18 Наурыз 2013, 05:30
Қазақ ұғымында дойбы ойыны екіге бөлінеді. Текті және тексіз дойбы болып. Тексіз дойбы - ол өзіміздің күнде ойнап жүрген кәдімгі қарапайым дойбы ойнымыз. Мұнда қай тас бірінші болып межеге жетсе, сол би бола алады. Дәл осы ойыннан қарап отырсаңыз, ешқандайда тектілік байқалмайды. Кім мықты болса, сол ел басқарады деген сөз. Ал, текті дойбы дегеніміз - ол «Хан дойбысы». Оның жеке ханы болады. Биі болады. Бегі болады. Алаша халқы болады. Тентегі және қарашасы бар.
Әр қайсысының төрткөз тор тақтада атқаратын міндеті бар. Қандай ерлік жасаса да, өз дәрежесінен бір елі де ауытқымайды. Ханы хан, биі би болып қала береді. Бұл ойынның тағы бір ғанибеті хан тек ханның қара қасқа жолымен жүреді. Басқа жерде ол билігін жүргізе алмайды, тек қана ықпал етеді. Ойынның жүріс-тұрысы да өзгеше. Тек алға және екі жанына қарай жүреді. Артқа қайтпайды. Қазақтың «Ер екі сойлемейді» деген дәстүр заңын сақтайды.
Қазақта «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген мақал бар. Төртеуміз түсінікті. Ал, алтау дегеніміз кім? Алтау ол - «Хан дойбысы» ойынының кейіпкерлері. Таратып айтар болсақ: Хан, Би, Бек, Алаш, Тентек, Қараша. Бұлар барлығы әркез басшысына құлақ асып, қилы қыстау заманда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы тиіс. Қысқасы, алтауы ала болмауға тиіс.
Бұл ойынға қатысушы екі адам ханның рөлін атқарады. Ал, хан болған соң, қол астында біршама халық болады, сондай-ақ жаулары да болатыны сөзсіз. Алдыныздағы төрткөз тортақтаны ертедегі соғыс алаңы ретінде қарайсыз. Кімнің ақыл айласы жоғары болса, саяси ақылы басым болса, сол адам жеңіске жететіндігі белгілі.
Бұл ойын түрінен философиялық ойдың бұғып жатқанын байқайсыз. Шынтуайтында, қазір тек техниканың дамып жатқан заманы. Ал философияның пайда болғанына сан мың жылдар болды. Міне, осы «Хан дойбы» ойнынын сол философияның бастауы ретінде қарауға болады.
Хан дойбысы - білген адамға сыры мен қыры терең, құны өлшеусіз, философиялық мәні зор, болашағы баянды, ата-бабаларымыздан қалған таптырмас мол мұраның бірі болып саналады. Дойбының ең ғажайыбы оның кестесінде. Кесте - ою-өрнектермен нақышталған.
Ал, тақтадағы ортақ фигура қазақтың киіз үйі. Киіз үйдің сыртындағы ою-өрнектері, шаңырағының түсі, олардың дәрежесін, нақтылай айтсақ ханы мен қарашасын, би мен батырын анықтауға көмектеседі. Хан кестесі жеті қазына мен жеті ырыстан құралады. Онда төрт қанатты ою хан тағының белгісі, «қарашасыз хан болмайды, құйрықсыз құс болмайды» дегендей ханның екі серігі болады. Оң жағында серкесі, сол жағында қыран бүркіті.
Ал, хан тағының оң жағына ел-жұрт орналасады. Олар: билерден, бектерден, алаштардан құралады. Билер - кілең көк түсті, Бектері - кілең қызыл түсті, Алаштар - қара түсті болады. Ал ханның сол жағына телі-тентектер орналасады. Жалпы жиырма төрт үйден құралған екі хандық ақедік, көкедік болып ерсілі қарсылы ойнайды. Қай жеңгені жалпақ дүниеге билік айтады.
Осы жерде Ақедік хандығы жайлы қысқаша таныстырып өтейік. Хандықтың төбелі төрі болған хан тағымен ханның қара қасқа жолында төрт қанатты оюмен өрнектелген хандары үлкенінен кішісіне қарай қаз-қатар орналасады, көк үй, алтын үй, күміс күй. Хандықтың оң жағындағы ел-жұртының төбелі төрінде көк түсті билер үлкеннен кішісіне қарай қаз-қатар орналасады: үш қанатты би, екі қанатты би, бір қанатты би. Билердің алдына қызыл түсті бектер үлкенінен кішісініне қарай қаз-қатар орналасады. Үш қанатты бек, екі қанатты бек, бір қанатты бек. Бектердің алдында қара түсті алаштары үлкенінен кішісіне қарай қаз-қатар орналасады: үш қанатты алаш, екі қанатты алаш, бір қанатты алаш. Хандықтың сол жағындағы тентектер жұртына түссіз тентектер орналасады.
Келесі Көкедік хандығы дәл осылай құрылады. Бұл ақыл парасаттың ел басқарудағы ілімділіктің ойыны болып табылады. Кесте астрономиялық танымдардан бастап философия, экономика, ғылым, мәдениет, саясат, мемлекет құру жүйесі, демократия, секілді сан алуан саланы бір тұғырға тоғыстырады. Сондықтан да оның төрелігі әділ. Жеңгені ерулік алып, хан болып ел сұрайды. Жеңілгені айыбына жұртының билігін береді.
Таңқалдыратыны, хан дойбысы: жапонның түймелері, үндінің шахматы, қытайдың патшалық сайысы сияқты қарсыласын түп-тұқиянымен құртуға жол бермейді. Қайта жеңілгенді жебеп ел болып кетуіне жол береді. Міне бұл, байырғы хандық жүйенің демократиялық қағидасы.
Хан дойбысы балалармен жасөспірімдердің ақыл-өрісінің жетілуін тездетеді. Қапияда амал жасауға, ақылды әдіс-тәсілдерге дағдыландырады. Мемлекет құруда әрбір тұлғаның орны бар екенін ұғындыруға бұл ойынның берері мол.
Бұл күнде «Хан дойбы» ұйымының төрағасы Әнуар Қабдолдаұлы ойынды жастарға насихаттап, мектептерде жарыс өткізуде. 2011 жылы 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне және «Астана» журналының 10 жылдық мерейтойы қарсаңында Нұрсұлтан есімді ұландардың арасында хан дойбы ойынынан «Хан шатырда - Хан дойбы» атты жарыс өтті. Жарысқа Нұрсұлтан атты 50 бала қатысты.
Екінші рет жарыс 2011 жылдың ақпан айында Қытай Халық Республикасы Шынжаң өлкесінде өткізілді. Қытай ақпараттарын құралдарын елең еткізген бұл ойын қытайдағы қандастырымызды баурап алды. Сонымен қатар 2012 жылы 6-желтоқсанда Алматы облысы Талдықорған қаласындағы білім ордаларында мектеп оқушылары мен студенттердің қатысуымен тартымды турнир өтті.
Жандос БАЙДIЛДА