2 Наурыз 2013, 04:07
Халық шығармашылығының аса бір белең алған кезі республика астанасының шаңырақ көтерген күннен басталып, мәдени тың жобалар дүниеге келді. Олардың санатынан классикалық музыка «Серпер» халық аспаптар оркестрі, Ақмолаға ауысуымен орайлас келеді. Жаңа астананың «Астана самалы» үрлемелі аспаптар оркестрі «Шашу» би фестивальдері, театр фестивалі, авторлық әндер фестивалі, республикалық деңгейдегі – «Бөбек» балалар шығармашылығы, «Жыршы-термешілер» фольклорлық-этнографиялық фестивальдер орын алады. Алайда көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп отырған «Шабыт» халықаралық жастар шығармашылығы фестивалінің орны ерекше. Осынау адам жанын шаттыққа бөлейтін, жастар өнерінің думанды жарысы Астанада алғаш 1998 ж. шымылдығын ашты. Содан бері ол кемелденіп, мазмұндана түсті, жарыска қатысушылар саны артып, фестивальдің даңқы шартарапқа жайылды. «Шабыт» ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тікелей қамқорлығымен жүргізіледі. 2000 ж. фестивальді жыл сайын ЮНЕСКО аясында өтетін жастар шығармашылығының халықаралық форумына айналдыру ұсынысы қолдау тапты. Ендігі жерде Жер шарының түкпір-түкпірінен жастар бас қосып, өз шығармашылығының бағын сынау мүмкіндігіне ие болды. Бірінші жылдан-ақ классикалық және халық музыкасы блогын «Шабыт-Inspiration» деп атау дәстүрі қалыптасты, өйткені фестивальдің бұл секторында фортепиано мен скрипка виолончель мен баян, флейта мен кларнет, фагот пен валторна, домбыра мен қобыз секілді музыкалық аспап түрлері көп болды. «Шабыт» қалыптастырған тағы бір дәстүр – атаулы сыйлық беру. Фестивальді ұйымдастырушылар отандық өнер сахнасынан қол үзіп кеткен мәдениет қайраткерлерін ұмытпау, оларға құрмет көрсету жағына да ерекше көңіл бөлген. Олардың дені осы «Шабыт» фестивалінің төрешілері болып, үміткерлердің мәңгі есінде қалды. Енді біреулері қазірге дейін дәріс беріп, концерттер ұйымдастыруда. Өнердің хас шеберлері мен жастардың бірігіп сахнаға шығуы – музыканттар үшін тамаша сабақ, үлкен тәжірибе. Фестивальдің 10 жылдығына орай мәдениет қызметкерлері Н. Өтепова, Б. Жүсіпова, Р. Көкенов, К. Шиденова, Р. Елубаев және т.б. оның биік деңгейде өтуіне атсалысты. Мәдениет саласы қызметінің тиімділігі оның жағдайы мен даму деңгейі, қоғамның әлеуметтік дамуын және мәдени құндылықтарға қол жеткізу сипатын анықтайтын индикатор болып табылады. Астана мәдени дамуының қазіргі жағдайы – дәстүр жалғастығын дамытудың кешенді шараларын қамтамасыз ету. Тарихи, мәдени, жаңа ескерткіштерді ашу арқылы мәдени мұраны зерделеумен сипатталады.
Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы