19 Ақпан 2013, 11:40
Астанадағы іскерлер мектебі халықаралық қатынастар саласының болашақ мамандарына ағылшын тілінде дәріс беретін болады.
Бұрын сабақ қазақ және орыс тілдерінде жүргізілетін. Іскер жастар кеңесі жобасы елімізде 2 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Мамандық таңдау немесе қабілетіңе қарай еңбек жолын қай кезде де ауыстыруға болады. Мәселен, Нұршат Нұрабаева болашағын ақпараттық технология саласымен байланыстырып, программист мамандығын таңдаған. Алайда, іскерлер мектебіне келіп, мамандығын түбегейлі өзгертті. Ол бірден корей және ағылшын тілдерін меңгеріп, қабілетін сынауға мұхит асып, Кореяға аттанған еді. Талаптыға нұр жауды. Ол қазір Астанадағы Оңтүстік Корея елшілігінде жұмыс істейді.
Нұршат НҰРАБАЕВА, Іскерлер мектебінің түлегі:
- Мысалға «чоң соу хада» деген сөз бар. ол «үйді жинау, жинақтау» деген мағынаны білдіреді. Бізде «шаң сору» деген бар. Яғни, ол да жинау ғой. Сондықтан «чаң соу» мен «шаң сору» өте ұқсас сөздер.
Тілдерден ұқсастық тапқан Нұршат елшіліктегі әріптестерін қазақ тіліне үйретіп жүр. Алғашында әліпбиімізді қиынсынған корейліктер енді «тілді меңгеруге ниет болса болғаны» дейді.
Мәдени-іскерлік байланыстағы елдердің тілін меңгеру - жастардың қызығушылығын арттырады. Іскерлер мектебінде дәріс алу ұзақтығы 2 ай. Жастарға уақытты қалай тиімді пайдалануды, туындаған кикілжіңді мәдениет шеңберінде шешуді үйретеді. Бұнда олар елшілік өкілдерінен арнайы дәріс алады.
Талғат РАХМАНБЕРДІ, Астана қаласы Жастар саясаты жөніндегі бөлім бастығы:
- Жастардың алға қойған мақсаттары бар. Жұмыс табу - қазіргі күнгі мәселелер. Сол мәселелерді шешуге көмектесетін бірден-бір қадам деп есептеймін.
Іскерлік орталығының мәліметтеріне сүйенсек, соңғы 2 жылда 700-ден астам жас арнайы сертификат алып, біліктіліктерін жоғарылатқан.
Пэк ЧУ-ХЕН, Қазақстандағы Оңтүстік Корея елшісі:
- Қазақстанда іскерлік қарым-қатынасты нығайтуға бұл бастама өз септігін тигізеді деп ойлаймын. Болашақ – дарынды, жан-жақты жастардың еншісінде. Қазақстанға білікті мамандар қажет. Іскерлік салада білгенімді бөлісуге дайынмын.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, іскерлер мектебінен дәріс алған жастар өзге саланы таңдаса да, бүгінгі білімдері олардың бәсекеге қабілетті маман болуларына үлесін қосары сөзсіз.