Черкестер — Қазақстанның этникалық тобы. Олардың біразы елімізге соғыс жылдарында және көші-қон уақытында қоныс аударған. Аталмыш ұлт өкілдері – Карачай-Черкес Республикасының байырғы халықтарының бірі. Сондай-ақ олар Ресей Федерациясында, Түркияда, Сирияда, Иорданияда және оңтүстік-батыс Азия мен Солтүстік Африканың басқа елдерінде тұрады. Олардың жалпы саны шамамен төрт миллионнан (2010) асады.
Тарихы
XII-XIII ғасырларда адыгалардың бір бөлігі Терекке қоныс аударды. Мұнда бүкіл Черкессияға таралған Үлкен және Кіші Кабарда княздіктері құрылған болатын. XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында кабардиндер Черкессияға жаппай қоныс аудара бастады. Қазіргі черкестердің қалыптасуына ықпал тағы бір негізгі компонент бесленейлер еді.
Олар туралы алғашқы мәлімет XVI ғасырға тән орыс құжаттарында кездеседі. Батыс адыга топтарының ұрпағы болып саналатын Карачай-Черкес өкілдері 1920 жылдардың басында дербес ұлт ретінде қалыптасты деген пікір бар. Десе де черкестердің түп тамыры 1820-1840 жылдары Кубанға қоныс аударған кабардиндерден тұратын Адыгея халқынан тарайды.
Келесі онжылдықтарда жаңа Адыге халқы — черкес пайда болды. 1922 жылы Карачай-Черкес құрылды. Кейін екіге бөлініп, 1957 жылы қайтадан біріктірілді. Ал 1991 жылы республика болып қайта құрылған болатын.
Өткен ғасырларда адыге дәстүрлі тәрбиесі әлемдегі ең кереметтердің бірі ретінде саналды. Онда аға ұрпаққа берілетін басты байлық – халықтың даналығы еді. XVI-XVIII ғасырларда черкес этикеті бүкіл Кавказда ең дамыған және ең тамашасы болып есептелді. Сол себепті көрші халықтар осы ұлтқа тән ақыл-өнегені бойына сіңіру үшін өз балаларын жіберіп тұрған. Бұған қоса, Қырым хандары мен түрік сұлтандары өз ұлдарын ақсүйек тұқымынан шыққан Адыге отбасыларына жіберуді әдетке айналдырған. Бір кездері Еуропа зерттеушілері бұл халықтың мәдениетіне «Сыпайылық танытудың шектен тыс үлгісі» деп баға беруіс тегін емес болса керек.
Тілі
Черкестер Кавказ тілдес Абхаз-Адыге тобына жататын кабардино-черкес тілінде сөйлейді. Кабардино-черкес тілі кабардиндер мен черкестер үшін бірыңғай әдеби тіл болып саналады. Осы кабардино-черкес тілінде бес диалект бар. Оларға іс жүзінде кабардин, моздок, черкес, бесленей және кубан жатады. Ал мұндағы жазба мәдениет 1923-1924 жылдары латын графикасы негізінде қалыптасқан. 1936 жылдан бастап кириллицаға ауысты.
Мәдениеті
Бұл халықтың фольклоры сан алуан әрі бірнеше бағыттардан тұрады. Олардың қатарында ертегілер, мақал-мәтелдер, әндер, жұмбақтар мен аллегориялар және т.б. бар. Олар барлық мерекелерде мың бұралып би билеуді әдетке айналдырды. Билердің ең танымалы — лезгинка, удж, кафа. Билері сырттай өте әдемі көрінеді әрі терең мағыналы. Черкестерде ешқандай мейрам ұлттық бисіз тойланбайтын. Бұдан өзге олар көпшілік арасында арфа, флейта, гитара сынды музыкалық аспаптарда көбірек ойнайтын.
Ұлттық мерекелер кезінде жастар арасында атқа мінуден түрлі жарыстар өткізілді. Черкестер «Джегу» деп аталатын би кештерін ұйымдастыруды ұнатады. Қыздар мен ұлдар шеңберде тұрып, қолдарын шапалақтаса, ортасында жұптар би билейді. Ал арулар болса музыкалық аспаптарда ойнайды. Ер балалар би билегісі келетін нәзікжандыларды өздері таңдайды. Мұндай кештер жастардың бір-бірімен танысуға, сөйлесуге, және кейіннен отбасын құруға үлкен мүмкіндік беретін.
Черкестердің фольклоры мифтік ертегілер, жануарлар туралы, жұмбақтар деп бірнеше топқа бөлінеді. Черкестердің халық ауыз әдебиетіндегі негізгі жанрлардың біріне батырлық эпостар жатады. Оның негізіне батырлар мен олардың бастан кешкен хикаялары туралы түрлі аңыз-әңгімелер кіреді.
Шаруашылығы
Олардың дәстүрлі кәсібі — шалғайдағы мал шаруашылығы. Шаруалар Кабардин тұқымының жылқыларын өсірумен шұғылданған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы қосалқы рөл атқарған. Дәстүрлі қолөнер мал өнімдерін өңдеумен тікелей байланысты болған. Мата өндірісі, киім тігу өте танымал кәсіп болды. Оған қоса ұсталық ету өнері, қару-жарақ жасау кеңінен таралды.
Черкестер рулық топтардан шыққан (негізінен ауқатты қауымдастықтардан) өзін-өзі басқару органдары бар тәуелсіз «лъэпкъ» ауылдық қауымдастықтарына біріктірілді. Олардың мүшелері барлық мәселелерді халық жиналыстарында дауыс беру құқығы арқылы шешіп отырған. Жүз адамнан тұратын үлкен патриархалды отбасы әрі бірнеше ұрпақты қамтитын отбасы XVIII ғасырға дейін басым болды. Отбасылық қауымдастықтар ішінара XIX ғасырдың соңында қайта жандана бастады. Оларда екі жас некелесетін болса, қыз жаққа қалыңмал төлеуге міндетті болған.
Черкессия ауылдарының көпшілігі XIX ғасырдың екінші жартысында пайда болған. XIX-XX ғасырлардың басында он екі ауыл құрылса, XX ғасырдың жиырмасыншы жылдары бес ауыл қалыптасқан. Тұрғын үйлер көбіне оңтүстік бағытқа қарай салынды. Үй іші бір немесе бірнеше бөлмеден тұрды. Сондай-ақ олар бір-біріне жақын орналасты. Әр бөлменің есіктері аулаға шығатындай етіп салынған. Есік пен терезе арасындағы қабырғаға пеш қойылатын. Оның ішінде қазанды іліп қоюға арналған тірек орнатылған. Қазіргі заманда черкес халқы төртбұрышты көп бөлмелі үйлер тұрғызатын болған.
Тағамдары
Черкес ұлтының дәстүрлі тамағы — бұл суға қайнатылған және майға қуырылған ет пен макарон. Олардың ең сүйікті тағамдарына қой еті, сиыр еті, күркетауық, тауық етінен әзірленген тамақтар жатады. Ет дайындау барысында бірнеше дәмдеуіштер қолданылады. Негізінен көбінесе тұз бен қара бұрыш қосады. Черкес асханасының өзіндік ерекшелігі — кептірілген қой еті. Ет мен ұннан жасалған тағамдарды әсіресе суық мезгілде пайдаланады.
Жаз мезгілінде көбінесе сүт өнімдері мен көкөністерді жиі тұтынады. Ал қыс уақытында ұн мен ет тағамдарына басымдылық берілген. Ең танымалы – қалмақ шайымен (тұз бен кілегей қосылған) тұтынытын қамырдан жасалған қабатты нан. Ал, ең сүйікті тағамдарының біріне тауық еті немесе тұздығы бар күркетауық жатады. Сондай-ақ олар тағамдарға жүгері мен жарманы кеңінен қолданады.
Киім-кешектері
Әлемде кез келген ұлт өзінің ұлттық колориттегі киім-кешектерін заманауи етуге әрі оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге тырысады. Солардың бірі – черкес ұлты. Солтүстік Кавказ көптеген халықтар мен ұлттардың бесігі болып саналған. Кейбір деректерге сүйенсек, ара-тұра соғыс пен қақтығыстарда болып тұрған. Осы соғыстардың нәтижесінде сондай-ақ жақын маңда мекен ететін халықтардың әсерінен әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер уақыт өткен сайын өзгеріп отырған. Егер де бір ұлттың халқы екіншісінен жақсы ғұрыптарын байқаса, соны бірден өздеріе сіңіріп отырған. Осылайша Кавказ мәдениеті қалыптасқан.
Бүгінде көпшілік «адыга фаша» деп атайтын ерекше әдемі киім біздің дәуіріміздің VI ғасырында қалыптаса бастаған. Бұл Византияның қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс келеді. Дәл сол уақытта адыга христиан дінін қабылдаған. Черкес ұлтының ұлттық костюмін қалыптастыру көп уақытта қажет етті. Адыгалардың костюмінің соңғы нұсқасы әлемге XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында көрсетілді.
Солтүстік Кавказдағы жер құрғақ және климаты оңтайлы болғандықтан әлемдік түрлі қауымдастық қазба жұмыстары кезінде табылған заттарды көруге мүмкіндік болды. Табылған заттардың қатарында әйелдер шляпалары, шарфтар, іш киімдер, аяқ киімдер және т.б. бар.
Алғаш рет араб тарихшысы, географы және саяхатшысы Масуди (біздің дәуірімізідің X ғасыры) черкестердің киімдері туралы айтқан. Ол өз жазбаларында былай деп жазған: «Черкестер киімдерін жібек мата мен қызыл барқыттан тігеді. Олар әшекейлердің барлығын алтын жіппен әрлеген». Бүгінгі күнге жеткен бұл киім XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында черкес халқы киген костюмнің прототипі болып келеді. Черкестер темір немесе болаттан жасалған дулығалар қолданған. Ал қолдары жауынгерлік қолғаптармен қорғалған. Бір айта кетерлігі, әскери костюмнің бұл түрі тек феодалдық элитаға қолжетімді болған. Сондай-ақ қару-жарақтар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған. Ер адамдардың сыртқы киімдері черкеска деп аталды. Оның түсі қара қоңыр немесе сұр болды. Ал ұзындығы сәніне тікелей байланысты екен. Әдетте оның ұзындығы тізеден сәл төмен болған. Ал төменгі жағына тік жағасы бар бешпет киген. Бай-бағландар бешпетті қағаз, жібек немесе жұқа жүннен көбінесе ашық түстерден тігеді. Шаруалар үй матасынан кейінірек қағаз матадан тігіп киетін болған. Аяқтарына былғары немесе киізден жасалған аяқ киім және табанның ортасында тігісі бар былғары жұмсақ аяқ киім яғни чувяки кисе, ел билеушілер көбінесе алтынмен кестеленген қызық түсті сафьяндық аяқ киім киетін болған. Бір айтатын жайт, сафяннан жасалған жұқа аяқ киім асыл тектіліктің белгісі саналған. Дәстүрлі ерлер костюмі – черкеска ұзындығы тізеден төмен, кең жеңдері бар. Жауынгер жастағы жас жігіттер қысқа жеңді черкес киген. Бұл әсіресе ұрыс даласында ыңғайлы киім саналған.
Ал әйел адамдар үстеріне көбінесе қызыл немесе қызғылт сары түсті қағаз немесе жібек матадан жасалған ұзын көйлектер мен кафтан киетін. Кафтанның түсі қою қызыл, қара, кейде көк болып өзгеріп тұрады. Оның үстіне черкескаға ұқсас ұзын көйлектер киіледі. Сондай-ақ көйлекті түрлі тігістермен сәндейтін болған. Көздің жауын алатын түрі көйлектер барқыт пен жібек маталардан тігіледі. Оларды алтын тігістермен безендірген. XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында көйлектің жеңдері ұзын, кейінірек қысқа етіп тіге бастаған. Жергілікті әдет-ғұрып бойынша жас әйелдер қалың киім-кешектерді кие алмаған. Олар суықтан қорғану үшін жүн орамалдар таққан.
Бас киім әйел қауымының өмірінің әртүрлі кезеңдеріне қарай түрі формаларда жасалған. Қыздар бастарына орамал тағып тіпті кейде бас киімсіз де жүретін болған. Ал тұрмысқа шыққаннан бастап алғашқы нәрестесін босанғанға дейін алтын қалпақ киеді екен. Кейде бұл қалпақ күміспен де қапталады. Оның пішіні дөңгелек конус тәрізді болып келеді. Черкестерде алтынға қарағанда күмістен жасалған дүниелер көп болған.
Әйелдер қауымы бірінші баласын туғаннан кейін бастарына қара түсті бас киім киген. Олар әрдайым шаштарын орамалдың астына жасырып жүретін болған. Бала туған әйелге көйлек пен орамал сыйлау дәстүрі болған. Жалпы арулардың бас киімінің өзгеруі бала жастан бойжеткен шаққа өту кезеңдерін білдіріп отырған. Ал аяқтарына ерлерге ұқсас сафян немесе былғары аяқ киім киген. Үйлену той сынды салтанатты шараларға көбінесе қызыл түсті аяқ киімдер киетін болған. Сондай-ақ түрлі тап өкілдерін үстеріне киген киімнің түстеріне қарай ажыратып отырған. Қызыл түсті көйлектерді тек ақсүйек тұқымынан шыққан келіншектерге киюге рұқсат етілген.