Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алтын бесік» журналының бас редакторы
– Қазіргі таңда бүкіл еліміз Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша сан-салалы жұмыстарды қолға алды. Бұл тұрғыда шетел қазақтарының пікір-көзқарастары қалай? Олар Ұлт Көшбасшысының осы стратегиясынан хабардар болып, қызығушылық танытып отыр ма? Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы басшыларының бірі ретінде әңгімеңізді осыдан бастасаңыз.
– Шетелдегі ағайындар Елбасының биылғы Жолдауынан жан-жақты хабардар деп толық сеніммен айта аламын. Ең маңыздысы, олар Жолдаудан хабардар болып қана қоймай, сонымен бірге оны жүзеге асыруға қатысуға ынталы әрі бұған толық мүмкіндіктері де бар. Бұл ретте, тәуелсіздік алған жиырма жылда Қазақстанның қазіргідей биік деңгейге көтерілуіне шетелдегі қазақ диаспорасының да үлкен үлес қосқанын айта кеткен жөн. Мысалы, тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңнің қиын уақытында Қазақстаннан сырт жерлерге бірнеше миллион адам көшіп кетті. Сөйтіп, көптеген елді мекендердің тұрғындары азайып, жұмыс қолы кеміп, экономикамыз құлдырады. Осы қиын жағдайда сырт жерлерден Қазақстанға этникалық қазақтар, яғни оралмандар көптеп келе бастады. Осы үдеріс кезінде Қазақстанға үлкен демеу болды. Демек, шетелдегі ағайындарды болашақта да қолтығымызға тартып, бүкіл халқымызға ортақ мұраттарды бірлесіп жүзеге асыруды жалғастыра беру қажет. Бұл, әсіресе, «Қазақстан – 2050» стратегиясы сынды аса маңызды міндеттерді қолға алғанда айрықша есте болғаны жөн.
Осыған орай Елбасына Қауымдастық төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтың атынан «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асыруға шетелдік қазақтарды да қатыстыру туралы тұжырымдамалық ұсыныстар дайындап, ұсынған едік. Қазір Қазақстан үкіметі осы ұсыныстарды сараптамадан өткізіп, тиісті ақпараттар жинап, жүзеге асырудың мүмкіндіктерін қарастыруда. Демек, болашақта Елбасының Жолдауын жүзеге асыруға шетелдік ағайындар да өздерінің лайықты үлестерін қосады деп сенеміз.
– Соңғы кезде «оралмандар көші мүлдем тоқтатылыпты, бұл жөнінде Үкіметтің қаулысы да шыққан көрінеді» деген әңгіме айтылып жүр. Мұндай жағдайда шетелдегі ағайындар Елбасының Жолдауын жүзеге асыруға қалай қатысады?
– Бұл – жай алыпқашпа сөз, оралман-дар көші тоқтатылған жоқ және тоқтатылмайды да! Бұған Елбасына жолданған ұсыныстарымызға орай, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінен бізге күні кеше ғана келген жауап хат айқын дәлел. Бұл хатта «Оралмандардың 2012 – 2014 жылдарға арналған көшіп келу квотасын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 22 желтоқсандағы №1581 қаулысына сәйкес, оралмандардың 2012-2014 жылдарға арналған көшіп келу квотасы әр күнтізбелік жылға саны 10 мың отбасыдан белгіленген» деп анық көрсетілген. Демек биыл да, келесі жылы да атажұртқа кемінде 50-60 мың қандасы-мыз көшіп келеді деп есептеуге болады. Бірақ сонымен бірге ағайындардың атажұртқа келуі бұрынғыдан әлдеқайда бәсеңдегені де даусыз. Мұндай жағдай, әсіресе, өткен жылы айқын аңғарылды. Бұл кездейсоқтық емес, көштің азаятыны осыдан екі-үш жыл бұрын-ақ айқын байқала бастаған. Оның ең басты себептерінің бірі – көші-қондағы жемқорлық. 2007-2008 жылдардан бастап оралмандарға бөлінген ұшан-теңіз қаржыны неше түрлі алаяқтық жолмен талан-таражға салу кең етек алды. Кезінде біз Қауымдастықтың атынан бұл жөнінде бір емес, бірнеше рет баспасөз бетінде мәселе көтердік. Бірақ оған ешкім көңіл аудармады. Соның салдарынан ақыр соңында бірнеше облыстардағы көші-қон мекемелерінің басшылары мен қосшылары сотталып тынды. Көші-қондағы бүгінгі жағдай – соның «жемісі». Осыған орай Қазақстан Үкіметі қазір көші-қон жұмыстарын ұйымдастыру мәселесін түбегейлі қайта қарап жатыр.
– Көші-қон мәселесімен болашақта қандай мекеме айналысатын болады?
– Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясында «Бізге көші-қон мәселелерін кешенді түрде шешу бойынша ел өңірлеріндегі еңбек нарығына ықпал ететін шаралар қабылдау қажет» деп атап көрсете келе: «Үкімет 2013 жылы көші-қон мәселелерін шешу жөнінде кешенді жоспар әзірлеп, бекітуге тиіс» деп тапсырма берді. Бұл да шетелдегі қазақтарды үлкен үміт пен сенімге бастайды. Көші-қон жөніндегі бұл кешенді жоспарда этникалық көші-қон, яғни оралмандар мәселесіне де айрықша көңіл бөлінеріне күмәнданбаймыз. Бүгінгі таңда көші-қон мәселелері Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерінің құзырына берілген. Бұл мәселе Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 16 қаңтардағы №466 «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жұмысын одан әрі жетілдіру туралы» Жарлығында атап көрсетілген. Осы Жарлықта жоғарыда аталған үш министрліктің халықтың көші-қоны аясындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру жөніндегі міндеттері белгіленген.
Сондай-ақ алдағы уақытта оралмандармен жұмыс жүргізуде біраз жаңалықтар болады деп күтілуде. Әкімшілік реформа шеңберінде көші-қон саласындағы заңнамада көзделген әлеуметтік төлемді белгілеу және атқару, әлеуметтік-тұрғындық бейімдеу, жұмыспен қамтамасыз ету, орналастыру, қабылдауды ұйымдастыру, көшіп келген оралмандарды есепке алу және тіркеу бойынша іске асыру функциялары жергілікті атқарушы органдардың күшімен жүзеге асырылмақшы. Бұл ретте, оралмандарға қатысты негізгі мәселелер «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары мен «Халықтың көші-қоны туралы» заңның аясында іске асырылады.
Бұл жаңалықтар жүзеге асқанда оралмандардың біраз мәселесінің бұрынғыдан әлдеқайда оңай шешілері анық. Алдағы уақытта алыстан келген ағайындар тұрақты тіркелетін жер іздеп әуреге түспейді, квотаға кіреміз деп ауылдан ауданға, облысқа шапқыламайды, оралмандарға бөлінген қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпейді.
– Көші-қон үдерісін тиімді жүргізу үшін бірінші кезекте қандай шаралар қолға алынуы керек деп ойлайсыз?
– Бірінші кезекте этникалық көші-қонды ең алдымен шетелдерде ұйымдастыру қолға алынуы тиіс. Өркениетті елдердің бәрі репатрианттардың (біздіңше айтқанда – оралмандардың) атажұртқа қоныс аударуын осылай ұйымдастырады. Мысалы, Германия, Израиль, Польша елдерінің елшіліктері репатрианттардың алдын ала тізімін жасайды. Ұлтын анықтап, құжаттарын мемлекеттік тілге аударады. Атамекенге барғаннан кейін орналасатын жерін белгілеп, тұратын үйін, істейтін жұмысын анықтайды. Әлеуметтік төлемақылар төлеуді, тіл мен жазуды тегін үйретуді шешеді. Репатрианттар осы мәселелер толық реттелгеннен кейін көшеді.
Бізде бұл жұмыстарды кім атқарады? «Халықтың көші-қоны туралы» заңда этникалық көшті ұйымдастыруды Қазақстанның шетелдегі мекемелері, яғни елшіліктері жүзеге асырады деп көрсетілген. Бірақ бұған әлі күнге не арнайы штат, не қаржы бөлінген емес. Сондықтан да біздің елшіліктеріміз мұндай жұмысты толық жүргізе алмайды. Біздің оралмандар қай жерге баратынын, қайда орналасатынын өздері де білмей, нартәуекелмен шекарадан өтіп, келе салады. Қазақстанға келгеннен кейін де оларға нақты ие болатын, қажетті қамқорлық жасайтын мемлекеттік мекемелер табыла қоймайды. Алдағы уақытта осының бәрі бір жүйеге түседі деп сенеміз. Бұл үшін қазақтар тығыз орналасқан елдердің Ташкент, Нүкіс, Баян-Өлгий, Үрімші сияқты қалаларынан көші-қон мекемелерінің бір-екі адамнан тұратын шағын өкілдіктерін ашу қолға алынғаны жөн.
– Оралмандар «Қазақстан – 2050» стратегиясында көрсетілген міндеттердің қай саласына бірінші кезекте ерекше үлес қоса алады?
– Шетелдегі қазақтар «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы міндеттердің кез келген саласына белсенділікпен ат салыса алады. Қазір Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс деп отырмыз. Елбасы өз Жолдауында бұл мақсатқа жетуде бәсекелестіктің барынша қатал болатынын, соған орай «ұлтымыз жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуға тиіс» екендігін атап көрсетті. Міне, осы мәселеге келгенде ойландыратын біраз жағдай бар. Бұл ретте, әсіресе, біздің экономикалық тайталас пен бәсекелестікке әлі де бейімделе алмай отырғанымызды жасырмау керек. Дүниежүзінің барлық елінде кез келген халық егін егіп, мал өсіретін жері, суы болса – ешкімге алақан жаймай, аянбай жұмыс істеп, күндерін көріп, жақсы өмір сүреді. Біздің Қазақстанда жер де, су да жетеді. Бірақ осы байлықты дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Есесіне «ауылда жұмыс жоқ, жағдайымыз қиын, әкімдер не бітіріп жүр?» деген әңгімелер жиі айтылады.
Шетел қазақтары жұмыс істеуге әлдеқайда бейім. Мысалы, сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында Ауғанстан, Иран және Түркиядан бірнеше мың қазақ отбасы Қазақстанға қоныс аударды. Осы ағайындардың ешқайсысы да «Оралман едік, бізге жағдай жасаңдар» деп ешкімге алақан жайған жоқ. Күні-түні тынбай еңбек етті. Түрлі кәсіппен, шағын саудамен айналысты. Қазір осы ағайындар өздері орналасқан жерлердегі бұрынғы тұрғындардан артық болмаса, кем өмір сүрмейді. Өзбекстан, Қытай, Моңғолиядан келген ағайындар туралы да осыны айтуға болады.
Сондай-ақ «Қазақстан – 2050» стратегиясында қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға байланысты маңызды мәселелер көтерілді. Бұл жөнінен де шетел қазақтарының тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Кешегі кеңес үкіметінің тұсында қазақ тілі Қазақстанның өз ішінен гөрі сырт жерлерде әлдеқайда жақсы сақталды. Сол кезде Қазақстанның Алматыдан бастап үлкенді-кішілі қалалары мен орталық, солтүстік облыстарындағы қазақтардың басым көпшілігі өз ана тілінен безініп, қазақша «аузың қайсы десең, мұрынын көрсететін» жағдайға душар болды. Осындай кезде Өзбекстан, Тәжікстан, Түрiкменстан, Моңғолия, Қытай елдеріндегі сан миллион қазақтар өз ана тілін таза күйінде сақтай білді. Тіпті, Түркия, Иран, Ауғанстан қазақтарының да қазақ тіліне деген көзқарасы біздегіден әлдеқайда жақсы болды. Осы ағайындардың 90-жылдардан бастап атажұртқа жаппай қоныс аударуы – Қазақстандағы қазақ тілінің біржолата тұралап қалмай, қатарға қосылып, қайта дамуына айтарлықтай өз ықпалын тигізді. Шетелдік ағайындардың Қазақстандағы мемлекеттік тілге жасар мұндай ықпалы болашақта да өз маңыздылығын жоймайтыны даусыз.
«Қазақстан-2050» стратегиясында демографиялық жағдай, латын әліпбиіне көшу, ұлттық мәдениет пен ұлттық интеллигенция, оқу-білім мәселелеріне де қатысты көптеген нақты міндеттер белгіленген. Бұл міндеттерді жүзеге асыруға да шетел қазақтарының айтарлықтай үлес қоса алатындығы даусыз.
– «Қазақстан – 2050» стратегиясында ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлінген. Жалпы, бұл саланың еліміз үшін аса маңызды екендігі баршаға мәлім. Соған орай, шетел қазақтарының осы салаға қатысу мүмкіндіктері туралы не айтар едіңіз?
– Бұл сұраққа жауап берместен бұрын мына жағдайға тоқталғым келеді. Қазақстанның жері ұшан-теңіз – ауыл шаруашылығынан мол өнім алып, әлемнің алдыңғы қатарына шығуына толық мүмкіндік бар. Бірақ соған қарамастан, айналдырған 16 миллион халықты азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алмай, едәуір бөлігін сырттан тасимыз. Бұл – адам ұялатын жағдай. Болашақта ең дамыған 30 елдің қатарына кіретініміз рас болса, бұл жағдайды тез арада реттеу қажет. «Қазақстан – 2050» стратегиясында бұл мәселеге де нақты көңіл бөлінген. Елбасы «жер өңдеу мәдениетін өзгерту және жаңа ғылыми-технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді жаңғырту қажет» деп атап көрсетті.
Бұл міндеттерді жүзеге асыруға да шетел қазақтары үлкен үлес қоса алады. Қытай мен Өзбекстанда жер өңдеу мәдениеті барынша дамыған. Мұны сол елде тұратын қазақтар да жақсы игерген. Қытайда жер өңдеуге қажетті шағын техникалар жасау да барынша дамыған. Енді сол қазақтар осы диқаншылық тәжірибесі мен қолда бар техникасын Қазақстанға әкелсе, көп іс тындырар еді. Қазірдің өзінде олардың біразы шағын тракторлары мен басқа да құрал-жабдықтарын Қазақстанға әкеліп, егін егіп, көкөніс өсіріп, өзгелерге үлгі көрсетуде. Бұл ағайындарға Қазақстан тарапынан қандай қолдау жасалуда? Оған нақты жауап қайтару қиын. Керісінше, шекарадағы кеденшілер олардың әкеле жатқан техникалық құрал-жабдықтарына кеден салығын барынша көбейтіп, басқа да тосқауылдар қойып, ойлаған мақсаттарына жетуге кедергі болуда. Егiншiлiктi жақсы меңгерген ағайындардың басым көпшілігі Қазақстанға келгеннен кейін жекеменшікке жер ала алмай, әркімнің қараусыз жатқан бос егістіктерін жалға алып, уақытша жұмыс істеуде. Бұл айтылған мәселелер болашақта ескерілер деп үміттенеміз.
Елбасының «мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді жаңғырту керек» деген тапсырмасы да шетелдегі ағайындар үшін айрықша маңызды. Өйткені Қытай мен Моңғолияда қазақтың ежелгі асылтұқымды төрт түлік малы жақсы сақталған. Осыларды Қазақстанға әкелсек, еліміздің бос жатқан ұлан-байтақ жері малға толар еді. Оралман ағайындар да малды әкелсек деп армандайды. Бірақ ол армандары жүзеге аспай отыр!
– Неге жүзеге аспайды? Моңғолия мен Қытай жағынан тосқауыл болып отыр ма?
– Жоқ, Моңғолия да, Қытай да қарсы емес, керісінше қолдайды. Ал қарсылық – Қазақстан тарапынан. Дәлірек айтқанда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты ветеринарлық қызмет мекемелері «бұл елдерде жұқпалы ауру болуы мүмкін» деген сылтаумен малды шекарадан өткізуге тыйым салған. Бір таңқаларлығы, бізде Америка мен Еуропадан өлі тауық еті мен тірі сиыр тасуға ешқандай кедергі жоқ. Осыдан бір-екі жыл бұрын сол тауықтың етінде улы зат бар екендігі анықталып, Еуропада біраз шу шықты. Жақында ғана Австриядан асылтұқымды деп әкелінген 722 сиырда жұқпалы дерт бар екендігі анықталып, жойылғаны баршаға мәлім. Осыларды көргенде, мемлекеттің ұшан-теңіз қаржысын шығындап, алыстан күмәнді тауық пен ауру сиыр тасығанша, іргедегі елдерден Қазақстанның табиғаты мен ауа райына бейім, өзіміздің төрт түлік малымызды тегін неге әкелмейміз деген сұрақ туады. Кеңес Одағы тұсында Моңғолияның малын Өскемен арқылы жермен айдап әкеліп, Семейдің ет комбинатына өткізетін еді. Сол кезде болмаған жұқпалы ауру енді қайдан шыққан?! Мамандармен сөйлесіп көрдік. Олардың айтуынша, Моңғолия мен Қытайдың малын шекарада бірер ай карантинде ұстап, жақсылап тексеріп, содан кейін өткізе беруге болатын көрінеді.
Осыған орай Қазақстан Үкіметі Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы мал шаруашылығына қатысты тапсырмаларын орындауға кіріскенде, Моңғолия мен Қытайдағы қазақтарды өздерінің ежелгі төрт түлігімен әкелу мәселесін де ойластырса деген тілегіміз бар. Айта кететін тағы бір мәселе – «Қазақстан – 2050» стратегиясында Елбасы «Шекаралас өңірлердің әлеуеті әлі толық ашылған жоқ, оларды өмір сүруге қолайлы ете түсу қажет. Үкімет облыстардың әкімдерімен бірлесіп, 2013 жылы шекарамен шектес аудандарды дамыту жөнінде қосымша шаралар кешенін әзірлеу қажет» деп атап көрсетті. Бұл мәселе де қазақ диаспорасына тікелей қатысты. Өйткені шетелдегі қазақтардың басым көпшілігі Қазақстанмен шекаралас мемлекеттерде орналасқан. Сондықтан да Қазақстанның шекаралас аудандарына айрықша көңіл бөлуі көршілес елдерде тұратын ағайындардың осы өңірге тұрақты қоныс аударуына ерекше жағдай тудыратыны анық. Ендеше, шекарамен шектес аудандарды дамыту жөнінде қосымша шаралар кешенін әзірлегенде, бұл игілікті іске көршілес мемлекеттерде тұратын ағайындарды қатыстыру да ескерілгені жөн.
– Этникалық көші-қон, яғни оралмандар көші туралы біраз әңгіме айттыңыз. Осы жұмыстар жөнінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өз тарапынан қандай іс-шараларды қолға алмақшы?
– Бірден ашып айтайық, көші-қон және оралмандар мәселесімен айналысуға Қауымдастықтың да, Қауымдастық сияқты өзге қоғамдық ұйымдардың да заңнамалық құқы, қаржылық мүмкіндігі жоқ. Өйткені көші-қон бірыңғай мемлекеттік мекемелердің құзырындағы шаруа. Мемлекеттік мекемелердің жұмысына қоғамдық ұйымдардың араласуына заңмен тыйым салынған. Бірақ осыған қарамастан, елімізде «көші-қонмен біз айналысамыз, оралмандар мәселесін біз шешеміз» дейтін қоғамдық ұйымдар көбейіп барады. Олардың көпшілігі Қазақстанға жаңадан келген оралмандарға дұрыс жол көрсетудің орнына, ешқандай заң мен ережеде жоқ, ойдан шығарылған теріс ақпарат берумен айналысады. Қазақстан азаматтығын баяғыда алған, қолында «оралман» екенін дәлелдейтін ешқандай құжаты жоқ кісілерді жинап алып, «сендер оралмансыңдар, сендердің мәселелеріңді біз шешеміз» деп жиналыс өткізіп теріс үгіт жүргізу осының айқын бір көрінісі.Сайлау науқаны жақындаса неше түрлі саяси партиялар да оралмандардың керемет жанашыры болып, орындалмайтын уәделерді үйіп-төгіп беруге кіріседі. Сайлау аяқталған соң ол партиялардың оралмандардың төңірегінен төбесін де көрмейсіз. Мұның бәрі этникалық көші-қон жұмыстарын ұйымдастыруда кейбір түсініспеушіліктерді тудырып, жаңадан келген оралмандарды түрлі шатастыруға ұрындырып жүр.Қауымдастық болса, бұл салада негізінен, алыс-жақын шетелдердегі ағайындардың көші-қон саласындағы өтініш-тілектері мен мұң-мұқтаждарын жинап, бір жүйеге түсіріп, Қазақстанның құзырлы орындарына жеткізіп, олардың заңдық-құқықтық негізде шешілуіне қозғау салып отыруды жүзеге асырады.
– Сонда Қауымдастықтың негізгі жұмысы не? Ол бұдан басқа қандай шаруалармен айналысады?
– Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы – атажұрт пен шетелдегі 5 миллион қазақ диаспорасының арасын жалғастыратын ұйым. Қауымдастықтың негізгі міндеті – шетел қазақтарымен мәдени-рухани, оқу-білім саласында байланыс жасау. Қауымдастық күнделікті жұмысын Елбасының Әлем қазақтарының құрылтайларында белгілеп берген бағыт-бағдары бойынша және Құрылтай шешімі мен өз Жарғысына сүйеніп жүргізеді. Қазір Қауымдастық 30-ға жуық мемлекеттердегі қазақ диаспорасымен нақты байланыс орнатқан. Қауымдастықтың ең басты жұмыстарының бірі – Қазақстанның қол жеткізген табыстарын және Елбасының Қазақстанды ең дамыған мемлекеттердің қатарына қосу жөнінде жүзеге асырып жатқан игі істерін шетелдегі ағайындарға жеткізіп, насихаттап отыру. Сондай-ақ бұл игілікті істер шетелдегі ағайындарға Қауымдастықтың жанынан жарық көретін «Алтын бесік» журналы мен «Туған тіл» альманағы арқылы да дер кезінде жеткізіліп тұрады. Шетелдегі ағайындармен байланысты нығайту үшін Қауымдастық «www.kazaktar.kz» атты вебсайт та ашқан еді. Елбасының биылғы Жолдауының айрықша маңызды екендігін ескере отырып, қазір бұл вебсайттың тақырыптық ауқымы мен мүмкіндігін әлдеқайда кеңейту қолға алынуда.
– Шетелдегі ағайындарды көші-қоннан бөлек және қандай мәселелер толғандырады? Олардың атажұртқа айтар басқа өтініш-тілегі, мұқтаждықтары бар ма?
– Бұл сұраққа да жауапты «Қазақстан- 2050» стратегиясымен байланыстырған дұрыс. Стратегияда ұлттық мәдениетімізді дамыту, ұлттық интеллигенцияның рөлін нығайта беру мәселесі де жан-жақты көтерілген. Бұл да шетел қазақтарына тікелей қатысты. Өйткені қазақ халқының ұлттық мәдениетін қазақстандық немесе шетелдік деп бөлуге болмайды. Жер бетіндегі бүкіл қазақтың ұлттық мәдениеті – ешқандай шекарамен бөлінбейтін біртұтас мәдениет. Қазіргі таңда шетелдерде, оның ішінде, әсіресе, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресей, Иран, Түркия, Түрiкменстанда қазақ халқының ұлттық бай мәдениеті, сапалы білімді ұлттық интеллигенциясы қалыптасқан. Тәуелсіздіктен кейін бұл елдермен мәдени-рухани саладағы байланысымыз да жаңа деңгейге көтерілді. Соның нәтижесінде, елімізге мәдениет пен өнердің жаңа бір тегеурінді толқыны келіп қосылды.
Осы жақсы дәстүр бұдан да әрі жалғаса беруі үшін шетелдердегі Қазақ мәдени орталықтарына тұрақты түрде қамқорлық жасау керек. Өйткені шетел қазақтарының болашақтағы мәдени-рухани жағдайы сол елдердегі Қазақ мәдени орталықтарының жұмысына тікелей байланысты. Егер ол орталықтар неғұрлым жақсы жұмыс істесе, ағайындардың ұлттық-рухани мәселелері де соғұрлым нәтижелі шешіледі. Өркениетті елдер шетелдегі ұлттық мәдени орталықтарына бюджеттен арнайы қаржы бөліп, қолдау жасайды. Мысалы, Ресей соңғы кезде бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуде. Израиль де шетелдегі еврей мәдени орталықтарына нақты қамқорлық көмек көрсетеді. Оңтүстік Корея Алматыдан бір мәдениет үйін сатып алып, Корей мәдени орталығына айналдырды. Германия Қазақстандағы және басқа да елдердегі неміс мәдени орталықтарына осындай көмек беруде. Қытай Халық Республикасы да соңғы уақытта Қазақстанда бірнеше қытай мәдени орталықтарын ашты. Демек Қазақстан Республикасы да алдағы уақытта шетелдердегі Қазақ мәдени орталықтарына осындай қамқорлық жасауды жүйелі түрде қолға алуы керек.
– Көпшілік «Алтын бесік» журналын біле бермейді. Ол туралы да бір-екі ауыз айта кетсеңіз.
– «Алтын бесік» журналы 2002 жылы Әлем қазақтарының III құрылтайына арналып шыққан еді. Шетел қазақтарына арналған бұл басылым содан бері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен үзбей жарық көріп келеді. Басылым, негізінен, Қазақстанның қол жеткізген табыстары мен мәдени-рухани саладағы жаңалықтарын шетелдегі қазақ диаспорасына насихаттауды мақсат етеді. Бұл ретте Елбасының Жолдауына әрқашан айрықша көңіл бөлінеді. Сондай-ақ журналда шетел қазақтары туралы тартымды материалдар тұрақты жарияланады. Шетелдегі ағайындар Қазақстанның басылымдарын жаздыртып ала алмайды, соған орай «Алтын бесікті» алыстағы ағайындарға шетелдегі қазақ мәдени орталықтары мен елшіліктеріміз арқылы тегін таратамыз. Енді алдағы уақытта журналдың электрондық нұсқасын дайындап, интернет жүйесі арқылы таратуды қолға алып отырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Айқын