1 Наурыз 2013, 09:55
Елдің экономикалық және әлеуметтік өсу қарқынын алдын ала ескеріп, қала тұрғындары санының өсу жылдамдығына, жаңа жағдайлар мен мүмкіндіктердің пайда болуына күні бұрын жасалып отырған айқын болжамдар көрсеткіші астана сәулетшілері мен қала салушыларының алдына қала құрылысында жүргізіліп отырған қала салу саясаты бойынша қолданыстағы Бас жоспарға түзетулер мен өзгертулер енгізуге байланысты біршама міндеттер жүктеді. Бас жоспарды жүзеге асырудағы қала салу қызметінің нәтижелері бойынша жасалған талдауларды ескере отырып, қаланың ескі бөлігіндегі кварталдардың ішкі тығыздығын арттыратын негізсіз құрылыстарды жүргізуге тыйым салынды, салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешендері мен үйлердің жанында автомобиль тұрағы үшін әр пәтерге кем дегенде бір паркинг болу есебі бойынша міндетті жобалаулар қарастырылды. Құрылыстың нормативтік тығыздығы және тұрғын үй аумағы мен пәтерлерге күн сәулесі түсуінің сақталуы бойынша қатаң талап қойылды. Шынайы сұраныстар ескеріліп, балабақша, мектеп, емхана және аурухана секілді әлеуметтік нысандар құрылысының бағдарламасы дайындалды. Жақын болашақта мектепке дейінгі балалар мекемелеріндегі орындар жетіспеушілігі, мектептегі сабақтардың бірнеше ауысыммен жүргізілуі, емханалар мен ауруханалардағы созылған кезек мәселелерін шешу міндеті қойылды. Ол үшін таяудағы үш жылдың ішінде 30 жаңа мектеп, 60 балабақша, қазіргі ең жаңа құралдармен жабдықталған 40 ірі медициналық нысанды қолданысқа беру жоспарланды. Қаланың құрылыстық аймақтандыру сызбасы қайта қаралып, шет жақтарынан жеке құрылыс салу үшін аудандар бөлінді. Табиғи ортаны ластанудан сақтау мен көлемі өсіп жатқан тұрмыстық қалдықтарды пайдаға асыру қажеттілігі ескеріліп, жаңа заманға сай қалдық өндеуші зауыт құрылысын салу туралы шешім қабылданды. Көбейіп жатқан көліктер санын және пайдаланылып отырған көшелердің жүргіншілер бөлігін кеңейтудің барша мүмкіндіктерін қарастыру, көп деңгейлі көлік жол айрықтары мен жерасты жаяу өткелдерінің құрылысын ескере отырып, қаланың көше-жол желілерін дамыту бағдарламасына өзгерістер енгізу қажетті деп табылды. Астанада көліктер легін басқарудың зияткерлік жүйесін енгізу жұмыстары басталды. Жеңіл рельсті трамвай құрылысының жобасын жүзеге асыру қолға алынды. Қала әкімдігі жаңа көше-жол желісінің жобасын дайындауға, бұл салаға ең беделді деп саналатын сингапурлық мамандарды тартты. Біртұтас жоба бойынша қала аумағындағы жабдықтау мен кұрылыс салудың өзара сабақтастығын қамтамасыз ететін жағдай қалыптастыру үшін, жергілікті нысандар құрылысының «нүктелік» тәсілінен кварталдар салудың кешенді тәсіліне көшу және оның көп бөлігін бір ғана инвестор-құрылысшыға салдыру мәселесі шешілді. Мұндай кешенді қадамдарға бір мысал ретінде, Астана аумағында салынған, шағын аудандар тұрғындарына қызмет көрсететін әлеуметтік және мәдени-демалыс мақсатындағы «Хай Вилл» және «Гранд Астана» тұрғын үй кешендерін жатқызуға болады.
2007 жылы Астана қаласы Бас жоспарының ғылыми-зерттеу жобалау институты мен «Қазаққала» жобалау институты бірлесіп, әлемдік зерттеулер мен тұжырымдау тәжірибелерін ескере отырып, Астана қаласының жағдайына есептелген қала салу ісін жобалау нормалары дайындалды. Болашақта Астана қаласын дамытудың Бас жоспары мен басқа да қаланы реттеуші құжаттарға түзетулер енгізу, тек қана әлемдік стандарттар мен жергілікті жағдайға сәйкес осы нормативтердің негізінде ғана жүргізілетін болады. Ірі нысандар мен барынша өзекті мәселелерді қарастыру үшін, сондай-ақ Астананы қала салу ісі бойынша дамытудың барынша нәтижелі стратегияларын дайындау үшін 2007 жылы ҚР Президенті жанынан Сәулет кеңесі құрылды. Кеңестің құрамына белгілі қазақстандык сәулетшілермен қатар, бүкіл әлемге танымал сәулет шеберлері тартылды. Бұл іс-шаралар, қадамдар, қағидалар әкім мен Архитектура департаменті жүргізіп отырған жаңа кезеңдегі қала салу саясатына негіз болып қаланды.
Бұл кезеңдегі құрылыстың сәулеттік келбетінің өзіндік өрнегін тек ұйымдастыру-техникалық шаралар мен іс-шаралар ғана айқындаған жоқ, ол 2006 және 2007 жылдары Астананың сәулеттік келбетін қалыптастыруды сапалық жағынан жаңа деңгейге көтерген тың факторлардың пайда болуымен де сипатталады. Осы факторлармен бірге, аттары әлемдік деңгейде танымал сәулетшілер Астанадағы тамаша нысандарды жобалауға белсене қатысты. Қазіргі кезде, әлемдік сәулет шеберлерінің жобалары бойынша басталған нысандар құрылысының жұмыстары әр түрлі сатыда жүзеге асырылып жатыр. Ондай нысандардың қатарына, Бейбітшілік және келісім сарайы (сәулетшісі Фостер); 3500 орындық киноконцерт залы бар нысан (сәулетшісі М.Николлетти); «Ханшатыр» сауда-демалыс кешені (сәулетшісі Фостер); көпқызметті, биіктігі 382 метрлік зәулім қонақ үй кешені (сәулетшісі Фостер); зәулім 216 метрлік қонақ үй-офис нысаны (сәулетшісі К.Кикутаке); 25 мың студентке арналған Университет қалашығы (жобалаушы Аткинс фирмасы); 10 мың тұрғынға арналған «Ботағай» жабық қаласы (Фостер); биіктігі 382 метрлік «Абу Даби Плаза Астана» қонақ үй-офис кешені; хайуанаттар паркі («Rasbach» неміс фирмасының жобасы), т.б. Бірегей сәулетті осы бір ғажап ғимараттар мен құрылыстар әлемдік сәулет туралы ойларды дамытудың негізі деп атауға лайық екені күмәнсіз, олар Қазақстанның жаңа астанасына қайталанбас келбет берері сөзсіз. Осы жылдар ішінде отандық сәулет шеберлерінің жобалары бойынша салынған нысандардың ішінен Министрлер үйін және Еліміздің Бас алаңына хауызды-көгал бульвары жағынан кіре берісті екі бүйірден корғап тұрған алтын түстес конусты қос мұнараны (сәулетші Ш.Матайбеков); Есіл өзені арқылы өтетін көпірді (сәулетшілер: А.Тортаев, А.Чиканаев, Б.Тортаев); Бас алаңның шағын сәулетін жабдықтап безендіруді, көгалдандырылуын; «Бәйтерек» алаңын; Дөңгелек алаңды және хауызды-көгал бульварын («Астанабасжоспар» шығармашылық тобы) атауға болады.
Бауыржан Момышұлы даңғылы мен ондағы көп қабатты жаңа заманға лайық тұрғын үйлер кешені қосылғаннан кейін қаланың оңтүстік-шығыс ауданының сәулеттік келбеті басқаша түрге енді. Астананың оңтүстік және батыс аудандарында сәулеті асқан тамаша тұрғын үйлер бой көтеріп келеді. Өндірістік аймақтарда ірі индустриялық-инновациялық кластер құрылып жатыр. Қазіргі кезде оның аумағында белгілі «Ниссан», «General Elektrik Companu», «Нокиан» компанияларының қатысуымен 23 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Астана жылдан жылға Орталық Азиядағы қуатты ғылыми білім беретін және өндірістік орталыққа айналуда. Бұл кешенді шара барысында инновациялық даму және ғылыми-техникалық кадрларды дайындау мәселелері шешіледі. Қаланың әуе қақпасының Қабанбай батыр даңғылының бойында төбесі көк тіреген тамаша сәулет туындылары бой түзеп келеді. Қала зәулім ғимараттары көкке қол созып, қанаты кеңге жайылып, ерекше серпінмен бой түзеп өзіндік сәулетімен көрерменнің көзін тайдырып, өсу, даму үстінде. Әлемдік сәулет шамшырақтарымен тығыз әріптестік байланыс, бәсекелестік қатынастар орнатудың арқасында, сондай-ақ жаңа инновациялар мен қабылданған бағдарламаларға, даму жоспарларына жедел түрде қажетті түзетулер мен өзгерістерді батыл енгізудің нәтижесінде Астана болашақтың, ХХІ ғасырдың қаласы ретінде жаңа белестерге көтеріліп барады.
Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы