15 Наурыз 2013, 15:52
Бильярдтан 36-шы Қазақстан біріншілігі Қостанай қаласында өтуде.
Төрт күн бойы «Қазақстан Чемпионы» деген мәртебеге таласатын кәсіпқойлар арасындағы турнирге Қазақстанның 9 облысынан іріктелген үздік 75 ойыншы қатысуда. Олардың арасында әлем чемпионы мен Қазақстан біріншілігін бағындырған бильярдшылар да бар. «Бұл – спорт ғана емес, тұнып тұрған геометрия. Сондай-ақ, үздік өрнек көрсету үшін ұстамдылық пен зеректік те керек»,-дейді олар.
«Ешкімге зияны жоқ өзім көрген, бір қызық ісім екен бұл жалғанда» деп классикалық аңшылық үлгісіне хәкім Абай тамсанған екен. Бүгінгі бильярдшылар тақта үстіндегі тартыстың философиясын «ит жүгіртіп, құс салған» аңшылықпен де, көкпар тартысымен де, тіпті, футбол ойынымен де теңестіреді.
Алматылық Айдос Туғанбаевтың бильярдты серік еткеніне – 21 жыл. Турнирге бой сергітіп, өзінің бақ пен бабын сынау үшін келіпті. Бильярдтың денсаулыққа пайдасы орасан екенін білген соң, тұрақты айналысады.
Айдос ТУҒАНБАЕВ, Жарысқа қатысушы (Алматы):
- Столды айналып, екі сағат ішінде 20 км. жүресің. Жаттығу кезінде 8 сағаттың ішінде 120 км. жүресің. Денсаулыққа көзге өте жақсы, менің өзімде көруім төмен болған. Қазір жақсы. Осы бильярд арқылы көру қабілетімді көтердім.
Бильярд бәйгесі Қостанайда тұңғыш рет өтуде. Жұмыр тасты «тасқаяқтай қағыстыратын» 20-ға тарта шебер ойыншы Тобылдың намысын қорғауда. Олардың бәрі де бәйгеден үмітті. Десек те, басты жеңіс – жарыстың ұйымдастырылуы.
Ермек ҚҰТЫШЕВ, Жарысқа қатысушы (Қостанай):
- Бізде қазір жаттығуға мүмкіндік бар. Қазақстан ғана емес, шетелдік турнирлерге де қатыса бастадық. Жарыстың Қостанайда өтуі бізді қуантып отыр. Өйткені, осындай бәсеке арқылы дәстүр, мектеп қалыптасады. Жастар тәжірибесін арттырады.
Қатысушылардың әртүрлі жас шамасында. Бұл жерде ең басты назарға алынатыны – олардың шеберлігі. Тобыл төсіндегі турнир төрт күнге созылады.
Авторлар: Абылай Мауданов, Сергей Транхтанберг