15 Наурыз 2013, 15:56
Деректі фильмнің негізін қалаушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, халық әртісі, режиссер Ораз Әбішев Алматыда 97 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Өнер иесі еңбек жолын музыкалық театрдың сахнасынан бастап, жастайынан кино түсіруді армандаған. Ол кезде өнердің бұл саласында мамандар тапшы болғандықтан, жас талапкерді байқап, Мәскеудегі кино институтына жолдама береді. Жас дарын Моисей Рошин, Григорий Рошаль және Роман Кармен сынды шеберлерден дәріс алып, отанына оралады. Режиссердің көтерген тақырыптары, деректі кинода жасаған портреттері алуан түрлі. Олардың ішінде Дина Нұрпейісова, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Талғат Бегелдинов сынды алып тұлғалар да, ерен еңбегімен танылған қарапайым жұмысшылар да бар. Барлығы 50-ден астам фильм мен 300-ге тарта киножурнал ұрпаққа мұра болып қалды.
Орал ЖҮНІСОВ, режиссер:
- Менің өзімді және басқа да қаншама адамды кинорежиссер қылды. Бәріміз сол кісінің жалғасымыз. Біз де адамның портреттерін жасаймыз. Сондықтан Орекеңнің ісі алға жылжи береді.