2 Наурыз 2013, 02:11
2001 ж. Астанада «Шежіре» атты қазіргі заман өнері галереясы ашылды, оның негізгі мақсаты өнердің алуан қыры арқылы Орта Азия халықтары мәдениетін көрсету болып табылады. «Шежіре» кең мағына беретін сөз. Ол ру шежіресі, ата-тек шежіресі, тұтас бір халықтың шығу төркіні немесе жеке адамның ата-тегі секілді ұғымды қамтиды. Түріктердің ата-тек шежіресі ғасырлар қойнауына көш тартады. Ал қазақтар үшін тарих уақыт тозаңы басқан буалдыр сағым емес. Ол – тамырын терең жіберіп, әр көктем сайын көктеп отыратын мәңгі жасыл, өлмейтін өмір бәйтерегі. Қазақ үшін тарих – ол ғасырдан ғасырға жол тартып келе жатқан ұрпақ жалғастығы, ол халықтың салты мен дәстүрі, міне, осы өмір шырағының көмескі тартпай келешек ұрпақ жүрегіне сәуле шашуына жағдай жасау «Шежіренің» басты міндеті. Орталық Азия – Еуразия құрлығының жүрегі. Осынау кеңістікті мекен еткен халықтардың тарихи тағдыры бір, бұлардың бәрі бір ағаштың бұтақтары. Галереяны «Шежіре» атаудың мәнісі де осы түп-тамыры бір халықтардың алуан құбылыстағы дәстүрлі һәм қазіргі дәуір өнерлерін уағыздай отырып, олардың бір арнаға келіп тоғысатындығын көрсету. Галерея алғаш С. Айтбаевтың, Ақанаевтар әулетінің («Ұлы көшпенділер ошағы»), Өзбекстан суретшісі М. Когаровтың Хохловтардың («Петро Арт») жеке көрмелерін ұйымдастырды. Ол 2003 ж. Алтай қаласында өткен («Дәстүрлі түрік киімі») халықаралық конгреске, 2003 ж. «Тюрксай» халықаралық конференциясына қатысты. Жеке көрме болашақ шығармашылык өрлеу баспалдағы болып табылатындықтан, жас суретшілерге көп көңіл бөледі. Галерея өзі өткізген көрмелердің каталогтарын шығарумен де айналысады. Мұнда Г. Гончарованың, Ақанаевтың және т.б. каталогы шықты. Өнерге қатысты кітап, каталог басып шығаруға, т.б. демеушілік жасайды. Галерея Орталық Азия қолөнершілері ассоциациясының және «САСSА» мүшесі. 2003 ж. «HAS SANAT» («Шынайы өнер») өнер галереясының ашылуы астана мәдени өмірінің өнер әлемімен тілдесер тағы бір көзін тарту етті. Галерея аз уақыт ішінде Е. Төлепбаевтың Париждегі көрмесін өткізуге қатысты. 2004 ж. галерея Лондонда қайырымдылық аукционын өткізіп, оған қазақстандық 10 суретшінің шығармалары тартылды. Мүсіншілер Э. Казарян, Ш. Төлеш, кескіндемешілер Б. Бапишев, Б. Тұрғынбайдың, жас болғанмен есімі танымал суретшілер Б. Төлешова, А. Нода, Е. Волкова, Р. Ақанаевтардың көрмесін ұйымдастырды. Галереяның жұмысы Қазақстан өнерін насихаттау, бейнелеу өнерін дамыту, жас суретшілерге қол ұшын беруге бағытталған.
Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы