7 Наурыз 2013, 04:38
– Қазір әнші көп. «Әу» дегеннің бәрі сахнаға шығып кетті емес пе? Көптің қатарын толтырамын-ау, солардың бірі болып қаламын-ау деген ой болған жоқ па?
– Рас, мұндай әңгімені жиі естимін. «Әнші көп, бірақ нағыз дауысы бар әнші аз» деп жатады. Бұған қосыламын. Жалпы, әншінің көп болғанынан қорықпау керек. Қазақ әнші халық қой. «Әу» демейтіні кемде-кем. Айтсын. Шықсын. Ешкімге қой демейік. Бірақ сол көптен халық өзіне керек әншіні сұрыптап алады. Көңілі қалағанын тыңдайды. Әншінің тым көбейіп кетуі уақытша құбылыс деп ойлаймын. Жүре-келе халық тыңдамаған әншілердің өздері-ақ қатардан шыға бастайды. Уақыт өзі-ақ електен өткізеді ғой. Сондықтан «сахнаға шықпа, ән салма» деп ешкімге айтуға болмас. Өзіме келсем, «көптің бірімін бе, бірегейімін бе?» білмеймін. Төреші патша көңілді тыңдарман ғой. Қайда барсам да «Кәне, Индира шырқап жіберші» деп жатады. Демек, мені тыңдайтын да жұрт болып тұр ғой...
– Осы орайда мынадай сұрақ туады: қазақ эстрадасының деңгейі қандай деген?
– Қазақ эстрадасы дегенде маған екі түрлі ой келеді. Жақсы жағы да бар, қынжылатын жағы да бар. Жақсы жағын сөз етер болсақ, қазақ эстрадасында өсу бар. Ізденіс бар. Бір орнында тоқырап тұрған жоқ. Әсіресе, жаңадан шығып келе жатқан жастарға көңілім толады. Олар қолдарынан келгенше уақыт талабынан шығуға тырысады. Соған сай тыңдармандары да мол. Қынжылтатын жағы, қазір жеңіл әуенге құрылған әндер басып кетті. Жұртта соны көбірек тыңдауға бейім. Өкініштісі, кезінде Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова сияқты апаларымыз айтатын терең мағыналы, сазды әндерді тыңдайтын халықты жоғалтып алдық. Өзімізде тамыры тереңнен тартатын, мазмұнды ән айтып сахнаға шығайық десек, тыңдарманды жалықтырып аламыз ба деп қорқамыз. Енді халықтың көңіл күйін жеңіл дүниеге бұрып жіберген өзіміз, әншілер ғой. Өкпені кімге айтасың?
– «Қазақ тілді әншілерді той асырайды» деген ел ішінде сөз бар...
– Неге екені қайдам, осындай сұрақ жиі қойылады. «Тек тоймен күн көреді» деу артық болар. Иә, барамыз. «Бармаймыз» деп айта алмаспыз. Мынаған назар аударыңызшы, бізде байлар, үлкен шенеуніктер де дүрілдетіп той жасап жатады. Олар бізді аттап өтіп, Ресейден, шетелден атақты әншілерді шақырып жатады. Шақырған әнші қандай атақты болғанына қарамастан келеді. Әнін айтады. Сосын тиесілі ақшасын алады да кетеді. Көрдіңіз бе, қазақ әншілері ғана емес, атағы жаһанға кеткен атақтылардың өздері де тойға келіп ән салып, нәпақа тауып жатыр.Талайын той-думанда кездестірдім. Көзім көрді. Олар былайша айтқанда, тойдан «нан» тауып жүр. Сондықтан «тек қазақ әншілерінің күнкөрісі той ғана» деген пікірге қарсымын. Ел болған соң той тойламай отырмайды. Ол тойда жақсы әндер айтылса дейді. Сонан соң әншілерді шақырады. Шақырған жерге неге бармасқа?
– Сіз домбыраны да жақсы тартасыз. Құйқылжыта ән саласыз. Жалпы, сізге қайсысы жақын, қазақы қара домбыра ма, әлде эстрада ма?
– Соңғы кезде мен эстрадаға көбірек ден қойдым. Бәлкім, уақыттың талабы ма, әлде халықтың тыңдайтыны да сол болған соң ба? Жастардың көңілінен шыққың келеді. Кезінде домбырамен де айтып жүрдім. Бірақ бір байқағаным, ондай ән кештерге көбіне жастары қырықтан асқандар келеді екен. Негізгі тыңдармандар да солар. Ал жастар жағы домбырадан гөрі эстрадамен айтқан әндерге ден қояды. Сондай ән кештеріне барады. Сосын сәл де болса стильді өзгертуге тура келді. Бірақ бұған қарап домбыраны бір бұрышқа қаңтарып қоюға болмас. Неге екені қайдам, жаныма домбырамен айтылатын дәстүрлі әндер жақын. Жеке концерт бергенде екі жағын бірдей алып жүруге тырысамын.
– Жаһандану деп жатырмыз. Ол үрдіс ән өнеріне де келді. Жалпы, англо-африка-латындық жартылай жалаңаш билеп, тілдерін бұрап ән айту, өзіңіз айтып отырған дәстүрлі халық әндерін шаңға көміп кетпей ме? Өйткені қазіргі жастар сол Батыстың стиліне көше бастады?
– Мен олай ойламаймын. Бізде қалыптасқан дәстүрлі ән мектебі бар. Жастардан құралған бірер ән тобы Батыстың мақамымен би билеп, ән салды екен деп үркуге болмайды. Әрине, оларды да түсінуге болар. Олар жастар. Еліктейді, солықтайды. Қалайда өздерін ерекше етіп көрсетіп, тыңдатқысы келеді. Жастарды баурап алуға тырысады. Бірақ қалыптасқан қазақы дәстүрді тәрк етіп, алысқа ұзай алмасын біледі. Бәрібір айналып өз үйірін табады ғой. Ғасырдан-ғасырға үзілмей сабақтасып келе жатқан дәстүрлі қазақ әндері шаң қауып елеусіз қалады дегенге қосыла қоймаймын. Қазақ барда халық әндері мәңгі жасай береді. Қазір керісінше, тамырын бағзы замандардан тартатын халық әндерін, термелерін өңдеп, жаңартып, жаңа стильмен, сазбен айтатын ән топтары көбейді. Осының өзі-ақ халық әндерінің өміршең екендігін көрсетпей ме? Динаның да, Құрманғазының да, өзге де күйшілердің күйлерін бір нотасын бұзбай эстрадаға қосып ойнап шығуға болады. Күйлердің құдіреттілігі сонда ғой.
– «Индираның табиғатында сахнаға керек нәрсенің бәрі бар: табиғи дарын, сырлы дауыс, сыр-сымбат, кескін-келбет, ой да, бой да… Сахналық образы сұлу, әдемі, оған қарап эстетикалық ләззат аласың. Тек… «Бір кем дүние» демекші, Индираға жетпейтін бір нәрсе – тәжірибе аз, жанкештілік жоқ. Талмай еңбектену жоқ. Бір ән айтып жарқ етеді де, жоқ болып кетеді. Арада бірталай уақыт өткенде және бір ән айтады да, жоқ болады» деген пікірді жақында естіп едім. Сіздің уәжіңіз?
– Бұған келісемін. Тыңдарман қауым, әріптестерім де кейде осы тақылеттес әңгіме айтып қалады. Шынымды айтсам, мен дүниенің, мансаптың артынан қуған адам емеспін. Бәлкім, менің бірде жарқ етіп шығып, артынша біраз уақыт сахнаға шықпай қалуым отбасыма көбірек мән бергеннен болуы мүмкін. Мен «бала өзі өсе береді ғой, көп мән беру керек емес» дейтін аналардың қатарынан емеспін. Өмірге әкелген соң, баламның біраз өсіп-жетілгеніне дейін қасында болып, аналық мейірімімді бергім келеді. Мен үшін отбасы, бала-шаға бірінші орында тұр. Сосын барып өнер. Ертең ақыретке барғанда әйелден екі-ақ нәрсені сұрайды екен. Біріншісі – бала тәрбиесі, екіншісі – оқыған намазы. Ерте ме, кеш пе, бақиға сапар шегетініміз белгілі. Сонда маған осындай сұрақ қойылса, не деп жауап беремін. Сондықтан ертеңнің қамын бүгін ойлау керек. Қазір дүниеге төртінші кішкентайымды әкелдім. Райана деп ат қойдық. Бір жағынан қазақтың көбеюіне, демографиясына да үлес қосып жатырмын.(Күлді). «Талмай еңбектену жоқ» дегенге уәжім бар. Қолымнан келгенше тырбанып жатырмын. Сахнаға шығу немесе жақсы бейнебаян жасау бәрі еңбекке тіреліп қалмайды. Көп нәрсе қаржыға да байланысты. Бүгінгі деңгейіме жетуімнің өзі мен үшін үлкен еңбек. Құдайға шүкір, халық таныды. Әншілігімді мойындады. Бұл – жетістік.
– Намаз оқитын боларсыз?
– Иә.
– «Жас қайың» әні – Индираның «паспорты» деп жатады. Бірақ қашанғы солай екен деп жүре бересіз. Одан да мықтырақ ән қашан шырқайсыз?
– Не десем екен? Сырғақтатып мықты композитор, керемет мәтін жазатын ақын жоқ қой деп айта салуға да болар еді. Жалпы, «Жас қайың» деңгейіне жететін менің репертуарымда ән жоқ. Болашақта да болмауы мүмкін-ау деп ойлап қаламын. Бір байқағаным, қазіргі керемет деген әндердің ғұмыры бірер жылдан аспайды. Ал мен «Жас қайыңды» 2003 жылы жаздырдым. Содан бері айтып келемін. Өте ғұмырлы ән. Қай жерде болмайын «Индира сол әніңді айтшы» деп жатады. Осының өзі айтқанымның дәлелі емес пе?
– Продюсеріңіз жоқ. Бәлкім, сондай бір білікті маман жаныңызда болса, танымалдылығыңыз бұдан да зор болар ма еді?
– Кез келген дүниені өз талғамыммен жасап үйренген жанмын. Әнді де, мәтінді де, киімді де өзім таңдаймын. Кезінде Ермек Елгезековтың қолында болдым. Көп нәрсе үйрендім. Ысылдым, тәжірибе жинақтадым. «Егер продюсерсіз болмайды» деген қағида туындап жатса, онда менімен жұмыс істейтін адамға өте жеңіл болар еді. Өйткені бәрін өзім қолымнан келгенше реттеп қойғанмын. Оны алып кету қиындыққа соқпасы хақ. Бірақ мен соның бәрін біреуге бере салғым келмейді.
– «Асу» тобын құрдыңыз. Бірақ осы топ сізге кедергі келтірмесе, пайда әкелмейтін сияқты. Тек уақытыңызды жейтіндей. Олармен айналысып уақыт өткізгенше, жеке әндеріңізбен жұмыс жасаған тиімді емес пе?
– Меніңше, жеке ән айта бергеннен гөрі, ара-тұра өзгелермен де бірігіп, сахнаға шыққанның айыбы жоқ шығар. Әу баста «Асу» тобы құрылғанда, алға қойған мақсатымыз болды. Біраз бірігіп ән шырқаймыз, уақыты келген соң әркім өз бетінше кетеді деген. Біраз бірге болдық. Қазір ол топ өз алдына жеке жұмыс жасауға көше бастады. Мұның бәрі қалыпты жағдай. «Кедергі келтірді, уақытымды алды» деп айта алмаймын. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп жатады ғой, халқымыз. Сондай бір талантты жандардың қалыптасып кетуіне аз да болса көмегім тиіп жатса, жаман ба?
– «Асу» тобы деп айтып қалдық қой. Тiптi ол жобамен бiрлесiп, «Айтшы, қалқатай» атты әнге дуэт жаздырдыңыздар. Сөйтсек, бұл ән Иранның әншiсi Араштiкi болып шығады. Ирандық әншi өз әнiнiң қазақ тiлiнде орындалып жүргенiне таңғалса керек. «Алдымен әндi тыңдау керек. Мүмкiн, бұл ұрлық емес шығар. Жай ғана сәйкестiк болуы да ғажап емес. Маған әншiнi тауып берiңiздер. Егер шынымен ән ұрланған болса, басқаша сөйлесуге тура келедi» деп, ирандық әншi сабырлылық танытыпты. Бұған не дейсіз?
– Қазір қырғыздың, өзбектің әндерін қазақшалап айтып, «жиендік» жасап жүргендер баршылық. Бірақ жұрт жаман қабылдаған жоқ. Бізде сондай қадамға барғанымыз рас. Жасыруға болмас. Араш айтатын әннің қайырмасын ғана алдық. Ал қалған сөзі мен әні Ермек Елгезековтікі. Жаман болған жоқ, ән хит атанды. Араштың өзіне шықпасақ та, онымен қосылып дуэт айтатын қызға ғаламтор арқылы шығып, әннің қайырмасын пайдаланып жүргенімізді жеткіздік. «Жақсы екен, мен Арашқа тыңдатамын. Сосын хабарласармыз» деген. Бірақ хабар болмады. Егер Араш қарсы болса, осы уақытқа дейін бір хабарын берер еді ғой.
– Танымалдылықтың жеке өміріңізге кедергі келтірген тұстары болды ма?
– Ешуақытта мен көшеде болсын, басқа жерде болсын, «мен әншімін, Индира Расылхан деген мен боламын» деп көкірек керген емеспін. Қарапайым болғанға не жетсін. Шындығын айтайын, мен атақ-мансап деген дүниеге қызықпаймын. Бір мысал айтайын, кішкене қызымды босанар кезімде перзентханаға бардым. Олар бірден дүрсе қоя берді. «Уақытында неге келмейсің, қайда жүрсің?» деген секілді. Үндемедім. Кінәлі адамдай олардың ұрысын естіп отыра бердім. «Анда барып қан тапсыр, мында барып тағы бір нәрсені тапсыр» десіп, біраз ұрысты. Айтқандарын орындап қайтып келсем, дәрігерлер: «сіз әнші Индира Расылхан екенсіз ғой. Бағанадан бері айтпайсыз ба. Біз танымай қалып, жерден алып, жерге салып жатырмыз» десіп өздері бір түрлі болып қалды. «Жоға, сіз жұмысыңызды жасап отырсыз. Не айтсаңыз да оңды. Мен қалай келе салып «бәленбай» деген әншімін деп айтамын» деп ақталып жатырмын. «Өте қарапайым адам екенсіз» десті олар. Мұндай мысалдар көп. Танымалдылықтың пайдасы тиіп те жататын жерлері болады. Барған жерде танып, құрметтеп, сыйлап жатады.
– Кейде адам өзімен-өзі тілдесетін, сырласатын кездер болады. Сондай сәттерде қандай сауалды өзіңізге жиі қоясыз?
– Қалай десем екен? Осы сұраққа жауап бермей-ақ қояйыншы, а?
– Сіз ән тыңдайсыз ба? Кімді және қандай әнді?
– Соңғы кезде Сержан Әлидің діни әндерін жиі тыңдаймын. «Заман», «Меломан» топтарының әндері көңілге жақын. Сондай-ақ тәжірибе жинақтау үшін шетел әншілерінің бейнебаяндарын көбірек қараймын десем артық айтпағаным. Солардың айтысына, өздерін ұстасына көбірек мән беремін. Үйренген артықтық етпейді ғой. Кейде оңаша қалған кездерде халық әндерін тыңдап, рахаттанып қаламын.
– Мақсатсыз адам болмайды. Алдағы күндерге іштей болса да жасап жүрген жобаңыз бар ма?
– Ақылшым анам ғой. Сол анашым жақында «Индира бір ән кешін өткізетін кез келді» деп қалды. Соңғы рет 2008 жылы өткізіппін. Содан бері жеке сахнаға шықпаппын. Расында, ел алдында әнші ретінде есеп беретін уақыт келген секілді. Бірақ шынымды айтсам, қалай болса солай өткізе салғым жоқ. Бір жаңалықпен, үлкен өзгеріспен келген дұрыс секілді. Жаңашылдық болмаса несіне өткіземін. Өзімше жеке ансамбль құрсам ба екен деген ой келіп жүр. Бірақ ол қалай болады, білмеймін. Енді «көз қорқақ, қол батыр» дейді ғой. Өзімнің ансамблімді құрып, бір кеш өткізу міндет. Қазір көкейімде сол жүр. Тірі дауыспен ән айтқым келеді...
– Жолдасыңыз өнер адамы емес пе? Бір жағыңа шығысып жүрген де болар-ау...
– Жо-ға-а. Мүлде өнерге қатысы жоқ адам. Бірақ мені түсінеді. Мамандығы – мұғалім.
– Әйел бақыты деген не?
– Мен үшін отбасымның амандығы. Осы.
– Ертең үлкен мейрам. 8 наурыз. Қандай құттықтау айтасыз?
– Қыз-келіншектердің, аналарымыздың жүзін мұң шалмасын. Әманда көздерінен көктем күніндей шуақ төгіліп тұрсын!
Сейсен ӨМІРБЕКҰЛЫ