27 Ақпан 2013, 03:25
Жер бедері
Астана каласы Есіл өзенінің жағалауындағы жазықта және ішінара өзен аңғарында орын тепкен. Аумақтык жер бедері еңісі мен биігі байқалмайтын жазық болып келуімен сипатталады. Мұндағы ойдым-ойдым көлтабандарда ғана қар суы мен көл немесе сорсазда уытты көлшіктер пайда болады. Қала қуаң дала белдеуінде, оның күңгірт қоңыр, қоңыр топырақты, бетегелі-селеулі ішкі қуаң белдеуінде орналасқан. Топырақ жамылғысы біртекті емес, алуан сипатты. Қала орналасқан өңірдің 2/3 аумағын жадағай толқынды, суайырықты жазықтық алып жатыр. Қала аумағының жер бедерінен айтарлықтай еңіс немесе көзге шалынардай өр байқалмайды, мұндағы геморфологиялық бөлшектер бір-біріне ұласа жалғасып кете барады. Жазық Есіл өзеніне қарай аздап еңістеу болып келеді.
Тектоникалық құрылымы, топырағы, өсімдігі мен жануарлар дүниесі
Астана қаласы орналасқан аймақ тектоникалық тұрғыдан алғанда Теңіз ойысының шығыс босағасының (бортының) Сілеті синклинорийінің оңтүстік жалғасымен түйіскен тұсына келеді. Ұлан-байтаққа созылып жатқан Теңіз ойысы өзінің Бірінші мамыр (Первомайск) синклинолды құрылым түріндегі солтүстік-шығыс шеткі бұрышымен Астана қаласы аумағына сұғына кіріп жатыр. Қала орналасқан жердің жер қыртысы фаментурней және визей қатпарының баяу көшкінді девон және тас көмір жыныстарынан қалыптасқан. Жыныстардың литологиялық көрсеткіші әредік мергельді қатпары бар әктас, алевролит, құмдауытты саз және керіштен тұратынын аңғартады. Бұл жыныстардың жер беті қыртысынан көрініп жатқан тұсы Софиев тас жолының бойы. Сілеті синклинорийі ордовик дәуірі жыныстары түрінде көрініс тапқан, бұл Астана аумағынан кездесетін ең байырғы тау жынысы болып табылады. Бұл жыныстар литологиялық тұрғыда шұбар құмтас, кангломерат, алевролит, мөлдір бор тас түрінде кездеседі. Бұл жыныстар қаланың солтүстікке қараған іргесінен ұшырасады. Есіл өзенінің оң жағалауында, қала өңірінде күңгірт қоңыр, қоңыр, сортаңды топырак түрлері тараған, мүнда бетегелі-селеулі және жусанды далалық өсімдік жамылғысы қалыптасқан. Өзен аңғарлары мен көл казан шұңқырларының төңірегінде шалғындық өсімдік басым тараған. Қаланың төменгі тұсындағы сортаң топырақты сол жағалауда куаң далаға тән көкпек-жусанды, ши-бұталы, жантакты, қурай-тікенді өсімдік жамылғысы басым. Астананы қоршап жатқан өзен-көлді, тау-жынысты, орман-қорықты өңірлерде ақбөкен, елік, арқар, сілеусін, қасқыр, түлкі, қарсақ, суыр, борсық, қоян, ақкіс, ондатра, ақ тиін; құстардан: қоқиқаз (Теңіз көлінде), дуадак, шіл, кұр, т.б. мекендейді. Өзен-көлдері балыққа бай. Қорғалжын көлінде жан-жануарға, құсқа бай ірі қорықбар.
Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы