдарға палаталар бойынша бөлек-бөлек дауыс берілді. Әр палатада жай көпшілік дауыс берілген жағдайда заң қабылданды деп есептелді. Конституцияға өзгертулер енгізу үшін әр палатада басым көпшілік дауыс (кемінде 2/3 дауыс) берілуі талап етілді. Сондай-ақ Конституция бойынша Ж. К-ке КСРО Ж. К-інің Төралқасын сайлау, КСРО үкіметін – КСРО Мин. Кеңесін құру, КСРО Жоғ. сотын сайлау, КСРО Бас прокурорын тағайындау жүктелді. Олар ресми түрде Ж. К. алдында жауапты болды және оған есеп беріп тұрды. КСРО Ж. К-і сессияларында депутаттар КСРО Ж. К-і Төралқасының сессиялар аралығында шығарылған жарлықтары туралы баяндамаларын, КСРО Мин. Кеңесінің баяндамаларын, т.б. тыңдады. Сондай-ақ КСРО үкіметіне немесе оның жекелеген мүшелеріне палаталардың тұрақты комиссиялары арқылы депутаттардың сұрау салуы жолымен де бақылау жасалды. КСРО Ж. К-і қажет деп тапқан жағдайда кез келген мәселе бойынша тергеу және тексеру комиссияларын тағайындай алатын еді. Ж. К. сессиялары жылына кемінде 2 рет шақырылды. Ж. К. Төралқасы өз қалауы немесе одақтас республикалардың бірінің талап етуі бойынша кезектен тыс (төтенше) сессия шақыра алды. Жаңа сайланған Ж. К-тің 1-ші сессиясында депутаттардың қатарынан КСРО Ж. К-інің Төралқасы сайланды, ал әр палата – палатаның отырыстарын басқару үшін төрағалар және оның 4 орынбасарын сайлады, палаталардың бірлескен және бөлек мәжілістерінің тәртіптемелерін бекітті. КСРО-дағы жоғары мемл. билік органдарының міндеттерін жүзеге асыруда палаталардың көмекші органдары – КСРО Ж. К-інің тұрақты комиссиялары маңызды буын болды. Әр палата 10 тұрақты комиссия құрды. Олар: мандат комиссиясы, заң шығарушылық ұсыныстар комиссиясы, жоспар-бюджет комиссиясы, сыртқы істер жөніндегі комиссия, сондай-ақ бірқатар салалық комиссиялар – мемл. басқару салалары немесе салалар топтары жөніндегі комиссиялар. Одақтас және автон. республикаларда Ж.К. бір палаталы болды, олар тиісті республика конституциясында белгіленген өкілдік нормалары шегінде сайланды.

Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі (1937 – 91) Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасындағы (Қазақ КСР-і) мемл. биліктің бір палаталы ең жоғары органы болды. Қазақстан КСРО құрамындағы одақтас республика болып құрылғанға дейінгі алғашқы кезеңде (1920 ж. қазан – 1936 ж. желтоқсан) республикада мемл. биліктің заң шығарушы, өкім жүргізуші және бақылаушы органы міндетін Қазақ Автономиялық Социалистік Республикасының (Қазақ АКСР-і) Орталық Атқару Комитеті (ОАК) [1925 ж. cәуір айына дейін Қырғыз (Қазақ) АКСР ОАК-і] атқарды. Қазақ КСР Ж. К. республиканың қарауына жатқызылған барлық мәселелерді шешуге құқылы болды, әрі оған республика аумағында жоғары заң шығарушы орган ретінде заң шығарудың бүкіл өкілдік билігі жүктелді. Оның құзырына Қазақ КСР Конституциясын, шаруашылық құрылыстағы, экон., әлеум.-мәдени өмірдегі алуан түрлі мәселелер бойынша заң қабылдау және өзгерту, сондай-ақ құқықтық-нормативтік сипаты бар заңи құжаттарды, үкімет құрамына және Конституцияға өзгерістер енгізетін барлық жарлықтарды ресми түрде бекіту өкілеттігі берілді. Ж. К. Қазақ КСР-нің экон. және әлеум. дамуы жөніндегі мемл. жоспарларын, мемл. бюджетін және олардың атқарылуы туралы есептерді бекітті. Казақ КСР Мин. Кеңесінің төрағасы, оның бірінші орынбасары, орынбасарлары, министрлер және Қазақ КСР мемл. к-ттерінің төрағалары құрамында Қазақ КСР Үкіметін құрды. Кезектен тыс сессиялар Ж. К. Төралқасының бастамасымен немесе депутаттардың кем дегенде үштен бір бөлігінің ұсынысымен шақырылды. Ж. К. сессиясы оның мәжілістері, ал олардың аралығында Ж. К. тұрақты комиссиялары мен өзге де комиссияларының мәжілістері түрінде өткізіліп тұрды. Әрбір жаңадан сайланған Ж. К. өзінің бірінші сессиясында тұрақты жұмыс істейтін, өзінің бүкіл қызметінде Ж. К-ке есеп беріп тұратын және оның сессиялары аралығындағы кезеңде Қазақ КСР жоғары мемл. билік құзырын жүзеге асыратын органы – Ж. К-тің Төралқасын сайлап отырды. Қазақ КСР Ж. К-і мемл. билік түрлерінің бірі саналатын сот жұмысы саласында да толық билікке ие болды. Ол сот төрелігін жүзеге асыру тәртібін, сот органдары жүйесін, оларды сайлау тәртібін, өкілеттігін, қылмыстық және тәртіптік жауапкершілігін белгіледі, сот ісін жүргізу қызметіне бақылау жасады. Ол Ж. К. Төралқасының Төрағасын, орынбасарын, хатшысын, мүшелерін және үкімет мүшелерін, Жоғ. сот мүшелері мен халық заседательдерін өз міндеттерін орындаудан мерзімінен бұрын босатуға өкілетті болды. Қазақ КСР Ж. К-інің 1-сайлауы 1938 ж. 24 маусымда, ең соңғы 12-сайлауы 1990 ж. өткізілді.

Қазақ КСР-інің осы соңғы сайланған Ж. К-і Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін баянды еткен аса маңызды тарихи заңнамалық құжаттар қабылдады. Атап айтқанда: 1990 ж. сәуірде “Қазақ КСР Президенті қызметін белгілеу туралы” Заң қабылдап, Қазақстанда Президенттік басқаруды енгізді, бұл мәртебелі қызметке Н.Ә. Назарбаев сайланды; осы жылғы 25 қазанда “Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы” Декларацияны, 1991 ж. 10 желтоқсанда Қазақ КСР-інің атауын Қазақстан Республикасы (Қазақстан) деп қайта атау туралы Заңды, 16 желтоқсанда “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңын қабылдады; 1992 ж. маусымда егеменді тәуелсіз республиканың жаңа мемл. рәміздерін – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гербі мен Мемлекеттік Туын, желтоқсанда Мемлекеттік Әнұранын бекітті; 1993 ж. 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын (Негізгі заңын) қабылдады. Бұл Конституция өтпелі кезеңдегі жағдайды сипаттайтын құжат қызметін атқарып, елде жүргізіліп жатқан реформалар мен әлеум.-экон., саяси міндеттерді шешуге бағытталды және екі жыл бойы Негізгі заң ретіндегі тарихи қызметін орындап шықты. Алайда, КСРО ыдырап, тәуелсіз мемлекеттілікті жүзеге асыра бастаған кезде қалыптасқан саяси, әлеум.-экон. жағдайда Қазақстандағы бұрынғы халық депутаттарының кеңестері түріндегі өкілетті органдар жүйесі республиканы дағдарыстан алып шығуға дәрменсіз болды. Ескі өкілетті билік жүйесімен және олардың заң шығарушылық әдістерімен нарықтық экономикаға бет алған жаңа қоғам орнату мүмкін емес еді. Кеңестік дәуірде сайланған соңғы Ж. К. елде қалыптасқан осындай жағдайда өз отырыстарын өткізуге қажетті депутаттар санын жинай алмайтыны айқын болғандықтан өзін-өзі таратуға мәжбүр болды. Сөйтіп, 1993 ж. 13 желтоқсанда Ж.К-тің Төрағасы оның таратылғанын ресми түрде жария етті. Республиканың жаңа Ж. К-і сайланғанға дейін биліктің барлық тұтқасы Президенттің қолына уақытша көшті. Президент өз өкілеттігін пайдалана отырып, 1993 ж. 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасындағы сайлау жөніндегі жаңа кодекс туралы Жарлыққа қол қойды. Жаңа кодекс бойынша Қазақстан Республикасының Ж. К-і 117 депутаттан тұрды. Оның 42-сі Президент ұсынған тізім бойынша сайланады. Қоғамдық бірлестіктердің депутаттыққа өз кандитаттарын ұсынуына мүмкіндік беретін баптар енгізілді, сондай-ақ азаматтың өзін-өзі ұсынуына мүмкіндік туды. Қазақстан Республикасының Ж. К-ін және жергілікті заң шығарушы органдар – мәслихаттарды жаңа кодекс бойынша сайлау 1994 ж. 7 наурызда өтті. Сөйтіп, республикада алғаш рет көп партиялылық негізде заңдар қабылдауға қабілетті Ж.К. сайланды.

Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысымен 1995 ж. 30 тамызда өткен респ. референдумда елдің жаңа Конституциясы қабылданды. Осы Конституция бойынша 1996 ж. қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында жоғары заң шығарушылық өкілеттігін жүзеге асыратын қос палаталы (Сенат пен Мәжіліс) жоғары өкілетті билік органы – Қазақстан Республикасының Парламенті жұмыс істей бастады.

Қазақ АКСР ОАК-нің төрағалары болып С.Меңдешев (1920 ж. сәуір – 1925 ж. сәуір), Ж.Мыңбаев (1925 ж. сәуір – 1927 ж. сәуір), Е.Ерназаров (1927 ж. сәуір – 1935 ж. қаңтар), Ұ.Құлымбетов (1935 ж. қаңтар – 1937 ж. қазан), Н.Өмірзақов (1937 ж. қазан – 1938 ж. шілде); Қазақ КСР Ж. К-сі Төралқасының төрағалары болып Ә.Қазақбаев (1938 ж. шілде – 1947 ж. наурыз), Д.Керімбаев (1947 ж. наурыз – 1954 наурыз), Н.Оңдасынов (1954 ж. наурыз – 1955 ж. наурыз), Ж.Тәшенов (1955 ж. наурыз – 1960 ж. қаңтар), Р.Кәріпжанов (1960 ж. қаңтар – 1965 ж. сәуір), С.Ниязбеков (1965 ж. сәуір – 1978 ж. желтоқсан), И.Әбдікәрімов (1978 ж. желтоқсан – 1979 ж. желтоқсан), С.Мұқашев (1985 ж. наурыз – 1988 ж. ақпан), З.Камалиденов (1988 ж. ақпан – желтоқсан), М.Р. Сағдиев (1989 ж. наурыз – 1990 ж. ақпан), Н.Ә. Назарбаев (1990 ж. ақпан – 1990 ж. сәуір), Е.Асанбаев (1990 ж. сәуір – 1991 ж. қазан); Қазақстан Республикасы Ж. К-сінің төрағалары болып С.Әбділдин (1991 ж. желтоқсан – 1993 ж. желтоқсан), Ә.Кекілбаев (1994 ж. наурыз – 1995 ж. қаңтар) жұмыс істеді.

С. Рахымжанұлы

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 4-том

Бөлісу: