2 Наурыз 2013, 04:23
Облыстың экономикалық қатынастары Қазан төңкерісіне дейін оның географиялық жағдайымен байланысты болды. Осы аймақтағы Орта Азиядан Ресейге дейін созылып жатқан дәстүрлі керуен жолдарының бойында 19 ғасырда екі сауда қонысы құрылды. Кейін олар Ақмола және Атбасар қалаларына айналады. Негізгі сауда айналысы оларда жыл сайын өтетін жәрмеңкелер арқылы жүзеге асырылды. Ақмола қаласыңда алғашқы ресми жәрмеңке 1852 жылдың 21 мамыры мен 10 маусымы аралығында өткізілді. Бұл жәрмеңкеде 20 720 рубльдің тауары сатылды. Жылдар өте келе оның айналымы 4 млн рубльге жетті (сол кезеңдегі ақшалай бағамы бойынша). Бұл орын жылдық айналысы 40 млн рубльден асатын орта-азиялық керуен жолдарының бойындағы 130 жәрмеңкенің ең ірісіне айналды. Мал, азиялық (жібек, жеміс, кілем) және еуропалық (өнеркәсіп бүйымдары) тауарлар саудасы жүріп жатты. Жәрмеңке айналысының 85%-на дейін мал мен мал шаруашылығы өнімінен құралды. Олар Ресей губерниясының орталығы мен шетелге әкетілді. Қой терісі Либава мен Ревель арқылы Венаға, Парижге, Бостонға (АҚШ); май Орынбор мен Самара арқылы Берлинге және Одесса мен Екатеринослав арқылы Константинопольге жіберілді. Ақмолада 20 ғасырдың басына қарай бірнеше сауда үйі (Матвей Кубриннің, ағайынды Қосшығұловтардың және т. б.), жер шаруашылығы құралдарын сататын сауда серіктестіктері жұмыс істеді. Бірінші дүниежүзілік, одан кейінгі Азамат соғысы жылдары бұрын қалыптасқан экономикалық байланыстар елеулі түрде бұзыла басталды. Астық, мал шаруашылығы өнімі, былғары, тері шикізаты аз мөлшерде жеткізілетін болды. Елді индустрияландыру және ауыл шаруашылығын коллективтендіру кезеңінде жаңа экономикалық байланыстар, тек қана саудалық емес, сонымен қатар өндірістік байланыстар да құрылды. Жаңа фабрикалар, зауыттар мен шахталар салынды. Алайда сол кезеңнің өзінде жетекші рөлге ауыл шаруашылығы ие болды. Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында Мелитополь мен Таганрогтан эвакуацияланған кәсіпорындардың базасында алғашқы ірі өнеркәсіп кәсіпорындары – Сорғы (насос) және «Казахсельмаш» зауыттары құрылды. 50-жылдардағы тың жерлерді игеру облыс экономикасын түбегейлі өзгертіп, жаңа экономикалық және ғылыми-техникалық байланыстарды дамытуға қуатты серпін берді. Қазіргі уақытта өнеркәсіп бұйымдары ТМД республикаларының шамамен 4 мың кәсіпорындарына жіберіледі, облысқа алыс және таяу шетелдің 2 мыңнан артық кәсіпорнынан өнім жеткізіледі.
Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы