Наурызды Германиядағы немiстер де тойлайды

19 Наурыз 2013, 06:10

Қазығұрт ауданындағы менiң туған ауылым Қаржанда тәуелсiздiгiмiзге дейiн оншақты немiс отбасы тұрды. Ұлы Отан соғысы алдында сол кездегi алалау саясатымен Едiл бойынан қоныс аударылыпты. Арғы бабалары Поволжьеге Петр Бiрiншi патшаның құзiретiмен күшпен алдырылған көрiнедi.  Көкелерiмiздiң айтуынша, бiздiң ауылға керуен көшiн тоқ­татқан немiс отбасылары үбiрлi-шүбiрлi болып, ержеткен ұл-қыздары тұрмыс құрып ұлғайып жатса да, сол әуелдегi үй санын көбейтпей келiптi. Яғни, талай келiн түсiрiп, аһарлы-шаһарлы үрiм-бұтаққа айналса да, қазақ секiлдi еншi бөлiспей, бәрi бiр шаңырақ астында үпiрлеп-шүпiрлеп тұра берiптi. Бұл ғұрыптары, бәлкiм, ынтымағымыз ыдырамасын деген ниеттерi шығар. Қалай десе де, ата-әже, әке-шеше, бала-шаға ортақ мекен-жайда ұясынан ұғыр-шұғыр кiрiп-шығып жататын аралардай тату-тәттi тiршiлiк жасап жүретiнiн бiз де көрiп өстiк. Оншақты үйлi немiстердiң барлығы да қазақшаға судай едi. Ауылда өзге тiлде балабақша да, мектеп те жоқ. Бәрi де бiзбен бiрге оқыды. Жергiлiктi ұлттың тәлiм-тәрбиесiне мойынсұнды, тұрмыстық салт-дәстүрiн де бойларына сiңiрдi. Көбiсi жылқы ұстайтын едi. Кейбiрiнiң бап­таған жүйрiктерiмен талай бәй­гелердi бөктергенiне, зiңгiттей нарқасқалары көкпар тартқанда жұлып алатын бұлқынған бiлек күштерiне куәмiз. Араларында бiрқатары бiздiң бабалары­мыз­дың мақалдары мен мәтелдерiн майын тамызып сөйлегенде алдарына жан салмайтын едi. Әзiл-оспақты да қатырып, тiптi кейде бiзден асырып айтқанда iшегiмiз түйiлетiн-дi. Бiр қызығы, Қаржанда тұрған, туған немiстердiң ұлдары өз қандастарымен ғана қосақ құрды. Қазақ жiгiттерiнiң етегiнен ұстаған қыздары да болды. Бiзбен тамырласып кеткен сол немiс бауыр­лардың қазақша жетiк бiлдi дегенiнен шығады. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге олар да барады емес пе. Бес-алтауы ауылдас­та­рымен бiрге бiр әскери бөлiмге түседi. Саптағы жаңа алынған көп қазақ сарбаз­да­рының арасында тұрған көккөз, түрi сары бiздiң жiгiттердiң бiрiне командир орысша сөйлейдi ғой баяғы. Жерлесiмiз бiр-екi ауыз сөз­дiң басын әрең құрап, офицерге үлкен акцент­пен орысша бiлмейтiнiн жеткiзедi. Сонда сардар: «Орысша білмейтін қандай орыссың өзi» деп бұрқан-талқан ашуланыпты. Бұл әң­­гiменi парызын өтеп, елге оралғанда өзi құл­­пыртып айтқанда қыран-топан күлкiге кө­мiлетiн едiк. Ауылдағының тiлегi бiр, тойы ортақ қа­шанда. Қаржанда иiсi мұсылман үшiн жыл басын думанды мейрам ретiнде өткiзуге немiс ағайындар да бiркiсiдей атсалысатын едi. Кеңестiк заманның өзiнде-ақ көп­теген қазақ ауылдары Ұлыстың ұлы күнiн тойлағанын аға буын ұмыта қоймаған болар. Бiздiң Қаржанда да түн мен күн теңесер шақты тарихтың ашылған жаңа бетi санатында ең алдымен еңбек мерекесiне айналдырып, артынан көгалға жайылған берекелi дастарқанға, шалқыған ән-күйге ұластырып әкететiн-дi. Қаржандағы оншақты немiс әулетiнiң iшiнде құрдастары мен жасы үлкендерге Көстiк, кiшiлерiне Костя ағай атанып кеткен, өзiнiң түпкi аты-жөнi Густав Гек деген отағасының отбасы мүшелерiнiң көптiгiнен бе, өзге қандастарынан бiртөбе болып дараланып тұратын-ды. Алты ұл мен қызы өңгелерiне қарағанда ауылдастарымен етене араласты. Тұңғышы Оскардан (бiз Асқар дейтiнбiз) бастап, одан кейiнгiлерi Володя, Федя, Отто, Мирта, Альберттiң қай-қайсысы да кiшiпейiлдiгiмен, қазаққа бауырмалдығымен, қаршадайынан еңбекқорлығымен, қалжыңның түбiн түсiретiндiгiмен тәнтi еттi. Елiмiз егемендiкке қол жеткiзiп, демо­­­­­кра­тиялық даму жолына түскен алғашқы жыл­­­­дары олар өздерiнiң тарихи отанына түгел көшкенiнен хабардармын. Жадым жаңыл­­­дырмаса, 2001 жылы болар, бiр топ кiсiмен туған жерге бардық. Ауылдан он шақырымдай Қаржантаудың етегiнде екi аңғармен ағып келетiн өзендерiнiң қиылысы тұсындағы тепсеңде дiңiне қос құлашты қапсырғанмен жетпейтiн, биiктiгi 50-60 метр көк бәйтерек бар. Соның ауқымды аясында жазда жұрттың шамасы келгендерi киiз үй немесе шатыр тiгiп демалады. Ашық аспан аясында, алып шынардың панасында көрпе-төсенiшiн жайып тастап тынығып жататындар да жеткiлiктi. Әйдiк көктеректiң көлеңкесiнде тау бау­райының табиғатын қызықтап отырға­нымызда қасымызға футболка, шорты, басына жұқа матадан тiгiлген шляпа киген екi жiгiт келiп: – Ассалаумағалейкүм, көкелер! Орта толсын! Демалыстарыңыз жайлы, жақсы болсын! – деп сәлем бердi. Жүздерiне қарасақ, сары орыс, қазақша амандасуы мiнсiз. Әдепкiде таңырқап қалдық. – Танымадыңыз-ау, бiз Асқар мен Федя бо­ламыз, – дедi маған бұрылып. – Ту­­ған елге Германиядан жеткенiмiзге, бала шаға­мыз саясында талай аунап-қунаған мына бәй­те­ректiң түбiнде жатқанымызға екiншi күн. Мұнда сiздерден бұрын келдiк қой, аулаған алабұғамызды қуырамыз. Жүрiңiздер, бiздiң дастарқаннан дәм татыңыздар. – Сөздерiн тыңдап тұрғанымда-ақ таныс дидар, таныс үн жаңғырып сала бердi. Құшақтаса шұрқырасып есендестiк. Өздерi туып-өскен ауылына Оскар мен Федя екеуi келiптi. Дала дастарқаны басында шүйiркелесiп, көкiректi кернеген шерлерiн әбден босатысты. Сол жолғы тиегi ағытылған емен-жарқын әңгiмеден соң ауылдас немiс бауырларды қайтып жолықтыра алмадым. Бiрақ елге сонау Германияның бiрi Кельн, бiрi Берлин, ендiгiсi Франкфурт на Майне қалаларында тұратын олар бас қосып, бiрде екеу, келесiде үшеу, өзге жолы бiреу болып Қаржанға оқтын-оқтын атбасын бұратындарын естiдiм. Жиi келетiн Асқар (Оскар) ауылда қазаққа тұрмысқа шығып қалып қойған жамағайын әпкесiнiң өзiмен қатарлас Арынбек деген жиенiне сәйгүлiк сатып әпергенiн де құлағым шалды. Елге әр сапарында сол арғымағын мiнiп, даланың сайын желiмен жарыса жүйткiп, туған жердi көксеген сезiмiн басатынын да ауылдағылар жыр етiп айтады. Былтыр қызы Германияда жұмыс iстей­­­­­тiн бiр ағамыз сол жаққа барғанында Федя­мен, Оттомен жолығыпты. Көкемiзге бүкiл Қар­жанды көргендей қуанған олардың шетел­де де туған жерiнiң, қазақтың салт-дәстү­рiн ұмытпай, ыстық аңсармен еске алып тұратын­дарын, Наурыз мейрамы қарсаңында баяғы ауылдағыдай үйлерiн ағартып, тазалайтынын, бiр-бiрiне жақын төңiректегi туысқандары жиналып, наурыз көже iшетiндерiн, бiр-бiрiмен қазақша сөйлесiп, жандары рахаттанып бiр жасап қалатындарын әңгiмелептi. “Үлкендерi түбiнде ауылға көшкiсi келетiндерiн де жасырмай, көздерiне жас iркiлгенде жүрегiм сыздады” деген едi сонда ағамыз. “Бiздi бұл жақта немiстер демейдi, орысқа санайды” деп те мұң шағыпты тай-құлындай тебiсiп бiрге өскен көккөз, сары жүздi бауырлар. Жеңiс БАҺАДҮР, журналист. Оңтүстік Қазақстан облысы

Қазығұрт ауданындағы менiң туған ауылым Қаржанда тәуелсiздiгiмiзге дейiн оншақты немiс отбасы тұрды. Ұлы Отан соғысы алдында сол кездегi алалау саясатымен Едiл бойынан қоныс аударылыпты. Арғы бабалары Поволжьеге Петр Бiрiншi патшаның құзiретiмен күшпен алдырылған көрiнедi. 
Көкелерiмiздiң айтуынша, бiздiң ауылға керуен көшiн тоқ­татқан немiс отбасылары үбiрлi-шүбiрлi болып, ержеткен ұл-қыздары тұрмыс құрып ұлғайып жатса да, сол әуелдегi үй санын көбейтпей келiптi. Яғни, талай келiн түсiрiп, аһарлы-шаһарлы үрiм-бұтаққа айналса да, қазақ секiлдi еншi бөлiспей, бәрi бiр шаңырақ астында үпiрлеп-шүпiрлеп тұра берiптi. Бұл ғұрыптары, бәлкiм, ынтымағымыз ыдырамасын деген ниеттерi шығар. Қалай десе де, ата-әже, әке-шеше, бала-шаға ортақ мекен-жайда ұясынан ұғыр-шұғыр кiрiп-шығып жататын аралардай тату-тәттi тiршiлiк жасап жүретiнiн бiз де көрiп өстiк.
Оншақты үйлi немiстердiң барлығы да қазақшаға судай едi. Ауылда өзге тiлде балабақша да, мектеп те жоқ. Бәрi де бiзбен бiрге оқыды. Жергiлiктi ұлттың тәлiм-тәрбиесiне мойынсұнды, тұрмыстық салт-дәстүрiн де бойларына сiңiрдi. Көбiсi жылқы ұстайтын едi. Кейбiрiнiң бап­таған жүйрiктерiмен талай бәй­гелердi бөктергенiне, зiңгiттей нарқасқалары көкпар тартқанда жұлып алатын бұлқынған бiлек күштерiне куәмiз.
Араларында бiрқатары бiздiң бабалары­мыз­дың мақалдары мен мәтелдерiн майын тамызып сөйлегенде алдарына жан салмайтын едi. Әзiл-оспақты да қатырып, тiптi кейде бiзден асырып айтқанда iшегiмiз түйiлетiн-дi. Бiр қызығы, Қаржанда тұрған, туған немiстердiң ұлдары өз қандастарымен ғана қосақ құрды. Қазақ жiгiттерiнiң етегiнен ұстаған қыздары да болды.
Бiзбен тамырласып кеткен сол немiс бауыр­лардың қазақша жетiк бiлдi дегенiнен шығады. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге олар да барады емес пе. Бес-алтауы ауылдас­та­рымен бiрге бiр әскери бөлiмге түседi. Саптағы жаңа алынған көп қазақ сарбаз­да­рының арасында тұрған көккөз, түрi сары бiздiң жiгiттердiң бiрiне командир орысша сөйлейдi ғой баяғы. Жерлесiмiз бiр-екi ауыз сөз­дiң басын әрең құрап, офицерге үлкен акцент­пен орысша бiлмейтiнiн жеткiзедi. Сонда сардар: «Орысша білмейтін қандай орыссың өзi» деп бұрқан-талқан ашуланыпты. Бұл әң­­гiменi парызын өтеп, елге оралғанда өзi құл­­пыртып айтқанда қыран-топан күлкiге кө­мiлетiн едiк.
Ауылдағының тiлегi бiр, тойы ортақ қа­шанда. Қаржанда иiсi мұсылман үшiн жыл басын думанды мейрам ретiнде өткiзуге немiс ағайындар да бiркiсiдей атсалысатын едi. Кеңестiк заманның өзiнде-ақ көп­теген қазақ ауылдары Ұлыстың ұлы күнiн тойлағанын аға буын ұмыта қоймаған болар. Бiздiң Қаржанда да түн мен күн теңесер шақты тарихтың ашылған жаңа бетi санатында ең алдымен еңбек мерекесiне айналдырып, артынан көгалға жайылған берекелi дастарқанға, шалқыған ән-күйге ұластырып әкететiн-дi.
Қаржандағы оншақты немiс әулетiнiң iшiнде құрдастары мен жасы үлкендерге Көстiк, кiшiлерiне Костя ағай атанып кеткен, өзiнiң түпкi аты-жөнi Густав Гек деген отағасының отбасы мүшелерiнiң көптiгiнен бе, өзге қандастарынан бiртөбе болып дараланып тұратын-ды. Алты ұл мен қызы өңгелерiне қарағанда ауылдастарымен етене араласты. Тұңғышы Оскардан (бiз Асқар дейтiнбiз) бастап, одан кейiнгiлерi Володя, Федя, Отто, Мирта, Альберттiң қай-қайсысы да кiшiпейiлдiгiмен, қазаққа бауырмалдығымен, қаршадайынан еңбекқорлығымен, қалжыңның түбiн түсiретiндiгiмен тәнтi еттi.
Елiмiз егемендiкке қол жеткiзiп, демо­­­­­кра­тиялық даму жолына түскен алғашқы жыл­­­­дары олар өздерiнiң тарихи отанына түгел көшкенiнен хабардармын. Жадым жаңыл­­­дырмаса, 2001 жылы болар, бiр топ кiсiмен туған жерге бардық. Ауылдан он шақырымдай Қаржантаудың етегiнде екi аңғармен ағып келетiн өзендерiнiң қиылысы тұсындағы тепсеңде дiңiне қос құлашты қапсырғанмен жетпейтiн, биiктiгi 50-60 метр көк бәйтерек бар. Соның ауқымды аясында жазда жұрттың шамасы келгендерi киiз үй немесе шатыр тiгiп демалады. Ашық аспан аясында, алып шынардың панасында көрпе-төсенiшiн жайып тастап тынығып жататындар да жеткiлiктi.
Әйдiк көктеректiң көлеңкесiнде тау бау­райының табиғатын қызықтап отырға­нымызда қасымызға футболка, шорты, басына жұқа матадан тiгiлген шляпа киген екi жiгiт келiп:
– Ассалаумағалейкүм, көкелер! Орта толсын! Демалыстарыңыз жайлы, жақсы болсын! – деп сәлем бердi.
Жүздерiне қарасақ, сары орыс, қазақша амандасуы мiнсiз. Әдепкiде таңырқап қалдық.
– Танымадыңыз-ау, бiз Асқар мен Федя бо­ламыз, – дедi маған бұрылып. – Ту­­ған елге Германиядан жеткенiмiзге, бала шаға­мыз саясында талай аунап-қунаған мына бәй­те­ректiң түбiнде жатқанымызға екiншi күн. Мұнда сiздерден бұрын келдiк қой, аулаған алабұғамызды қуырамыз. Жүрiңiздер, бiздiң дастарқаннан дәм татыңыздар.
– Сөздерiн тыңдап тұрғанымда-ақ таныс дидар, таныс үн жаңғырып сала бердi. Құшақтаса шұрқырасып есендестiк. Өздерi туып-өскен ауылына Оскар мен Федя екеуi келiптi. Дала дастарқаны басында шүйiркелесiп, көкiректi кернеген шерлерiн әбден босатысты.
Сол жолғы тиегi ағытылған емен-жарқын әңгiмеден соң ауылдас немiс бауырларды қайтып жолықтыра алмадым. Бiрақ елге сонау Германияның бiрi Кельн, бiрi Берлин, ендiгiсi Франкфурт на Майне қалаларында тұратын олар бас қосып, бiрде екеу, келесiде үшеу, өзге жолы бiреу болып Қаржанға оқтын-оқтын атбасын бұратындарын естiдiм. Жиi келетiн Асқар (Оскар) ауылда қазаққа тұрмысқа шығып қалып қойған жамағайын әпкесiнiң өзiмен қатарлас Арынбек деген жиенiне сәйгүлiк сатып әпергенiн де құлағым шалды. Елге әр сапарында сол арғымағын мiнiп, даланың сайын желiмен жарыса жүйткiп, туған жердi көксеген сезiмiн басатынын да ауылдағылар жыр етiп айтады.
Былтыр қызы Германияда жұмыс iстей­­­­­тiн бiр ағамыз сол жаққа барғанында Федя­мен, Оттомен жолығыпты. Көкемiзге бүкiл Қар­жанды көргендей қуанған олардың шетел­де де туған жерiнiң, қазақтың салт-дәстү­рiн ұмытпай, ыстық аңсармен еске алып тұратын­дарын, Наурыз мейрамы қарсаңында баяғы ауылдағыдай үйлерiн ағартып, тазалайтынын, бiр-бiрiне жақын төңiректегi туысқандары жиналып, наурыз көже iшетiндерiн, бiр-бiрiмен қазақша сөйлесiп, жандары рахаттанып бiр жасап қалатындарын әңгiмелептi. “Үлкендерi түбiнде ауылға көшкiсi келетiндерiн де жасырмай, көздерiне жас iркiлгенде жүрегiм сыздады” деген едi сонда ағамыз. “Бiздi бұл жақта немiстер демейдi, орысқа санайды” деп те мұң шағыпты тай-құлындай тебiсiп бiрге өскен көккөз, сары жүздi бауырлар.

Жеңiс БАҺАДҮР, журналист.
Оңтүстік Қазақстан облысы

Бөлісу: