28 Ақпан 2013, 03:18
Қазіргі Астана қаласының өткен тарихында көп сыр жатыр – байтақжатқан Сарыарқаның төрінде құрылған астананың өткен күндері халықтың дәстүрлі өмірімен, өнеге-үлгісімен тікелей сабақтас. Оның беттерінде халықты қынадай қырған ашаршылықтың табы, ел сөзін сөйлеген азаматтардың басына зобалаң тудырған репрессия жылдарының жүрекке мүз болып байланған жан жарасы, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының жарақаты да елес беріп тұрғандай. Кейінгі тың игеру кезеңінде Қазақстанда ондаған ірі зауыттар мен фабрикалар салынды, дала төсін қақ жарып темір жол магистральдары жүргізілді, ірі ауыл шаруашылық кәсіпорындары мен мал шаруашылығы қарқынды дамыды және осы өзгерістер үзіліссіз жалғаса отырып, казақстандықтардың жаңа буын өкілдері қалыптасты.
1998 жылы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана деп өзгертілді. Қаланың Республика орталығында геосаяси тұрғыда тиімді орналасуы; ірі өндірістік әлеуеті; құрылыс индустриясының болашақ дамуына қажетті база; ірі көлік торабында орналасуы мен қажетті көліктік және телекоммуникациялық инфрақұрылымының болуы; жоғары білікті кадрлық әлеуеті мен арзан жұмыс күші; кәсіпкерлікті дамытуға қажетті елеулі жеке сектордың және әлеуметтік мүмкіндіктердің болуы; аймақтың саяси және әлеуметтік тұрақтылығы; қаланы дамытуға қажетті бос жердің болуы және т.б. ел астанасын Алматыдан Сарыарқа төріне көшіруге себеп болған негізгі жағдайлар еді.
Қазіргі Астана аумақтық құрылым ретінде сыртқы және ішкі ресурстардың шоғырлануымен сипатталатын экономикалық дамуының жоғары белсенділігімен ерекшеленеді. Қала имиджі Қазақстан Республикасының имиджімен, оның көшбасшысының имиджімен, қазақстандық даму жолының ерекшеліктерімен және өзіндік сипатымен тығыз байланысты. Қиын кезендердегі ғасырлық артта қалушылықпен, кедейлікпен, экономикалық мешеулікпен күресе отырып, жаркын болашақ үшін әлемнің бәсекеге барынша қабілетті елу елінің қатарына қосылу жолындағы қозғалысы барысында Астана көне заманнан бүгінге жеткен сабақтастықтың бағалы монументі ретінде күннен-күнге көркейіп, гүлдене түсуде. Астана – Қазақстанда кен орындарын, зауыттар мен фабрикаларын қүруға және пайдалануға, ауыл шаруашылығын қайта жаңғыртуға, білім беру, ғылым және мәдениетті дамытуға өз үлесін қосқан кешегі және бүгінгі халықтар достастығының символы; республиканы әлемдік экономикалық кеңістікке ену белсенділігін арттыруының нәтижесі және түрлі формадағы қуатты аймақаралық және халықаралық әр түрлі байланыстарды дамыту деңгейінің барометрі. Міне, Еуразия жүрегінде өрлей дамып отырған бүгінгі Астананың бейне белгісі осындай.
Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы