2 Наурыз 2013, 00:55
Биологиялық тазартқы және жерге түскен ылғалды механикалық жолмен құрғату құрылғылары салынды. Талдыкөл сарқын жинағышынан Қарабидайық сарқынжинағышына сарқын айдау жүйесі қалыпқа келтірілді. «Астана қ. аэрация стансасының ұйықты тұсын залалсыздандырып, қайта кеулеу арқылы сарқынжинағыштың тазартқышы тұсынан Қарабидайық сарқынжинағышына дейін сарқынды су айдау жүйесін» салудың екінші кезегі аяқталды. Тазартылған сарқынды суды Нұра мен Есіл өзеніне ағызу мәселесі де қарастырылуда. Өнеркәсіп және шаруашылық-тұрмыстық су сарқындысын тазарту үшін мембраналы биореактор қолдану ойластырылды. Су қоры шығынын азайту және сапасын жақсарту бағытында Интернациональный және Мичурин елді мекендерінде су тазартқы блогы бар сужинағыштардың тораптары қайта жөнделді. Жапон үкіметінің несиесімен жаңа сужинағыш құрылысын салу, Вячеслав бөгенін қоршау, қалаға су жеткізу және су тарату жүйесін айырбастау жұмысы қолға алынды, бұл ауыл тұрғындарын «ауызсумен» қамтамасыз етуде аса маңызды экологиялық тиімді шара болып отыр.
Экологиялық ахуалды жақсартудың бір саласы жер беті су көздерін тазарту. Осы мақсатта Ақбұлақ пен Сарыбұлақ шағын өзендерін тазарту және жағасын абаттандыру ісі колға алынды, бұл шара бойынша жобалық-смета құжаты әзірленіп, ол экологиялық және мемлекеттік сараптаудан өтті. Бұл жобаны іске асыру барысында экологиялық ахуал жақсара түсіп, жер беті суының сапасы артады, топырақ асты ыза суының деңгейі төмендеп, батпақты жерлердің құрғауына септігін тигізеді.
Есіл өзені арнасын тазарту, оның жағасын абаттандыру ісі жүргізілуде. Өзен арнасын кеңіту, табанын тереңдету, жарқабақтарын жадағайлау, жаңадан арналар тарту жүзеге асырылуда. Қала көшелері мен жол үстіне жиналатын суды ағызып әкету жүйесін іске қосу мәселесі ойластырылуда. Қаланың бұрыннан қалыптасқан өңірінде линиялық сарқынды су коллекторы жүйесін тартудың бірінші (7,2 км) және екінші (11,4 км) кезегі жүзеге асырыллы. Бөгенбай батыр, Победа, Сейфуллин: Уәлиханов, Кенесары және Бөкейхан көшелері бойынан коллекторлар салынып, сужинағыштар және тазартқыш қондырғылар орнатылды. 2005-07 ж. ӨМК және Өндірістік аймақ аудандарынан тазартқыш құрылғылар салынды. Ә. Молдағұлова және Овражная көшелерінің киылысы маңынан тазартқыш құрылғы салудың жобалық-сметалық құжаты әзірленді, оны «Астана қаласында 2010 жылға дейінгі кезең аралығында линиялық сарқынды су құбыры жүйесін дамытудың үшінші құрылыс кезегі» жобасына орай 2008 ж. іске асыру көзделді. Тазартқыш құрылғыларды салу ісі сарқындыны жинау тазартқыш құрылғыға тасымалдау, белгіленген межеге дейін тазарту және жоғарыдағы су қабылдағыштың ақпасына ағызу сияқты кешенді жұмыстарды атқаруды талап етеді.
Қазақстан-Испания жобасы бойынша бірлесіп салынған тұрмыстық қоқыс-қалдықты қоймалау полигоны қоршаған ортаны ластамауға айтарлықтай септігін тигізуде. Бұл жобада қоқыс-қалдықты қайта өңдеп, кажетке жарату қарастырылмаған. Осыған орай «2008-2010 жылдарға арналған таза қоршаған орта» бағдарламасына қоқыс-қалдықты қайта өңдейтін зауыт салу мәселесі енгізілді. «Алтын Тэт» ЖШС ұсынып отырған зауыт технологиясы бойынша қоқыс атаулының 80%-ы өңдеуден өтеді, ал қоймаға тасталынатыны 20%-ы ғана. Осы аталмыш бағдарламаға жел-электрстансаларын салудың техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеу және электр қуатының балама көзі ретінде жел электрстансаларын орнату енгізілді. Бұл шара ұзак мерзімді, болашақта электр қуатына деген бағаның тұрақты болуын және коршаған ортаның ластанбауын қамтамасыз етеді.
Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы