22 Ақпан 2013, 05:05
Тілге тиек етіліп отырған «Уикипедияда» Дайрабай Ерназарұлы туралы да дерек берілген. Енді соған көз жүгіртейік: «Дайрабай Ерназарұлы (1860, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Атасу өзені бойы – 1937, Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылы) – күйші. Дайрабайдың бойындағы сал-серіге тән мінез-құлық, әншілік-қүйшілік қасиет ата-анасынан дарыған. Дайрабайдың есімі Ақмола, Қараөткел, Қорғалжың төңірегіне жақсы таныс болған. «Шұбартау», «Қараторғай», «Келіншек» деген әндер шығарған. Дайрабай Кебен дейтін баймен бас араздығы салдарынан қуғын көріп, ақыры Қараөткел түрмесіне түседі. 1904 жылы түрмеден қашып шығып, ағайындарымен қоштасып, оңтүстікке бет түзейді. 1937 жылғы репрессия сүргіні басталғанда Дайрабайға «жүйрік атқа, ит жүгіртіп, құс салуға құмар, ән шығарып, күй тартқан, бұрынғы заманның сән-салтанатын жақсы көреді» деген айып тағылады. НКВД-нің қызметкерлері оны тұтқындауға келер алдында ғана әйгілі күйші көз жұмады. «Дайрабай», «Қоштасу», «Қыр», «Сыр», «Сырдың суы», «Шәуілдір», «Әттеген-ай» т.б. күйлері бар. «Дайрабай» күйінің төрт нұсқасы белгілі».
Баршамызға мәлім Д.Ерназарұлы туралы мәліметті берген Ақселеу Сейдімбек болса, Д.Нұрғожаұлы есімді күйші туралы деректі ұсынған – ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Қаратай Биғожин. Д.Ерназарұлының есімі А.Жұбанов, Т.Мерғалиев, С.Бегалин еңбектерінде де атап өтілген. Мәліметтерден көріп отырғанымыздай, екі Дайрабайдың да күйлері көп болған. Бірақ күйші, зерттеушілердің айтуынша, «Дайрабай» күйінен басқасы қазір тартылмайды. Болуы да кәдік. Алайда бүгінге жетпеген, ұмыт болған тәрізді. Сонда қазіргі орындалып жүрген «Дайрабай» күйі қай Дайрабайдікі? Егер тарихымызда үш Дайрабай болған болса, жұрттың көпшілігі бүгінде неге Дайрабай Ерназарұлын ғана біледі? Енді мамандар пікіріне құлақ түріп көрелік:
Мұрат ӘБУҒАЗЫ, күйші, музыкатанушы:
– Әшімтайдың «Қоңырқазы», Әбікен Хасеновтің «Қоңыры» секілді Дайрабай – жалғыз күйімен танылған күйші. Дайрабай туралы дерек мүлдем аз, өте жұмбақ адам. Кей деректер Ақмоланың Қорғалжың аймағында, бірі Жаңаарқаның Атасу деген жерінде туған дейді. Күйінің өзі ерекше. Күйші Арқада туса да, Тәттімбет пен Сүгірдің күйлері секілді бір шекті даралап тартылатын күй емес, желдірме типтес күй. Мұның күйі ре мажорда жүреді, ондай күй Арқаның өзге күйшілерінде жоқ. «Дайрабай» аттас күйдің бір-біріне ұқсамайтын бірнеше нұсқасы бар. Дайрабай күйлерінің қазіргі орындаушысы – Мұхаметжан Тілеуханов. Ол кісі ел арасындағы Қойбағар, Тоқпан деген адамдардан үйреніпті. «Дайрабайдың» бір нұсқасын Мағауия Хамзин, енді бір нұсқасын Әбікен Хасенов те орындаған екен, бірақ бізге жетпеген. Тағы бірі Әпике Әбенованың орындауында пластинкаға жазылған.
Жанғали ЖҮЗБАЙ, күйші, өнер зерттеуші:
– Дайрабай Ерназарұлы 1860 жылы Жаңаарқаның Атасу өзені бойында туған. Жас кезінде істі болып, түрмеге түскен. 1904 жылы Қараөткелдегі түрмеде жатқан. Абақтыдан есебін тауып қашып, Бетпақдаламен оңтүстікке кеткен. Оның өліміне қатысты екі дерек бар. Бірі – 1937 жылы репрессия кезінде қиыншылықтан Шәуілдірде қайтыс болған, ал өлкетанушы ғалым Сүлеймен Тәбірізұлының дерегі бойынша, Созақ көтерілісіне қатысқаны үшін атылған. Дайрабайдың күйді төкпелетіп тартуына Сырдың күйшісі Әлшекейдің әсері қатты болған. Түрмеден қашқанда бірінші барған жері – Сыр бойы. Сондықтан Әлшекейдің күйлерімен стилі бір. Құлағымызға сіңіп кеткен «Дайрабай» күйінің нұсқасы – Мағауия Хамзиндікі.
Айжан БЕРДІБАЕВА, музыкатанушы:
– Дайрабай бір ғана күйімен бізге белгілі. Оқу бағдарламасына енбегендіктен, Дайрабайды жеке оқытпаймыз. Тек Арқа күйшілік мектебімен қосып өтеміз. Оның үстіне, көп зерттелмеген, ол туралы дерек те аз. Ал Дайрабай Нұрғожаұлы туралы естімеппін.
Арғын дайрабай мен алшын дайрабай бір адам емес пе?
Дайрабайға қатысты дәлелді дәйек іздеу барысында белгілі күйші, өнер зерттеуші Жанғали Жүзбайдың «Шертпе күйдің төрт мектебі» атты зерттеу кітабынан мынадай қызықты көзім шалды. Әр мектепті жіліктеп жазған автор Қаратау күйшілік мектебі атты бөлімде: «Арқа күйшілерінің ішінде әуелі Сайдалы сары Тоқа мен Арғын Дайрабайдың (Алшын Дайрабай дейтін де күйші өткен – Жанғали Жүзбай) ықпалы Қаратау күйшілік мәдениетіне көбірек тигені тарихи дәлелді шындық»(21-бет), – деп жазыпты. Дайрабай Ерназарұлының Арғын руының Сармантайынан тарағандығын А.Сейдімбектің «Күй-шежіре» кітабынан білдік. Ал Алшын Дайрабай кім? Жауабын білу ләзім.
Жанғали ЖҮЗБАЙ, күйші, өнер зерттеуші:
– Ел арасында екеуін ажырату үшін, біреуін – Арғын, екіншісін Алшын Дайрабай деген. Алшыны созақтық, ірі күйші болған. Жаңаарқа мен Созақтың арасын аралап жүрген адам. Жазда Қорғалжыңға дейін көшіп жүрген. Бұл Дайрабайдың Арқадағы Дайрабайдан ерекшелігі, сөзшең кісі болыпты. Бір сөзімен бір дауды тоқтатқан адам екен. «Дайрабай айтты» деген әңгіме халық арасында әлі күнге дейін айтылады. Оның күйлері қазір жоғалып кетті. Осы Дайрабайды зерттеп, сұрастырайын деп талаптанып едім, көзін көрген қариялардың барлығы қайтыс болып кетіпті. Ол туралы Созақтың атқамінері болған Есіркеп Өмірбеков есімді азамат жазыпты. Бала күнімізде әкемнің ағасы Сейітхан «Дайрабайдың күйі» деп бір күйлерді тартып отыратын. Тегінде, екі адам аттас болса, бір-бірін жойып жібереді. Арғын Дайрабайдың күйшілігі Алшын Дайрабайдан басым болған соң есте қалған ғой.
А.Сейдімбектің дерегіне сүйенсек, Д.Ерназарұлы да өлең сөзге ағылып тұрған. Шешесі Түйме Арқаға аты әйгілі Тарақты Тұяқ шешеннің қызы екен. Сал-серіге тән бар қасиет бойынан табылған Дайрабай «Шұбартау», «Қараторғай», «Келіншек» деген әндер де шығарған. Демек, екі Дайрабай да сөзге шебер. Жанғали Жүзбай тілге тиек еткен Есіркеп Өмірбековтің «Шежірелі өлке» атты кітабын парақтап отырып, «Дайрабайдың соңғы сөздері» атты шағын ғана естелікке кез болдым. Онда Дайрабайдың күйшілігіне қатысты мәлімет жоқ, тек әзіл-сықаққа жүйріктігі сөз етілген. Тақырыпты әрі қарай дендете келе, А.Сейдімбек пен Е.Өмірбековтің Дайрабайларынан адам аттарына қатысты мынадай дәлдікті таптық.
«Дайрабай қартайып келе жатқан шағында баласы Нұғыман, онан соң қызы Шәрипа өледі. Солардың артынша әйелі Жадыра да қайтыс болады. Үйі қаңырап бос қалады. Ол Түркістан қаласында тұратын інісі Шақабайдың қолына барады. Бар ауырлық Шақабайдың баласы Мадиярға түседі. 1931-1933 жылдардағы ашаршылық Дайрабайды қатты күйзелтеді...» (Е.Өмірбеков «Шежірелі өлке», 257-258-б).
Ал А.Сейдімбектің кітабында былай делінген: «Сармантай ішіндегі дөңгелек қана шаруасы бар Ерназар деген кісіден Дайрабай, Шақабай атты екі ұл туған. Дайрабайдан ұл бала болмаған, Күлтай деген жалғыз қызы бертін келгенше Түркістанда тұрған. Дайрабайдың туған інісі Шақабайдан туған Мадияр, Оспан деген азаматтардың да 60-жылдары Түркістан қаласында тұрғаны жөнінде дерек бар». (Т.Мерғалиев. Домбыра сазы.1972,302-303 б).
Бұған не дейміз? Дайрабай, інісі Шақабай, оның ұлы Мадиярдың атына дейін сәйкестік болуы мүмкін емес. Ж.Жүзбай айтқандай, созақтық күйші «Дайрабайдың күйі» деп Сейітхан ақсақал шертіп отыратыны дәл сол Ерназарұлы Дайрабай күйшінің күйлері болса керек. Бұл Дайрабайдың Алшын емес, Арғын екендігіне Е.Өмірбековтің мына жолдары дәлел: «Бөтен елде жүріп жалғыздық көрмейін» деп Созақ, Шолаққорған қыстақтарына ертерек келіп орналасып алған арғындар болса, соларды іздеп тауып, ағайын болып араласып жүрген. Арғын Аманбай молдамен қалың қатынаста болған».
ТҮЙІН
Дайрабайға қатысты жұмбақтың шешуі осы бір ғана мақаламен шешілмесі анық. Тарихта болған біртуар тұлғалар мен бабадан аманат болып жеткен мұраларды аялау қажеттігі түйінді мәселелердің шешімін табуды қажет етеді. Осы орайда жалғыз күйімен жалпақ жұртты аузына қаратқан Дайрабай тұлғасы әлі де зерттеледі деген сенімдеміз.
Жадыра ЖҰМАКҮЛБАЙ.