2 Наурыз 2013, 01:38
Қалада сервистік қызмет көрсететін мейрамхана, кафе, қонақ үй сияқты орындар жеткілікті. «Грандпаркотель», «Есіл», «Rixcos Ргеsident Ноtеl Аstana», «Busines Hotel», «Окан интерконтиненталь Астана» және т.б. қонақ үйлердің қызмет көрсету аясы кең, олардың ресми және жеке кездесулер өткізуге ыңғайлы жоғары класты конференц залдары бар, сонымен қатар мұнда әкімшілік қызметтердің толық спектрі қамтылған бизнес орталықтар жұмыс істейді. Осылардың барлығы – қызмет түрлерінің кез келген салаларында нарықтық қатынастардың тез өсіп жатқандығының дәлелі. Бұлардың ішінде ең жылдам қарқынмен өсіп келе жаткандарының қатарына қонақ үй бизнесі, жылжымайтын мүлік саудасы, көлік және қаржылық қызмет көрсету, сонымен бірге тұрғын үй сатып алуға ипотекалық несиелендіруді жатқызуға болады.
Қала экономикасының құрылымы салалар мен кызмет түрлерінің даму динамикасына икемді, оның ішінде, өндіріс – 3,7%, құрылыс – 27,2%, сауда – 15,4%, көлік және байланыс – 13,7%, қаланың ЖАӨ құрамындағы басқа да қызметтері 39,6%-ға жуық үлкен бөлікке ие. Алыс, жақын шетелдерімен тауар айналымы 1997 жылы 22,56 млн доллар болса, 2007 жылы 8661,5 млн долларға өсті. Сонымен бірге 1997 жылы Ақмоладағы тауар айналымының құрылымында импорттың көлемі 94,5% болса, қазір экспортқа шығарылатындары импортталатын тауарлар көлемінен 1,38 есеге артты. Экспортқа шығарылатын заттар негізінен: өсімдік тектес өнімдер, минералды өнімдер, ағаштан немесе басқа да талшықты өсімдік материалдарынан жасалатын қағаздар, машиналар, құрал-жабдықтар мен механизмдер, электр жабдықтары, жер, әуе, су көліктерінің құралдары және олардың бөлшектері. Осы жылдар ішінде республика аумағында сыртқы рыноктарға тауар жеткізу бойынша экспорттық мамандану тәжірибесі қалыптасты. Осылай отандық экспортта Астана каласының жер, әуе, су көліктері құралдарын және олардың бөлшектерін жеткізу көлемі 62,9%-ды құрады. Бірқатар экспорттық баптар бойынша экспорттық мамандану бекітілді, соның ішінде: өсімдік текті өнімдер – 16,6%, минералды өнімдер – 10,9%, ағаш немесе басқа да талшықты өсімдік материалдарынан жасалған қағаз – 10,5%, оптикалық құралдар мен аппараттар – 8,1%. Астананың жалпы республикалық экспорт көлеміндегі рейтингі біршама жоғары деңгейде. Ол Атырау, Маңғыстау, Қарағанды, Ақтөбе облыстары және Алматы қаласынан кейінгі 5-6 орынды алады.
Дерккөзі: АСТАНА энциклопедиясы