Чемпиондар мекені: Өзбекстанның Табақсай ауылында дүниеге келген қазақ спортшылары

27 Қазан 2023, 13:37 4058

Өзбекстанның Ташкент облысында Бостандық ауданына қарасты Табақсай деген ауыл бар. Тұмса табиғаты көздің жауын алатындай сұлу жер. Тіпті сарқырамасы мен каньоны да бар. Өзбек халқы бұл мекенді сол әсем табиғаты үшін ерекше жақсы көреді. Ал қазақ үшін Табақсай байырғы өз жеріміз болғаны үшін де, ел намысын асқақтатқан талай чемпионды тәрбиелеп өсірген өңір ретінде де ыстық. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі бүгін сол спортшыларға тоқталып өтуді жөн көрді. 

Әлжан Жармұхамедов

Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы баскетболшы Әлжан Жармұхамедовтің осы ауылдың тумасы екенін көпшілік білетін болар. 1944 жылғы 2 қазанда дүниеге келген Жармұхамедовтің ұлтына қатысты біраз дау болғаны рас. Кейіннен баскетболшының өзі сұхбатында қазақ екенін, Байұлы тайпасының Жаппас руынан шыққанын айтты. Жармұхамедов дүние есігін ашқанда бұл аудан Оңтүстік Қазақстан облысына қарайтын. Арада 12 жыл өткеннен кейін, 1956 жылы Бостандық ауданы Хрущевтің пәрменімен, Исмаил Юсуповтың келісімімен қасындағы Шыршықпен бірге Өзбекстанның еншісіне беріліп кетті.

Әлжан Жармұхамедов 1963-1967 жылдары Өзбек мемлекеттік дене шынықтыру институтында білім алды. Сол жылдары ол Ташкенттің СКА командасының сапында өзінің спорттық мансабын бастады. 1967 жылы КСРО құрамасы құрамына алынып, Еуропа чемпионы атанды. Осыдан кейін Алматының «Буревестник» командасына ауыспақ болған, дегенмен жоспары жүзеге аспайды. Сонан соң 1969 жылы Мәскеудің ЦСКА командасының қатарын толықтырды.

Мәскеу армияшылары сапында өнер көрсетіп жүрген жылдары Әлжан КСРО құрамасы құрамында тағы 1971, 1979 жылдары Еуропа чемпионы болды, 1975 жылы күміс жүлде алды. Ол 1978 жылы әлемнің күміс, 1970 жылы қола жүлдесіне қол жеткізді. Ал 1972 жылы Олимпиада чемпионы атанды, 1976 жылы Ойындардың қола медалін кеудесіне тақты.

Бақыт Сәрсекбаев

Иә, бокстан болашақ Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев Павлодарда дүние есігін ашты. Бірақ ата-анасы Бақытты кішкентай кезінде Табақсай ауылындағы атасы мен әжесінің тәрбиесіне берген, тиісінше бозбала кезге дейін ол Өзбекстанда өмір сүріп, көрші елдің намысын қорғап жүрді. Тіпті 69 келі салмақта өзiне тең келер боксшы жоқ екенiн талай дәлелдеді. Соған қарамастан Афина олимпиадасына өзін емес, Дильшод Махмудовты алып кеткен соң Бақыт атажұртқа оралуды жөн көрді.

Ал араға төрт жыл салып Бейжің олимпиадасында бұл салмақтың көшбасшысы атанды. Осылайша қазақ халқына Олимпиада ойындарының алтын медалін сыйлады.

Сәкен Бибосынов

Бокстан Токио олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов та осы Табақсай ауылының тумасы.

Кейін атамекенге қоныс аудырып, отандық бокстың басты жұлдыздарының біріне айналды.

2019 жылы Екатеринбургте өткен әлем біріншілігінде Сәкен жартылай финалда үнді Амит Пангалға есе жіберіп, қола жүлдегер атанса, 2021 жылы Белградта (Сербия) өткен чемпионатта өзінің теңдессіз екенін дәлелдеді. Бірінші раундта алтынға басты үміткер өзбекстандық Хасанбой Дусматовты ұтса, кейінгі айқастарында да еш қиындықсыз жеңіске жетті. Ал финалда америкалық Роско Хиллдің осал тұсын тапты.

Дәл сол жылы шілдеде Токио олимпиадасында үздік үштіктің қатарынан табылды.

Абиба Әбужақынова

Абиба Әбужақынова өз сұхбатында Сәкен Бибосыновпен және командалас әріптесі Есмигүл Құйыловамен көрші тұрғанын айтқан еді. 1997 жылғы 7 шілдеде Табақсайда туған Абиба дзюдоға 11 жасында қадам басқан. Негізінен жаттығуын Ташкентте өткізген. Кейіннен жалғыз өзі Алматыға кетіп, республикалық спорт колледжіне түсті. Осыдан бастап түрлі жарыстарда бақ сынап келеді.

2021 жылы Бішкекте өткен Азия чемпионатында күміс жүлде иеленсе, 2022 жылы елордамызда өткен құрлық біріншілігінде тағы да финалда ұтылып, күміс медальді мойнына тақты.

2022 жылы Ташкентте өткен әлем біріншілігінде Абиба қола жүлдегер атанды.

Ал 2023 жылы Португалияда өткен Гран-приде жеңіске жетіп, қазақстандық дзюдошы қыздар арасында осы деңгейдегі аламанда топ жарған алғашқы спортшы болды. Ал Қытайдағы Азия ойындарында күміс жүлде еншіледі.

Есмигүл Құйылова

Есмигүл дзюдоға Абибаның арқасында барған екен. Әбужақынова Құйылованы дзюдоға анасынан өзі сұрап алып кеткенін айтқан. Бұл әрекетінің бекер еместігін уақыт көрсетіп отыр.

Жақында ғана Ханчжоуда өткен Азия ойындарында Есмигүл қола жүлдеге қол жеткізді. Небәрі 21 жастағы спортшы қыздың алар асуы әлі алда екеніне сенім мол.

Осылайша шағын ғана ауыл бес бірдей чемпионды тәрбиелеп өсірді. Ол жақта қазақтар әлі де көп. Сондықтан бапкерлер жеңімпаздар "фабрикасына" айналған Табақсайды назарда ұстағаны жөн болар. 

Мадина Асылбекова
Бөлісу: