19 Наурыз 2013, 13:17
Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті кітапханасында кітап сүйер студенттер үшін танымдық кеш өтті. Айтулы шараға қонақ ретінде ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия хатшылығының консультанты К.Әлпейісова, «Деловой мир Астана» журналының бас редакторы Ш.Сыздықова, «Отбасым» ұлттық мәдени құндылықтар орталығының үйлестірушісі Н.Жақыпова қатысты.
К.Әлпейісова студенттерге арнаған сөзінде бүгінгі таңда Елбасымыздың қолдауымен еліміздің болашағы – жастар үшін тәрбиелік маңызы зор, бірқатар жобаның іске асырылып жатқандығы туралы, Ұлттық комиссия студенттермен, жастармен кездесулер ұйымдастырып, отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған іс-шаралар өткізіп отырғанын, «Отбасым» атты журнал шығарылып, енді ұлттық-мәдени құндылықтар орталығы ашылатынын атап өтті. Терең білім алып, білікті маман болудың маңыздылығын айта отырып, жастарды бойларына белсенді өмірлік ұстаным қалыптастыруға шақырды.
Университеттің түлегі, «Деловой мир Астана» журналының бас редакторы Шолпан Сыздықова студенттерге Елбасы өмірі мен шығармашылық жолы, тәуелсіздік жолындағы қызметі мен саяси ұстанымы туралы әңгімеледі. Сондай-ақ ол оқу орнына 300-ге тарта баспа материалын тарту етті.
Ш.Сыздықова әсіресе ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолына арналған 3D форматты кітапты айрықша атап өтті. Айтулы жинақта Елбасы жеке құжатының аутентті көшірмесі берілген, бұл оқырманның оқиғаға тереңірек бойлауына мол мүмкіндік береді. ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай жарық көрген Ұлт Көшбасшының 1990-2010 жылға дейінгі қызметінің хроникасы 15 томдық топтамада басылған, мультимедиялық нұсқасы фото және бейне материалмен толықтырылған.
Шолпан ханым сонымен қатар, жиналған жұртты ҚР Президентінің баспасөз қызметі және Ұлттық медициналық холдингтің бірлескен жобасы – «Ізгілікке ізет», «Еуразия коды», «Қазақстан – жетіктіктерге жетелеген жол» және тағы да көптеген басылыммен таныстырып өтті.
Кездесу барысында жақында ғана тұсауы кесілген «Отбасым» ұлттық мәдени құндылықтар орталығының мақсат-міндеттері де кеңінен айтылды. Орталық үйлестірушісі Н.Жақыпованың айтуынша, басты міндет – жастар арасында, отбасы ішінде орын алған бірқатар мәселелердің шешілуіне көмектесу.