27 Ақпан 2013, 11:13
Тың жерлерді игеру қала мен облыс тарихындағы жаңа беттерді құрайды. Тың жылдарында саяси, әлеуметтік-экономикалық және демографиялық сипаттағы біркатар өзгерістер жүзеге асты. 1954 жылдың 2 наурызында қалаға Алматыдан алғашқы еріктілердің эшалоны келді, 5 наурызда мәскеулік тың игерушілер келіп жетті. Тек кана 1953 пен 1958 жылдар аралығында Акмола облысына 270 мыңға жуық адам келді. Тың игерушілер Кеңес Одағының әр түкпірінен – Мәскеуден, Ленинградтан, Украина, Эстония, Латвия, Белоруссия, Молдавиядан және т.б. келді. Ақмола облысы бұл жылдары халық мол шоғырланған аймақтың біріне, ауыл шаруашылық машина жасаудың ірі орталығына айналды. Тек қана 1953-1956 ж. облыста 3,5 млн га тың жерлер игерілді. 1958 ж. Ақмола облысы бойынша 221 млн 100 мың пұт дән, оның ішінде, 215 млн пұт бидай жиналды. 1958 жылдың қазанында Ақмола облысы Ленин орденімен марапатталды. Тың және тыңайған жерлерді игерудегі қаһармандық ерліктері үшін В.И. Акуленко, К. Алпысбаев, С.К. Галущак, С.А. Грузинцев, Г.Г. Зубков, Н.В. Карпухин, А.Б. Құсайынов, В.Ф. Макарин және басқалары Социалистік Еңбек Ерлері атағын алды. Тыңның игерілуі қаланың бұдан әрі дамуына ыкпал етті. 1960 ж. 26 желтоқсанда Тың өлкесін құру туралы Жарғы шықты. 1961 жылдың 20 наурызында ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарғысымен Акмола Целиноград қаласы болып өзгертілді. Ал 1961 жылдың 24 сәуіріндегі Жарғымен орталығы Целиноград болған 14 ауданнан тұратын Целиноград облысы құрылды. Бұрынғы Ақмола ауданы Целиноград деп атала бастады. Бір кездегі провинциалдық қалашық тұрғындарының саны бірден өсті. Тың игерушілердің бірқатар бөлігі қалада тұрақтап қалды. Бұл жағдай қала кварталдарын шұғыл қайта жоспарлауды, ал көбіне көп қабатты үйлер салуды қажет етті. Целиноград біртіндеп шикі кірпіштен ірі панельді үйге айналған үлкен құрылыс алаңын елестетті. 1961 жылдың басында тұрғын үй қоры 115 мыңға жуық адам тұратын 600 мың шаршы метрді құрады.
1963 жылдың 6 қарашасында қалада теле-орталық жұмысын бастады. Сол кезде латыш архитекторларының жобасы бойынша салынған Тың игерушілер сарайы бой көтерді. Ол 2 355 орынға есептелді. Масштабы мен жабдықталуы бойынша ол КСРО-да Кремльдегі съездер сарайынан кейінгі екінші ғимарат болып саналды. Алғашқы келушілер мен қонақтарды Жастар үйі, «Есіл» қонақ үйі мен басқа да қонақ үйлер қабылдады. Оның үстіне қаланы саябақпен, жағажаймен және балалар темір жолымен байланыстыратын көпір салынды. Ауыл шаруашылық машиналар («Казахсельмаш», «Целиноградсельмаш»), насос, газ аппаратуралары, шойын қорыту, вагон жөндеу зауыттары, керамикалық комбинаттар және басқа да маңызды өндірістік кәсіпорындар жұмыс істеді. Қаланың әлеуметтік саласы түрленді. 1960-1980 ж. 30 жобалық және ғылыми-зерттеу институттары ашылды, жоғары оқу орындарының саны бірден төртке өсті.
1965 ж. 19 қазанда ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы «Тың өлкесін тарату» туралы Жарлық шығарды. Өлкенің таралуымен бірге аймақтық «Целинный край», «Тың өлкесі», «Молодой целинник» газеттері де жабылды. «Целинный край» газетінің орнына облыстық «Целиноградская правда», «Тың өлкесі» газетінің орнына «Коммунизм нұры» газеттері шығарыла бастады. 70-80-жылдары қаланың архитектуралық келбеті де жаңа сипат ала бастады. Шағын аудандар, кинотеатрлар, Оқушылар сарайы ірге көтерді. 1979 ж. қала жастары Қазақстанда орталығы Ерейментау қаласы болып белгіленген неміс автономиясының құрылуына қарсы шықты. 1986 ж. қала жастары Алматыдағы қазақ жастарының желтоқсан көтерілісін қолдады.
Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы