2 Наурыз 2013, 00:59
19 ғасырдың 2-жартысында Ақмола аса маңызды сауда және экономика орталығына айналды. 1863 жылдың 16 шілдесінде Ақмола округтің орталығы болып ресми түрде жарияланды. Алғашқы отызжылдықта Ақмола тұрғындарының саны 2 мың адамның айналасында болды. Ал келесі отыз жыл ішінде қала түрғындарының саны үш есе көбейді. Ақмолаға Ресей мен Шығыстың арасындағы сауда қарым-қатынасында делдал болған Сібір, Орал, Орталық Азиядан келген көпестер қоныстана бастады. Ресейдің орталық мемлекеттік мұрағатының бірінен табылған құжатта: «Батыс Сібір генерал-губернаторының пікірі бойынша Ақмола мекені аз ғана уақыт ішінде Батыс Сібірдің керемет сауда бекеттерінің біріне айналады деп қорытынды жасауға болады. Онда барған Әскери министр мен Қаржы министрлігінің басшысы округтік қаланың қасына Ақмола елді мекенінің салынуы туралы жақсы пікір білдірді... Батыс Сібір басшылығының куәлігін негізге ала отырып, Сібір қырғыздары облысындағы Ақмола елді мекенін округтік қала мәртебесіне көтеруді жөн деп есептеймін...», - делінген. 1868 ж. Ақмола, Көкшетау, Петропавл, Омбы, Атбасар уездерінен тұратын үлкен Ақмола болысы құрылды. Сол уакыттың талаптарына сәйкес болыстың елтаңбасы белгіленді. Сауда қызып, жаңа лабаздар (ұн, астық сақтайтын және сататын орын), мата фабрикасы мен банк те ашылды. Қала тұрғындарының саны үнемі өсіп отырды. 1869 жылы Ақмолада 5122 адам тұрса, ол 1910 жылы 13 мың адамға жетті. 1916 жылы бүкіл облыс тұрғындарының саны бір жарым миллионнан асқан. Жергілікті тұрғындар мен басқа да азиялық халықтар саны 228 мыңдай болса, Ресей мен Украинадан коныс аударғандар саны 1 млн-ға жуық болды. 19 ғасырдың 70-жылдарында жұмыстары жандана түскен Ақмола көпестері Бұхара, Қоқан, Түркістан аймақтарымен сауда байланысын дамытты. Ағайынды көпестер Құрманғали мен Нұркен, Уәли және Мұқан Қосшығұловтар туралы деректер бар. Ірі көпестер қатарында Қалиасқар және Сыздық Халфиндер, Нұркен Забиров, Иван Силин, Петр Моисеев, Андриан және Матвей Кубриндер есімі аталады. 1852 жылдан бастап, Ақмолада жыл сайын 21 мамыр мен 10 маусым аралығында өтетін Константин жәрмеңкесі болып тұрған. Жәрмеңкеге мал мен астық саудасынан басқа, ұсақ-түйек тауарлар да әкелінген. Ресейден самауырындар мен ыдыс-аяқтар жеткізілді. Алайда Ақмоланың негізгі тұрғындарының басты кәсібі мал өсіру мен егіншілік еді. Бірнеше мал жайылымдары мен егіндік жерлер негізінен қаланың шетінде болды. Ең жақын темір жол бекеті 500 шақырымда жатқан Петропавловск болатын. Ат, өгіз бен түйе қаланы поштамен және шаруашылық жүктерімен қамтамасыз ететін күш көлігі саналды. Жолаушылар да сол көліктермен қатынап жатты. Осыған сәйкес, жүк тасымалдаудың ел ішінде көп тараған ақша табудың көзі болғаны түсінікті. Тері, жүн және ауыл шаруашылық азық-түліктерін әкетіп, құрылысқа кажетті ағаш, өндіріс тауарларын, ұстаханаларға көмір, керосин әкеліп жатты.
1896-1914 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан аумағына қоныс аударғандардың саны 1 118 700 адамға жетті. 1896 жылы облыста 99,4 мың тұрғыны бар 132 ауыл пайда болса, олардың саны 1900 жылы 160,1 мың тұрғын мекен еткен 200 ауылға жетті. Бұл өсудің барлығы халықтың табиғи өсуінен емес, қоныс аударуды орталықтандырып жүйелі түрде жүргізу есебінен болғаны белгілі.
1897 жылы қала аса үлкен болған жоқ: онда 9707 адам ғана тұрды. Олардың 5105-і ер адам, 4602-і әйелдер. Қазақтар саны – 3020, орыстар – 4619, татарлар – 1035, мордвалар – 223, немістер – 205, еврейлер – 173, украиндар 101 болды. Қала тұрғындарының жетеуі ғана жоғары білімді, оның біреуі әйел затынан еді. Ақмолалықтардың 22,5%-ы ғана сауатты болды. Мұның бәрі 1896 жылғы Ресей Империясы халқының Бірінші жалпы санағынан алынған мәліметтер.
Біртіндеп қалада тас үйлер де бой көтере бастады. Олардың кейбіреулері қаланың ескі орталығында әлі күнге дейін сақталған. 1898 жылы облыста 3 қалалық, 12 шіркеу-приходтық мектеп және бірнеше ауыл шаруашылық училищелері болды. Ресей империясының алыс шеті болатын бұл жердің өзіндік ерекшелігі – оның солтүстік провинциясына прогрессивті ойшылдар жер аударылған еді. Анықталмаған мәліметтер бойынша 1882-1906 жылдар аралығында мұнда жер аударылған 45 адам тұрған. Олардың білім дәрежелері қаланың түрлі мекемелерінде қызмет атқаруларына мүмкіндік берді.
Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы