25 Ақпан 2013, 11:58
Целиноград қаласы тұрғындарының саны 1962 жылдан 1980 жылға дейінгі аралықта 130 мыңнан 380 мыңға дейін көбеюі мүмкін деген болжамның негізінде Бас жоспардың авторлары қаланың полицентрлік моделін дайындап, Ақбұлақ пен Есіл өзендерінің құйылысында жаңа жалпықалалық әкімшілік-мәдени орталығын құрудың мақсатқа сай келетінін және оның қажет екенін дәлелдеп берді. Целиноград қаласын дамытудың Бас жоспары, жаңашыл, сондай-ақ сол кездегі жаңа қаланың жоспарлы құрылымын сызықтық-белдеулік дамыту тұжырымдамасының классикалық үлгісі ретінде әлемдік сәулет қоғамдасты-ғының назарына ілікті. Бас жоспарды жүзеге асыру 1963 ж. қала шетіндегі жаңа тұрғын үйлер салына бастаған ықшамауданының құрылуынан басталды. Целиноград қаласында кұрылыс салу сол кезде ең алдыңғы қатарда тұрғанымен, қала салу тәсілдері мен ережелері бойынша оның сәулеттік келбеті көркем мәнерімен аса ерекшелене алған жоқ. Сәулеттік келбеті мен қаланың қала салу шешімі арасындағы мүндай сәйкессіздіктің басты себебі – 1954 ж. КОКП ОК мен Кеңес үкіметі қабылдаған «Архитектурадағы қанағатсыздықпен күрес туралы» Қаулысы бойынша қойылған шектеу болатын. «Көркемдік қанағатсыздықты» пайдалануға тыйым салынуы және типтік жобалау мен индустриалды үй салуға көшу сәулетшілердің композициялық-көркемдік мүмкіндіктерін жарыққа шығарып, әрі қарай дамытуларына кедергі болды, шығармашылық ізденістерінің жолын кесті, сөйтіп нәтижесінде кеңестік қалалардың бір тектес, өзара ұқсас болуына алып келді, соның ішінде, Ақмола да сондай қалалардың біріне айналды. Тұтастай ықшамаудандар мен қала көшелерінің құрылысы көркем өнердің ешқандай ізі жоқ, индустриалды негізде дайындалған бес қабатты панель үйлерден тұрды. Алайда, осыған қарамастан, Целиноградтағы жақсы жабдықталу мен құрылыс салудың айқын карқынын елеусіз қалдыруға болмайды. Қаланың екі басын (бекет маңындағы поселке мен ескі қала арасын) қосып тұрған Бейбітшілік көшесінің бойына тұтастай бес кабатты панель үйлер салынды. Көшенің жүргіншілерге арналған бөлігін жүргізгенде жер табанының қаттылығы, оның отыруы ескерілді. Нығыздалған қиыршық тастың үстінен сапасы жоғары темір-бетонды плиталар төселіп, жолдың берік негізі жасалды да, оның үстінен асфальт төсеніші салынды. Өзге көшелерден Бейбітшілік көшесінің айырмашылығы – жүргіншілерге арналған бөлігі табанының беріктігіне байланысты, қатты аязда жарылмады, сондықтан әрбір қыстан кейін жүргізіліп тұратын ойықтарды қалпына келтіру жұмыстары іс жүзінде мұнда қажет болған жоқ. Бұрын көше бойлай салынған бір типтегі бес қабатты панель үйлердің құрылысын жүргізу кезінде орын алған бірыңғай сипатқа өзгерістер енгізу үшін ленинградтық сәулетшілер белгілі бір қашықтықтан кейін бірнеше шағынбақтар салуды қарастырды. Соның арқасыңда Бейбітшілік көшесінің бойы жасыл желекпен көмкеріліп, көркем келбет қалыптасты. Бұл жылдары жекелеген тораптардың және қала көшелерінің сәулеті мен келбетін қалыптастыруда өзіндік орны жоғары мынадай нысандар салынды: темір жол вокзалы, «Целинэнерго», «Москва» универмагі, «Колос» гастрономы, аэровокзал. Қысқа уақыт ішінде Целиноградтың қала салу ісіндегі өндірістік әлеуеті артты – сауда жабдықтары мен газ аппараттарының зауыты, ет комбинаты, «Казахсельмаш» зауытының эксперименталды цехы, насос зауытының механизм құрастырушы цехы, балық зауыты, нан зауыты және т.б. салынды.
Дереккөзі: АСТАНА энциклопедиясы